Бұрынғы министрдің орынбасары Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты

Ерлан Қожағапановтың мәдениет және спорт министрінің орынбасары болған кездегі суреті

Мемлекеттік қызметтегі лауазым өкілетін теріс пайдаланған деген айыппен сотталған бұрынғы мәдениет және спорт министрінің орынбасары, 57 жастағы Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты. Бұл туралы қазақстандық басылымдар жазды.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті сотталған азамат осы уақытқа дейін жазасын осы комитетке қарасты қамау мекемесінде өтегенін, жаза мерзімінің әлі өтелмеген екі айы неғұрлым жеңілірек жаза түріне – айыппұлға ауыстырылғанын хабарлаған.

ҚАЖК азаматқа кесілген жазаның өтелмеген бөлігін жеңілірек жазаға ауыстыру, я шартты түрде мерзімінен бұрын босату және үкімнің орындалуына қатысты өзге де мәселелерді қарау мен тиісті шешім қабылдау сот органдарының айрықша құзыретіне жататынын атап көрсеткен.

Былтыр 19 мамырда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық арнайы соты бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановты "лауазым өкілетін теріс пайдаланғаны" үшін айыпты деп танып, үш жыл мерзімге бостандығынан айырған. Сот үкіміне сәйкес, Қожағапанов мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Ұлттық банкі мен оның құрылымдарында және басқа да мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеуден өмір бойына шеттетілген.

Ол 2024 жылғы наурыздың басында қамауға алынған еді. Тергеу орындары Қожағапанов 2018 жылы Петропавлдағы "Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық әріптестігі форумын" өткізу бойынша коммерциялық ұйыммен келісім-шартқа қол қойғанда сол ұйымның мүддесін көздеген, ал форум өткізу бойынша смета құны екі есе көп көрсетіліп, мемлекет 1 млрд теңгеден көп зиян шеккен деген байлам жасаған.

Ерлан Қожағапанов қамауға алынғанға дейін премьер-министр кеңесшісі, Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары, мәдениет және спорт министрінің орынбасары, оның алдында спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы, Қазақстан футбол федерациясының президенті болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

ҚФФ президенті Қожағапанов "өз еркімен" отставкаға кеттіҚФФ президенті Қожағапанов "уақытша қызметінен кетті"Назарбаевтың жиені назарын футболға аударды