БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті Қаңтар оқиғасы кезінде жақынынан айырылған тоғыз азаматтың шағымын тіркеді. Қаңтар құрбандарының туыстары өмір сүруге және әділ сотқа деген құқықтың бұзылғанын, кісі өлімі бойынша қозғалған істер жабылғанын, ал оқ атқандар жазаланбағанын айтады. Азаттық Азия редакциясы шағымданушылар мен оларға осы шағымды түсіруге көмек көрсеткен құқық қорғау ұйымының өкілімен сөйлесті.
"Ақиқатқа жетеміз деген үміт оянды" дейді Мұрат Әбдірайымов. Ол – өз елінде әділдікке қол жеткізе алмай Адам құқықтары жөніндегі комитетке шағынған тоғыз адамның бірі. Шағынушылардың барлығы 2022 жылы ет-жақынын жерлеген. Сол күндері Әбдірайымовтың тұңғышы – 19 жастағы Нұрболат та қаза тапқан.
БАСҚА ТИГЕН ОҚ
Шымкент политехникалық колледжінің түлегі Нұрболат Алпамыс білім қуып, АҚШ-қа бару үшін ағылшын тілінен емтихан тапсыруға дайындалып жүрген. Ол осылайша дүние кезіп, ақша тауып, ата-анасына көмектескісі келген. Отбасында одан бөлек тағы үш бала болды.
Жас жігіттің өмірін үзген бір ғана оқ.
Шымкентте 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде басына оқ тиіп қаза болған Нұрболат Алпамыс. Отбасы архивіндегі сурет.
2022 жылдың алғашқы күндері Қазақстанның ірі қалаларын үкіметке қарсы акциялар шарпыды. Митингтер елдің батысында сұйытылған газ бағасының күрт өсуіне наразылық ретінде басталып, көп ұзамай басқа өңірлерге тарады. Арты саяси наразылыққа ұласып, кейін тәртіпсіздіктерге айналды.
Толқу миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент қаласына да жетті. 5 қаңтар күні күндіз адамдар қала орталығында бейбіт түрде жиналып: үкіметтің отставкасын, бағаны төмендетуді, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның айналасының саясаттан кетуін талап етті. Кешке қарай жағдай ушығып, адамдар әкімдік терезелеріне тас лақтырып, полиция көліктерін аударды. Күш құрылымдары оқ атты.
Шымкент қаласындағы наразылық. 2022 жылғы 5 қаңтарға қараған түн.
Ресми дерек бойынша, қаладағы барлығы 20 адам қаза тапқан (республика бойынша мерт болғандар саны – 238). Солардың бірі Нұрболат Алпамыс еді.
Нұрболаттың әкесі Мұрат Әбдірайымов оны соңғы рет 5 қаңтар күні түс мезгілінде көрген. Кешке жұмыстан келгенде ұлы орталыққа кеткенін естіген. Сөйтіп әйелі екеуі ұлын іздеуге шыққан. Алаңда адам көп болып, полиция наразыларды тарату үшін көзді ашытатын газ қолданған.
– Қараңғы, кімнің кім екенін білу мүмкін емес. Бір уақытта өткір иіс байқалды. Тынысым тарылғанын сезгенде қаша жөнелдім. Әйеліме онда қалудың мәні жоғын айттым, – дейді Әбдірайымов.
Сол күні Нұрболат табыла қоймаған.
Әкесі оны келесі күні таңертең балалар ауруханасының жан сақтау бөлімінен тапқан. Оқ маңдайына тиген. Жас жігіт ес жимастан көз жұмған.
ЖАБЫЛҒАН ІС
2022 жылғы 6 қаңтарда Шымкент полиция департаменті 20 азаматтың өлімі жөнінде қылмыстық іс қозғаған. Ал 25 қаңтар күні істі қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-тармағы 1-бөлігіне, яғни "Екі немесе одан көп адамды өлтіру" бабына қайта саралаған.
Мұрат Әбдірайымовтың сөзінше, полиция бір айға жуық тергеу барысы туралы хабар айтпаған. Сөйтіп ол құзырлы органға өзі жүгініп, ондағылар әуелі 5 қаңтар күні өлтірілген Нұрболат пен өзге адамдарды "жаппай тәртіпсіздік" бойынша айыптамақ болғанын, бірақ дәлел болмаған соң, ол істі жабуға тура келгенін білген.
Қаңтарда қаза болғандардың туыстары Шымкент әкімдігі алдындағы алаңға жиналып, жақындарын еске алды. Олар қаза болған жақындарының суреттерін ұстап отырды. Шымкент, 31 мамыр 2023 жыл.
