Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Қазақстанның жаңа заң шығарушы жоғарғы билік органы – Құрылтайды журналистердің парламент ғимаратындағы жұмысын және саясаткерлерге сұрақ қою мүмкіндігін шектейтін жаңа ережелерді алып тастауға шақырды.
23 тамызда өткен сайлаудың ресми қортындысына сәйкес, партиялық тізім бойынша 145 депутат сайланған бір палаталы Құрылтайдың бірінші сессиясы 28 тамызда ашылған. Құрылтайдың алғашқы жұмыс күнінен-ақ БАҚ өкілдері жұмысында қиындыққа тап болғанын хабарлаған.
2 қыркүйектегі Құрылтай әкімшілік кеңсесі басшысының орынбасары Болат Кальянбеков жаңа ережелер бойынша журналистерге депутаттарға тек баспасөз орталығындағы жоспарланған брифингтерде нақты күн тәртібіне байланысты сұрақтар қоюға рұқсат етілетінін Facebook-парағына жазды. Бұрын аккредиттелген журналистер депутаттармен ғимарат дәлізінде еркін сөйлесе алатын.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаталы парламент құруды демократияландырудың бір бөлігі деп атады. Бірақ тамыз айындағы парламент сайлауына дейінгі БАҚ-қа қысым жасаудан кейін енгізілген бұл жаңа шектеулер қазақстандық журналистердің жағдайының тез нашарлап бара жатқанының тағы бір белгісі, – деді CPJ ұйымының Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша директоры Фиона О'Брайен. – Журналистер саясаткерлерге сұрақ қойып, олардан жауап алуға еркін болуы керек; бұл бақылаушы рөлі демократияда өте маңызды және Қазақстанның жаңа парламенті оған құрметпен қарауы және оны шектейтін кез келген ережені алып тастауы керек".
CPJ мәлімдемесінде төрт жергілікті құқық қорғаушы ұйым журналистер жұмысын шектейтін өзгерістерге алаңдаушылық білдіріп, журналистерге "отырыстан кейін парламент мүшесіне тезірек жолығып, оған мәселені нақтылайтын немесе қолайсыз сұрақ қою я көкейкесті тақырып бойынша түсініктеме алу демократиялық парламенттегі БАҚ үшін қалыпты тәжірибе саналады" деп айтқанын келтірген.
CPJ бұған дейін сегіз жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымы тамызда Құрылтай сайлауы қарсаңында журналистерге қысым күшейгеніне байланысты дабыл қаққанын, дауыс беруге дейінгі кезеңде Қазақстанда бес журналист түрлі айыптармен жауапқа тартылғанын, тағы екеуіне қарсы іс қозғалғанын атап жазған.
Халықаралық ұйым журналистердің құқығын шектейтін жаңа тәртіп тілшілерді аккредиттеу жөніндегі қолданыстағы ережелерде я Қазақстан парламентіндегі БАҚ жұмысын реттейтін өзге ресми құжаттарда бекітілмегенін атап көрсеткен. CPJ журналистер жұмысын шектейтін кез келген ереже заңның нақты бабына негізделуге тиіс екенін айтқан.
CPJ Құрылтай аппаратына журналистердің парламентте жұмыс істеу тәртібін түсіндіруді сұрап, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі арқылы жолдаған сауалға әлі жауап алмағанын жазған.
Сейсенбі күні жергілікті БАҚ Құрылтай бюросы жаңа ережелерді бекіткенін, бірақ әзірге оның толық мәтіні жарияланбағанын хабарлады.