"ЖЕТІ АЙДА 15 МИНУТТЕН ЕКІ-АҚ РЕТ ЖАУАП АЛДЫ"
2 шілде күні Алматының №2 Бостандық аудандық сотында Orda.kz сайтының негізін қалаушы әрі бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот басталды. Былтырғы желтоқсанның басынан бері үйқамақта отырған Бажкенова сот процесіне кірер алдында ғимараттың кіреберісінде өзін күтіп тұрған БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
– Аман-есенмін, уақытты текке өткізбедім, күтіндім, ешкімнен жылап-еңіреп, жалынып-жалбарынып көмек сұраған жоқпын, – деді ол жағдайын сұраған журналистерге.
Гүлнәр Бажкеноваға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылған: "Заңсыз кәсіпкерлік" (214-бап), "Көрінеу жалған ақпарат тарату" (274-бап) және "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" (189-бап, 4-бөлім).
Бейсенбі күні Бажкенова БАҚ өкілдеріне осы айыптар жөнінде қысқаша пікір білдіріп, қылмыстық істі ойдан құрастырылған деп атады.
– Жеті ай ішінде 18 томдық қылмыстық іс бойынша [тергеушілер] менен неше рет жауап алғанын білесіздер ме? Екі-ақ рет, 15 минуттен! – деді ол.
Журналист өзіне "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен сегіз эпизод бойынша айып тағылып отырғанын айтты.
– Олардың бесеуі бойынша видеолар бар, мен тергеушіге соларды көрсетіп: "міне, видеоайғақтар бар ғой, қалайша жалған ақпарат дейсіздер" дедім. Ал үш эпизод бойынша видеолар жоқ, – деді ол.
Бажкенова өзін мүлікті талан-таражға салды деп айыптаған арызды кәсіпкерлер Вячеслав Ким мен Мақсат Ғаниев жазғанын айтты.
– Ал "Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты" деген айыпқа келсек, мені 2028 жылдан бері оншақты пәтерді сатып алып, қайта сатқанда [кәсіпкер ретінде] тіркелмей әрекет еткен деп отыр. Осылардың ішінен мен бес пәтер сатқам, оларға салық төлегем, – деді журналист.
"ӘУЕЛГІДЕ МЕНІ ҚОРҒАУҒА КЕЛІСІП, КЕЙІН БӘРІ АЙНЫП ҚАЛДЫ"
Бажкенованың сөзінше, тергеу кезінде журналистің мүддесін қорғап жүрген адвокат Мұрат Адам істен шеттетілгеннен кейін ол мемлекет тағайындаған адвокаттың қызметінен бас тартып, өзін сотта қорғауын сұрап, өзге бес адвокатқа өтініш білдіріпті.
– Бәрі бас тартты. Әуелгіде келісті де, артынан "балаларым, отбасым бар, қорғай алмаймын" деп айнып қалды, оларды қорқытып тастады ма, білмеймін, өздері ашып ештеңе айтпады, – деді Гүлнәр Бажкенова. – Олай болса, мен сотта өзімді қорғаймын деп арыз жаздым. Бірақ біздегі заң бойынша олай істеуге болмайды екен. [Мемлекет тағайындаған] адвокат бәрібір қатысып отырады екен. Мен тіпті онымен бір кабинетте отырудан бас тартқам. Ақыр соңында оның көмегін пайдалануға тура келді, өйткені, біздің заң түрлі арыз-өтініштерді бір өзің жазуға рұқсат етпейді.
Бажкенованы сотқа дейінгі тергеу кезінде қорғаған адвокат Мұрат Адамды биыл 16 қаңтарда Алматы қаласының Бостандық аудандық соты әділет министрлігінің сұрауы бойынша лицензиядан айырған. Әділет министрлігі адвокатты сотқа дейінгі тергеу барысы туралы бірнеше рет жалған ақпарат таратты деп айыптаған. Мұрат Адам бұл айыптарды терістеген.
2 шілде күні №2 Бостандық аудандық сотында оффлайн өткен процесті журналистер басқа залға қойылған монитордан бақылады. Монитордан сот өтіп жатқан залдың шағын екені байқалды.
Бұл күні сотқа Гүлнәр Бажкенованың үстінен арыз бергендердің бірі – кәсіпкер Мақсат Ғаниев те келді. Сот отырысы қарсаңында ол өзінің telegram-арнасына "Бажкенованың бостандықтан айрылғанын қаламаймын және қалаған да емеспін. Одан гөрі маған және редакцияға келген зиянның өтелгені әлдеқайда маңызды" деп жазған.
ТІНТУ, ТӘРКІЛЕУ, ҚАМАУ
Былтыр 1 желтоқсанда Алматыда полиция қазақстандық Orda.kz медиа редакциясы мен бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың үйінде тінту жүргізген.
Басылым қызметкерлері мен заңгерлер тергеу тобы жалақы төлеуге арналған қаражатты қоса алғанда, құжаттар мен техниканы тәркілеп, сейфті бұзғанын хабарлады. Сол кезде адвокат Мұрат Адам тиісті өкілеттігі бола тұра өзін редакцияға да, Бажкенованың пәтеріне де кіргізбей қойғанын және тінту жөніндегі санкциямен танысуға мүмкіндік берілмегенін айтып, бұл қылмыстық-процестік заңнаманы бұзу деп мәлімдеген.
Іле-шала Гүлнәр Бажкенова "көпе-көрнеу жалған ақпарат тарату" күдігімен екі айға үйқамаққа алынған. Үстінен қылмыстық іс қозғалғанға дейін, 2025 жылы шілдеде Бажкенова иелігіндегі медианы билікпен байланысы бар адамдар "рейдерлік жолмен" тартып алайын деп жатқанын, өзін "қызметтен шеттететінін" айтып дабыл қаққан еді. Бұған дейін де түрлі қысым жасалып келді деген журналист сайтты алып қалу үшін Қазақстанның да, АҚШ-тың да сотына арызданып жатқанын айтқан.
Orda.kz басылымына халықаралық ұйымдар араша түсіп, Қазақстан билігіне үндеулер жасаған. "Журналистерді қорғау комитеті" сайттың бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға тағылған айыпты алып тастап, басылымның еркін жұмыс істеуіне жағдай жасауға шақырған. Астана бұл мәлімдемеге келіспей, "бұл үндеу нақты жағдайды толық білмеуден туындағаны анық" деп мәлімдеген.
Orda.kz оқырмандары мен бақылаушылардың топшылауынша, қудалау былтыр күзде шығып, дауға айналған материалдармен байланысты болуы мүмкін. Онда Бажкенова сол кездегі сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуді "заңға қайшы әрекет" жасады деп айыптап, оны "Астанада ұсталған" деп айтқан еді. Кейін Нұртілеу ел алдына шыққан соң Бажкенова өз сөзіне "дәлел барын", бірақ "жеңілгенін" айтып жазба қалдырған. Көп ұзамай Мұрат Нұртілеу сыртқы істер министрі қызметінен кетті.