Экс-министр Бейсембаев журналист Бажкеновадан бұған дейін жазғанын терістеуді талап етті

Журналист, Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкенова

7 қазанда Алматының Бостандық аудандық соты Қазақстанның бұрынғы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың үстінен берген арызды қарауға кірісті. Бейсембаев Бажкеновадан бұған дейін жарияланған екі материалдағы ақпаратты терістеуді және өзінің кәсіби қызметі туралы хабарлама жариялауды талап етіп отыр.

Бейсембаев өзінің бұрынғы сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен "туыстық қатынасы" бар деген ақпаратты Бажкенова таратты деп, журналистен моральдық зиян ретінде 20 млн теңге өндіріп беруді сұраған.

Ғани Бейсембаев 2023 жылғы 4 қаңтардан 2025 жылғы 29 қыркүйекке дейін оқу-ағарту министрі, ал Мұрат Нұртілеу 2024 жылғы сәуірден 2025 жылғы қыркүйекке дейін сыртқы істер министрі болған. 2025 жылдың күзінен бері Нұртілеу президенттің халықаралық инвестициялық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі көмекшісі қызметін атқарады.

Сәрсенбі күні өткен сот отырысында талапкердің өкілі Юлия Әбжанова медиация аясындағы жаңа талаптарды жариялады. Оның айтуынша, Бажкенова Instagram және Facebook желілерінде жарияланған екі материалдағы мәліметтерді терістеуі, 1 млн теңге өтемақы төлеуі және бұл соманы кешіктірген жағдайда өсімпұл төлеуі тиіс. Экс-министр сот отырысына қатысқан жоқ.

Сондай-ақ талапкер жауапкердің өзі және оның әріптестері бұдан былай экс-министр туралы материал жарияламауын, сондай-ақ оның кәсіби қызметі жөнінде басқа бір басылымдарда мақалалар жариялануын ұйымдастыруын талап еткен.

Судья Айдар Өтебеков бұл талаптардың бір бөлігі медиациялық келісім аясынан шығатынын айтты. Ол Бажкеноваға бұған дейін қылмыстық іс бойынша шығарылған үкімде оған журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынғанын еске салды.

Бажкенованың адвокаты Елдар Мұсаев талаптарға қарсы емес екенін, алайда оларды орындауға техникалық кедергілер барын мәлімдеді. Оның айтуынша, журналистің телефоны тәркіленген, ал Facebook аккаунты мен телефон нөмірі бұғатталған. Сондықтан терістеу мәтінін әзірлеу және оны жариялау тәсілін келісу үшін қосымша уақыт қажет болмақ.

Сот тараптарға келісім шарттарын дайындауға уақыт беріп, келесі отырысты 19 қазанға белгіледі.

Биыл шілде айында Бажкенова бұрынғы министрлер арасында туыстық байланыс бар болуы мүмкін екені жайлы ақпарат жариялағаны үшін жала жабу бабымен қозғалған әкімшілік іс бойынша айыпты деп танылып, сот оған 778 мың теңге айыппұл салған.

18 тамызда Алматының Бостандық аудандық соты Қылмыстық кодекстің көрінеу жалған ақпарат тарату, сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе жымқыру және заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу сынды үш бабы бойынша айып тағылған Бажкенованы кінәлі деп танып, оны сегіз жылға бостандығынан айырған. Сот оның кәмелетке толмаған баласы барын ескеріп, Бажкенова жаза өтеу мерзімін екі жылдан кейін бастайды деп белгілеген. Бұған қоса оған медиа мен өзге де құралдарда мақала жариялауға тыйым салды. Бажкенова тағылған айыптарды мойындаған жоқ.

22 қыркүйекте апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды. Қорғау тарапы ол шешімге қарсы шағым түсіретінін мәлімдеді.

Журналист Гүлнәр Бажкенова әр жылдары бірнеше медиажобаны басқарған. Үстінен қылмыстық іс қозғалғанға дейін ол Orda.kz интернет-басылымының бас редакторы болып істеді.

31 тамызда Orda.kz редакциясы жұмысын тоқтататынын жариялаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Апелляция соты журналист Гүлнәр Бажкенованың үкімін күшінде қалдырдыЖурналистерді қорғау комитеті Гүлнәр Бажкеноваға шығарылған үкімді айыптадыСот Гүлнәр Бажкеноваға 8 жыл кесіп, журналистикамен айналысу құқығынан бес жылға айырдыАлматыда Гүлнәр Бажкенованың соты қалай өтіп жатыр? Гүлнәр Бажкенова: Бес адвокаттан мені сотта қорғауын сұрадым, бәрі бас тартты