Чернобыльдағы жаңа электр станциясы

Күннен қуат алатын электр станциясының желісін құрастырып жатқан жұмысшылар. Олардың арғы жағында алыстан көрініп тұрған - 1986 жылы апат болған ядролық реактордың мұнарасы. Чернобыль атом электр станциясы адамзат тарихындағы ең ірі ядролық апат болған нысан ретінде белгілі.

Жаңа станцияда Күннен қуат алатын 3800 панель болады. Жобаны атқарып жатқан украин-неміс бірлескен компаниясы 10 қаңтарды France-Press (AFP) агенттігіне болашақта жаңа электр станциясы өндіретін электр қуаты ірі ауылды немесе 2 мың тұтынушыны қамтамасыз ете алады деп хабарлады.

Жобаны жүзеге асырушы компания қаңтар айында құны 1,2 миллион доллар тұратын жаңа қуат станциясы "бірнеше аптаның ішінде іске қосылады" деп мәлімдеген. 

Чернобыль атом электр станциясынан үш шақырым жердегі Припять қаласында ешкім тұрмайды. 1986 жылғы апаттан соң аумағы Люксембургпен бірдей аймақ өмір сүруге қауіпті және ауыл шаруашылығына пайдалануға жарамсыз деп танылған.

Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарынан зардап шеккен Беларусь 2016 жылы күннен қуат алатын жаңа электр станциясын ашқан. Бұл бастама қауіпті аймақта жасыл энергияны пайдалану мүмкіндігі барын көрсетті.

Апат болған аймақта радиациядан уланған жерді қазуға және бұрғылауға тыйым салынған. Жаңа күн панельдері бетоннан жасалған тұғырларға орнатылады.

Бұл аймақта бұрыннан қалған электр желілері инфрақұрылымы бар. Кезінде ядролық реакторларда өндірілген қуат осы желілер арқылы жақын маңдағы қалаларға тарайтын.

Чернобыль аймағына инвестиция салу мүмкіндіктері туралы хабарлар жиі айтылып жүр. Украина үкіметі баспасөз қызметінің AFP агентігіне хабарлауынша, аталған аймақта күннен қуат алатын станциялар орнатуға қатысуға ниет білдірген шетелдік компаниялар Киевке 60-қа жуық ұсыныс жасаған.