Қаңтар оқиғасынан үш ай өткенде істі тағы да қайта саралап, кісі өлтіруден "лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану" бабына (қылмыстық кодекстегі 361-баптың 4-тармағы 3-бөлігі) ауыстырған. Сол жылы 22 желтоқсанда іс жабылды. Шымкент полиция департаментіндегі ішкі қауіпсіздік басқармасының тергеушісі "қылмыстық құрам жоқ" деп тергеуді тоқтату туралы қаулы шығарған.
Қаулыда: "Әкімдік ғимаратын басып алу қаупінің артуын, Шымкент қалалық полиция департаменті қызметкерлерінің, №6506 әскери бөлімінің әскери қызметшілерінің және азаматтық тұлғалардың өмірі мен денсаулығын ескере отырып, қаланың жедел штабы штаттық атыс қаруын қолдануға алқалы түрде санкция берді. Әкімшілік ғимараттарды басып алудың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың денсаулығын сақтау мақсатында шабуыл жасаушыларға оқ ату туралы бұйрық берілді" делінген.
Іс материалдарына қарағанда, қаза тапқан жеті адамның денесінен оқ алынған. Екі жағдайда оқтың қандай қарудан атылғаны анықталған. Қаруды ұстаған күш құрылымдарының қызметкерлері істе куәгер болған. Олар куәлік еткенде "өз өмірін, қоғамдық тәртіпті және азаматтардың денсаулығын қорғау үшін аттық" деп мәлімдеген.
– Полиция менің ұлымды атқанын мойындады, оның басынан 9 миллиметрлік оқ алынды. Қай қарудан атқанын да анықтады. Бірақ тергеу құпиясына сілтеп [кім атқанын] айтпады, – дейді Мұрат Әбдірайымов.
2022 жылы Шымкенттегі Қаңтар оқиғасында қаза тапқан Нұрболат Алпамыстың әкесі Мұрат Әбдірайымов. Шымкент, 3 желтоқсан 2024 жыл.
Қаза тапқандардың туыстары тергеуді қайта ашқызып, өтемақыға қол жеткізу үшін бірнеше жыл күресті. Бірақ одан нәтиже шықпады.
Олар тіпті қала әкімдігі алдында наразылық акциясын өткізіп, жақындарының қазасына кінәлілерді тауып, оларды жазалауды талап еткен. Ол үшін бұлар әкімшілік қамауға да алынды. Мәселен, Мұрат Әбдірайымовтың өзі 10 тәулікке қамалған.
Наразы топ өз талабын үкіметке, президент әкімшілігіне және бас прокуратураға жеткізу үшін Астанаға да барған.
– Төрт жылда не болмады: өзге қалаларға Қаңтарда қаза тапқандардың асына қатысу үшін барғанда қамау да, қорқыту да болды. Қайда жүгінбеді дейсіз: прокуратураға да, бас прокуратураға да, Ақордаға да баруға әрекеттендік, Тоқаев қаңтаршылармен кездессін деп талап еттік. Бірақ ол сол күйі шықпады, кездеспеді. Істі қайта тергеуді, атқандарды жазалауды талап еттік, – дейді Мұрат Әбдірайымов. – Ұлымыздан айырылу біз үшін үлкен қайғы болды. Әйелім түнде ұйықтай алмай, тәбеті қашты. Қанша психологқа бардық...
Қаңтар оқиғасында қаза болғандардың туыстары қала әкімдігінің алдына келіп тұр. Шымкент, 1 тамыз 2023 жыл.
БҰҰ КОМИТЕТІНЕ ЖҮГІНУ
2023 жылғы қыркүйекте "Халықаралық құқықтық бастама" қорының өкілдері қаза тапқандардың туыстарына Шымкент прокуратурасына шағым түсіруге көмектескен. Олар осылайша тергеушінің қылмыстық істі тоқтату туралы қаулысын дауламақ болған. Бірақ прокуратура бас тартқан.
Ал қазан айында олар әуелі тергеу сотына, одан соң қалалық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағым түсірген. Екі инстанция да шағымданушылардың талабын орындаудан бас тартқан.
– Осымен ішкі механизмдер сарқылып, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағым әзірледік. Онда Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 14-бабы 1-тармағы, 2-баптың 3-тармағы және 6-бабының бұзылғанын көрсеттік. Яғни өмір сүру құқығы, әділ сотқа деген құқық және тиімді құқықтық қорғау құралдарына деген құқық бұзылған, – дейді "Халықаралық құқықтық бастама" қорының заңгері Амангелді Шорманбаев.
