Фантастикалы статистика. Қырымда қанша турист демалған?

Қырым мен Херсон облысының шекарасы.

Қырым билігінің есебінше, 2018 жылы Украинаның құрлықтық бөлігінде бір миллиондай адам демалады. Бірақ бұл статистикамен келіспейтіндер де бар.

Қырым парламентінің шипажай-курорт кешені және туризм комитетінің басшысы Алексей Черняктің есебінше, 2018 жылы Украинаның құрлық бөлігінен бір миллиондай адам Қырымда демалады. Мысалы, ол "Қырымда демалғысы келетін украиналықтардың күрт көбеюіне байланысты Украина жақтағы шекарада сағаттап кезек күткен адамдар легі байқалады" деді.

Украинаның құрлық бөлігі тұрғындары демалу үшін Қырымға, шынымен, жиі бара бастады ма? Керчь бұғазы үстіне салынған көпір іске қосылғаннан кейін Қырымға барып жатқан туристер қарасы көбейді ме? Түбек қонақүйлері 2018 жылғы жаздың алғашқы айын қандай көрсеткіштермен аяқтады? Азаттықтың Украина қызметінің Крым.Реалии жобасының қонақтары мен сарапшылар осы және өзге де сұрақтарға жауап берді.

Украина мемлекеттік шекара қызметі спикері Олег Слободян ресейлік шенеуніктердің болжамы мен есебін жоққа шығарды.

– Мынау фантастикаға жуық болжам екен. Ал сандарға жүгінсек, өзге жағдайды көреміз. Жолаушылар легі жылдан жылға, оның ішінде жаз маусымында да үздіксіз азайып бара жатқанын байқап отырмыз. Уақытша оккупацияланған Қырыммен шектесетін әкімшілік шекарадан өткен адамдарды жуырда ғана санаған болатынбыз. Шекарадан өткендер саны 2017 жылғы маусым айына қарағанда, биыл маусымда алты пайызға аз болып шықты. Азаю тенденциясы тоқтаған жоқ, сондықтан елдің ішкі аймақтарында тұратын украиналықтар демалу үшін оккупацияланған Қырымға көптеп барып жатыр деуге ешқандай негіз жоқ. Әкімшілік шекарадан өтетіндердің көбі Херсон облысы мен түбек тұрғындары, ал Украинаның өзге аймақтарынан өтіп жатқан адам қарасы байқалмайды. Бір жылда әкімшілік шекарадан шамамен үш миллион адам өткен. Әрі олардың көбі - шекара маңындағы аудандарда тұратын әрі гуманитарлық мақсатта түбекке баруға мәжбүр адамдар, - дейді ол.

Олег Слободян

Алексей Черняктің "биыл түбекте қазірдің өзінде бір жарым миллион турист демалды" деген мәлімдемесіне "Курортты Қырым" қоғамдық ұйымы төрағасы, kurortexpert.com сайтын құрған Александр Бурдонов та сенбейді.

–Туристерді жолаушылар легі бойынша санау онша жетілдірілмеген тәсіл екенін олардың өздері де мойындайды. Ал өзге әдістерді пайдалана алмайды немесе пайдаланғысы келмейді. Шын мәнінде, туристер санын есептеп шығарудың еш қиындығы жоқ. Ол үшін түбекке кіргендердің арасында тура шекарада сауалнама жүргізсе болды. Туристер пайызы шыға келеді. Мұндай әдіске жүгініп едік, біздегі сан кем шықты. Егер аптасына тым болмаса бір рет осы тәсіл бойынша мониторинг жүргізсе, шындыққа жанасатын дерек алуға болады. Ал Қырымда демалу бағасына келсек, қонақүйлердің көбі "бағаны өзгерткен жоқпыз, былтырғы деңгейде қалдырдық" деп мәлімдеген. Ал жылдар бойы біз жүргізген сауалнамаларға сүйенсек, лагерьде демалған балаларды, VIP-туристерді қоса есептегенде, әр турист түбекте шамамен 500 доллар, яғни 30 мың рубль қалдырады екен. Ал Түркия ресейлік туристер 1000 доллардай қалдырады деген дерек жариялап еді ғой. Ал ол жақта демалу пакеттері Қырымға қарағанда арзандау, - дейді Бурдонов.

Украиналық "Туризмді дамыту орталығы" директоры Владимир Царуктың айтуынша, Қырымға барып жатқан туристер саны бойынша шынайы статистиканы есептеп шығарудың бұдан гөрі оңтайлы тәсілі бар.

– Егер таныстарына, туыстарына барған адамдарды турист деп санайтын болсақ, онда шенеуніктер атаған сандар дәл шығады. Бірақ ресейліктер туристерді Еуропадағыдай санамайды. Олар қонақүйге түнегендерді емес, әкімшілік шекарадан өткендерді санайды. Жұрттың бәрін "турист" деп атай берсек, олардың санын алты, тіпті 10 миллионға жеткізуге болады. Отель, шағын қонақүйлерге орналасқан адам саны туралы дұрыс статистика болмай, нақты статистиканы өзгерте беруге болады. Қазір Қырым аудандары бойынша бізде деректер жоқ. Жұрттың қайда барып жатқанын топшылауға ғана болады. Қазір Украинада ұялы байланыстың көмегімен өзге аймақтардан келгендерді абоненттердің саны бойынша есептей бастады. Бірақ ресейліктер мұндай тәсілді Қырымда пайдаланбайды. Негізі, түбек жағажайы бар курорт ретінде ғана көрсетілмеуі тиіс. Өйткені бұл жағынан ол Түркиямен бәсекелеса алмайды. Қырым - экскурсияға, емделуге қолайлы жер, - дейді Царук.

("Крым.Реалии" сайтының мақаласы орысшадан аударылды)