Accessibility links

Апелляция соты журналист Гүлнәр Бажкенованың үкімін күшінде қалдырды

Журналист Гүлнәр Бажкенова
Журналист Гүлнәр Бажкенова

22 қыркүйекте Алматы қалалық соты Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнәр (Гүлшат) Бажкенованың бірінші сатыдағы сот үкіміне қарсы берген апелляциялық шағымын қарап, үкімді күшінде қалдырды.

18 тамызда Алматының Бостандық аудандық соты Қылмыстық кодекстің көрінеу жалған ақпарат тарату, сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе жымқыру және заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу сынды үш бабы бойынша айып тағылған Бажкенованы кінәлі деп танып, оны сегіз жылға бостандығынан айырған.

Журналистің 14 жасқа толмаған баласы барын ескерген сот үкімнің орындалуын екі жылға кейінге қалдырған. Сот бұған қоса Бажкеноваға журналистикамен, блог жүргізумен, қоғамдық белсенділікпен айналысуға және БАҚ-пен байланысты ұйымдарда басшы лауазым атқаруға бес жылға тыйым салған.

Өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған Бажкенова редакция тәуелсіздігі мен кәсіби қағидаттарын қорғағаны үшін қудалауға түскенін мәлімдеген.

Сейсенбі күні оның апелляциялық шағымын қараған сот отырысында қорғанушы тарап бірінші сатыдағы соттың үкіміне келіспейтіні жайлы уәж айтты.

"Журналисті жаман жаңалықтар жеткізгені, жол дайын емес деп айтқаны үшін жазалауға болмайды" деді Бажкенова Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша өзіне тағылған айыптауларға байланысты сөзінде.

Айыптаушы тарап соттан бірінші сатыдағы сот шығарған үкімді өзгертпеуді сұрады. Бұдан кейін кеңесу бөлмесіне кеткен судья біршама уақыттан соң оралып, Бостандық аудандық сотының үкімі күшінде қалатынын жариялады.

Гүлнәр Бажкенова ұсталардан және редакцияда тінту жүргізілерден бұрын Orda.kz сол кездегі сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ұсталды деген расталмаған ақпарат жариялаған, ал Бажкенованың өзі Kaspi Bank-ті өзінің жеке мәліметтері мен басылымның деректерін заңсыз өзгертті деп айыптап, наразылық акциясын өткізген.

Бажкеноваға сот үкімі шыққан соң көп ұзамай Orda.kz басылымы жабылатынын мәлімдеді.

Журналистерді қорғау комитеті (CPJ), Human Rights Watch (HRW), International Partnership for Human Rights (IPHR) және басқа да халықаралық құқық қорғау ұйымдары Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторына шығарылған үкімді Қазақстандағы "баспасөз еркіндігіне жасалған соққы" деп атап, журналисті босатуға және оған тағылған айыптарды алып тастауға шақырған.

Айдар
XS
SM
MD
LG