Шағымданушылар Қаңтар оқиғасында опат болған Нұрлыбек Асылбеков, Бекжан Төленбек, Мейрамбек Шойбеков, Орал Қали, Мейірхан Амангелдиев, Бақытжан Жандар, Бағдат Оңалтаев, Самандар Жүсіпбаев пен Нұрболат Алпамыстың өлімі бойынша қылмыстық істің тоқтатылуын заңсыз деп тануды талап етеді. Қаза тапқандардың туыстары тергеуді қайта бастау кінәлілерді жазалау үшін және отбасыларға келтірілген залал үшін толық әрі қисынды өтемақы беруге қажет шараларды қабылдау үшін қажет дейді. Шағымданушылар: Мұрат Әбдірайымов, Роза Бегімова, Рысты Дәуірбаева, Оралбай Шойбеков, Гүлназ Әбдиева, Гаухар Балқыбекова, Серік Оңалтаев, Сәуле Сәлімбаева және Гүлзифа Ілесова.
Қаңтар оқиғасы кезінде Шымкентте қаза тапқан Мейрамбек Шойбеков туыстарының ортасында. Отбасы мұрағатынан алынған сурет.
Оралбай Шойбековтің сөзінше, БҰҰ-ға жүгіну шарасыздықтан туған. Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған Мейрамбек Шойбековтің әкесі Қазақстанда әділетке қол жеткізе алмағанын айтады. Ол ұлына кім оқ атқанын біледі. Бірақ ол полицейді немесе оның басшыларын жауапқа тарту мүмкін болмаған.
Мейрамбек қаза тапқанда 25 жаста болған. Әкесінің айтуынша, оның ұлы өзгелермен бірге 4 қаңтардан бері бейбіт митинг болған алаңға барып, үйіне қайтып жүрген. 5 қаңтардың кешінде ол кеудесіне оқ тиіп, мерт болған.
– Оқ атады деп ешкім ойламады. Әсіресе әскери оқпен атады деп ешкім күтпеді, – деді Оралбай Шойбеков Азаттық Азияға. – Ол үйден шыққан соң, 21:46-да анасына хабарласқан. Ал 21:52 оны өлтірді. Ол бағдаршам түбінде жолдан өтіп бара жатқан. Сол жерде тиген. Олар (полицейлер) өзін ақтау үшін "әкімдікті қорғай отырып" аттық деді. Бірақ әкімдік қайда, оны өлтірген жер қайда? Арасында 400-500 метрдей біршама қашықтық бар. Сараптамада оқ жоғарыдан төмен қарай кіріп, бесінші мен алтыншы қабырға арасынан өтіп, өкпе мен жүректі тесіп, сегізінші-тоғызыншы қабырға тұсында тоқтағаны көрсетілген. Кейін прокуратурада жұрт тұратын мөлтек ауданға неліктен оқ атылды деген сұрақ туды.
Шымкенттегі үкіметке наразылық пен тәртіпсіздіктен кейінгі көрініс. 5 қаңтар 2022 жыл.
Мейрамбек қаза тапқан сәт видеоға түсіп қалған. Шымкенттегі әкімдік алдына шыққан азаматтық белсенді Қайрат Сұлтанбек сол күні кешке алаңда тұрғанда камерасы қосулы болған.
"Қайсыбір сәтте оқ атылды. Жанымда тұрған жас жігіттің кеудесіне оқ тиіп, ол сол жерде көз жұмды, мен мұның бәрін видеоға жазып алдым" деп жазды Қайрат Сұлтанбек түрмеден жолданған хатында (Белсендінің өзі 2022 жылғы жазда "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен үш жарым жылға бас бостандығынан айырылған. Төрт айдан соң ол амнистияға ілініп, бір жылдан кейін АҚШ-қа көшіп кетті).
Түркістан облысы Мақтаарал ауданында тұратын Оралбай Шойбеков тірегінен айырылғанын айтады. Мейрамбек оған үй шаруасында қолғабыс қылып, жауапты жігіт болған. Үйленіп, отбасы құруды жоспарлап жүрген. Жаңа жыл мерекесінен соң, ол қалыңдығын Шымкентте киноға шақырып, кейін қалада туыстарының үйінде жүре тұруды ұйғарған. Сөйтіп үйіне сол күйі оралмады.
Қаңтар оқиғасында қаза тапқан Мейрамбек Шойбеков.
Қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың туыстарына "Қазақстан халқына" мемлекеттік қорынан 7 млн теңге көлемінде өтемақы төленді. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдар 5 млн теңгеден берді. Бірақ моральдық зиян өтелмеген.
