АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігі (NSA) ішкі байланыс үшін пайдаланатын аса құпия желінің жұмысында ақау пайда болды. Бұл жөнінде сейсенбі күні CNN жағдайдан хабардар алты дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
CNN мәліметінше, агенттік мамандары ақаудың ауқымын анықтауға тырысып жатыр. Әзірге кибершабуылға меңзейтін ешқандай белгі жоқ.
Reuters пен AFP агенттіктерінің хабарлауынша, NSA ақпарат агенттіктерінің сауалдарына әзірге жауап бермеген. Reuters ақаудың қаншалықты аумақты қамтығанын және қанша уақытқа созылғанын да анықтай алмаған.
CNN жазуынша, NSA Net деп аталатын жүйе АҚШ-тың негізгі барлау мекемелерінің біріндегі қызметкерлерге ұйым ішінде құпия ақпарат алмасуға мүмкіндік береді.
Бұл жағдай АҚШ-та өткен аптада болған және алаңдаушылық туғызған бірқатар техникалық ақаулардан кейін болып отыр. Ол кезде әуе қозғалысын басқару жүйесінде іркіліс пайда болып, елдегі барлық әуе рейстері бірнеше сағатқа тоқтатылған еді. Бұдан бөлек, Microsoft жүйесіндегі ақау салдарынан әлем бойынша Outlook пен Teams қолданушылары қиындыққа тап болған.
Сейсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп мұндай ақаулардың болуы заңды екенін айтты.
«Ондай жағдайлар болып тұрады, ештеңе етпейді» деді Трамп Манилада журналистерге.
Трамп әкімшілігі әуе қатынасы жүйесіндегі ақауды байланыс кабеліндегі жұмыстардың сапасыз орындалуымен байланыстырған.