– Моральдық шығынды өндіріп алу үшін сотқа бермек болдық. Бірақ адвокат істе кінәлі тұлғалар жоқ екенін, өйткені оқ атқандар кінәлі деп танылмағанын айтты, – дейді Нұрболат Алпамыстың әкесі Мұрат Әбдірейімов. – Қалай болғанда да жауапкершілік мемлекетте. Президент халыққа оқ атуға бұйрық берді. Шымкентте штабтан бұйрықты әкім беріп, полиция оны орындады. Мемлекет болмаса, онда кім кінәлі? Қазақстанда өлім жазасы жоқ, демек ешкімді өлтіруге болмайды.
БҰҰ ШАҒЫМДЫ ҚАНША УАҚЫТ ҚАРАЙДЫ?
БҰҰ құрылымдарының шағымды қарауы – ұзақ процесс. Жуырда Адам құқықтары жөніндегі комитет азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян бойынша шешім шығарды. Комитет белсенділердің ісінде Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пакт нормалары мен міндеттемелерін бұзды деп тапқан.
Қазақстан соты 2016 жылғы жер реформасына қарсы наразылықтан соң Макс Боқаев пен Талғат Аянды "араздық тудырды", "көрінеу жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу тәртіптерін бұзды" деген айыппен бес жыл түрме жазасын кескен.
Екі белсендінің атынан деген шағым комитетке Халықаралық азаптауға қарсы ұйым, "Қадір-Қасиет" қоғамдық қоры мен Қазақстанның адам құқықтары және заң үстемдігі жөніндегі халықаралық бюросы арқылы 2018 жылғы қыркүйекте берілген. Іс жеті жылдан астам уақыт бойы қаралды. Макс Боқаев пен Талғат Аян әлдеқашан бостандыққа шыққан. Астана БҰҰ ұсынысын ескеріп, өтемақы төлей ме, жоқ па – белгісіз.
Амангелді Шорманбаевтың айтуынша, Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі Covid індетіне бола созылып кеткен. Ал Қаңтар құрбандары жайлы шағым жылдамырақ қаралуы ықтимал. Қаңтаршылардың шағымы 2024 жылы берілген. Оның тіркелуіне екі жылға жуық уақыт кетті.
– Не істейміз, күтуге тура келеді. Бірақ қол қусырып отырмаймыз. Прокуратураға қабылдауға жазылдым. Тергеуді қайта бастауды, кінәлілерді жазалауды одан әрі де талап ете беремін. БҰҰ-ға неліктен жүгіндік? Өйткені бірталай жыл өтсе де, өз елімізден әділдік таба алмадық, – дейді Оралбай Шойбеков.
– Күту керек болса, күтеміз. Басқа амал жоқ, – дейді Мұрат Әбдірайымов.
Шымкент қаласындағы наразылық. 2022 жылғы 5 қаңтарға қараған түн.
Қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис БҰҰ-ға жүгіну Қазақстанды ұстанымын қайта қарауға итермелеу тұрғысынан тиімсіз екенін, бірақ мұндай шағымның құқық бұзылғанын мойындау тұрғысынан моральдық мәні бар екенін айтады.
Қазақстанда БҰҰ Адам құқығы жөніндегі комитетінің шешімдерін орындауды міндеттейтін заң жоқ. Ал 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа конституцияда халықаралық құқық ұлттық заңнамадан басым түседі деген норма алынып тасталған.
– Қазақстан бұл комитеттің шешімдерін бұрын да мойындамайтын. Бұл шешімдерді орындауға міндетті емес ұсыныс сипатындағы шешімдер деп санайды. Қазақстан бойынша шағымданушылардың пайдасына 70-тен астам шешім шыққан. Соның ішінде БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитеті шығарған екі шешім ғана ішінара орындалды: адамдарға өтемақы төленді. Қалған жағдайларда құқықты қалпына келтіру бола қойған жоқ. Оның үстіне, бұл шешімдер қылмыстық істерді қайта қарауға негіз бола алмайды, өйткені Қазақстан соттары әрдайым дерлік бұдан бас тартады. Бірақ бұл шағымдардың моральдық тұрғыда маңызы бар. Олар мемлекет азаматтық-саяси пактіде көрсетілген адам құқығын бұзғанын растайды, – дейді Жовтис.
Шымкенттік қаңтаршылар түсірген шағым – Қаңтар бойынша БҰҰ тіркеген алғашқы, әрі әзірге жалғыз шағым.