Экс-сенатор Мұрат Бақтиярұлы: Құрылтайда бір партияның ғана сөзі жүреді

Қазақстан парламенті. Архив суреті

Қазақстанда парламент сайлауы әділ өтті ме? Бір палаталы Құрылтайдан қандай үміт күтеміз? Парламенттің партиялық тізіммен ғана жасақталуы не береді? Осы сұрақтарды 2011-2023 жылдар аралығында Қызылорда облысы атынан сенат депутаты болған Мұрат Бақтиярұлына қойдық.

Азаттық: Жаңа құрылатын бір палаталы Құрылтайдың ықпалы қандай болады? Онда бір партияның үстемдігі орнамай ма?

Мұрат Бақтиярұлы, парламент сенатының депутаты. Астана, 3 наурыз, 2016 жыл.

Мұрат Бақтиярұлы: Әрине, үкімет алып келген заң жобасы болсын, Құрылтайдың бастамасымен өтетін заң жобалары болсын, кез келген мәселеде тек бір партияның ғана сөзі жүреді. Бұрын да солай болған, ол жаңалық емес. Мен 12 жыл парламентте болдым, мәжілісте дауыс берген кезде сол кездегі "Нұр Отан", кейін "Аманат" партияларының дегені болып, бізге келетін. Қайта біз сенатта оны жонатынбыз. Кей заң жобаларын кері қайтарып жіберген сәттер өте көп болды. Құрылтайда да негізінен бір партияның жетегімен заңдар қабылданады. Қалған төрт партия қосылып қарсы шыққанмен, "Әділет" бәрібір көпшілік дауыспен жеңіп кетеді. Бұл кішкентай балаларға да түсінікті дүние ғой.

Азаттық: Неге Қазақстан осы жолды таңдады? Өзіңіз айтып өткендей, бұрынғы тәжірибе бар болса, сол сүрлеуді қайтадан таңдап отыр?

Мұрат Бақтиярұлы: Өкінішке қарай, біз кешегі Совет одағынан қалған авторитарлық жүйені осы кезге дейін сақтап отырмыз. Кезінде "мемлекетті нығайтып алайық, әзірге осы жүйемен жүрейік" деген пікірлерді көп айттық, оны мен де көп жазып жүрдім. Бірақ кейін қарасам, халықты өзіміз тәрбиелеуіміз керек екен. Жұрт сайлау арқылы тәрбиеленеді. Бір жолы дұрыс болмаса, екіншісі орташа болып қалар, ал үшінші ретте халық қалаған адамын сайлап алады. Ол адамның жұмыс істейтін, істемейтініне қарайды. Сондықтан, өкінішке қарай, авторитарлық жүйедегі мемлекеттерден осы жолды таңдап алдық. Бізден кейінгі ұрпақ мұны бірте-бірте жөндер. Біз оны көрерміз, көрмеспіз. Бірақ әлемдік үрдіс бар, әлемдік парламентаризм институты бар. Парламентаризм институтында міндетті түрде миллиондаған адамның дауысы есепке алынады, көпшілік соған бағынады. Өкінішке қарай, біз қатаң авторитарлық жүйені сақтап отырмыз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Тоқаев билігін нығайту". Шетел басылымдары Қазақстандағы сайлау туралы не жазды?

Азаттық: Қазақстан неге бұл жүйені сақтап отыр? Неге Балтық бойындағы елдер сияқты парламенттік басқаруға көшіп, демократиялық үрдістерге кеңірек жол бермеске?

Мұрат Бақтиярұлы: Жеке басым, президент ауысқан тұста Қасым-Жомарт Тоқаевтың [жүйені демократияландыруға] толық мүмкіндігі болды деп ойлаймын. Кешегі Қаңтар оқиғасынан кейін де "мемлекетіміздің даму жолы қалай болады?" деген сұрақ тұрды. Қай жолмен жүреміз? Еуропалық үлгіні аламыз ба, әлде Американың я Жапония мен Оңтүстік Кореяның не Сингапурдың жолын таңдаймыз ба, болмаса Совет одағында өзімізбен бірге болған Балтық бойы елдерінің, Армения мен Грузияның жолымен жүреміз ба? Әлде ескі таныс жолмен жүреміз бе деген сұрақ, таңдау тұрды. Бірақ, өкінішке қарай, таңдау осы бұрынғы жолға қайта түсті. Өте жақсы Конституциямыз қабылданды, заңда көп нәрсе жақсы жазылған. Бірақ көп жағдайда ол – бәрібір бір адамға бейімделген, бір кісіге бағынатын жүйе. Бұрын Назарбаевтың кезінде қалай болса, қазір де солай. Бұл сұраққа жауап бере алатын бір адам – мемлекет басшысы, оның айналасындағы адамдар. Мен де қарапайым халықтың бірімін ғой, мен не деп жауап бере аламын?

Азаттық: Жаңа Конституция бойынша көп билік президенттің қолына шоғырланады. Тіпті белгілі бір лауазымға президент ұсынған кандидаты Құрылтай мақұлдамайтын болса, ол парламентті таратып жібере алады. Осы тұрғыда Қасым-Жомарт Тоқаевтың "ықпалды парламент" концепциясы керісінше болып шыққан жоқ па?

Мұрат Бақтиярұлы: "Ықпалды парламент", "есеп беретін үкімет" дегеннің бәрі – тамаша нәрсе, бірақ бұл жай сөз ғой. Заң шығару тетіктері бәрібір үкіметте қалады. Әрине, парламенттің біршама мүмкіндігі бар. Олар заңға бастамашы бола алады. Халық кеңесі құрылғанда ол да заңға бастамашы бола алады. Бірақ заңды шығару тетігі, оның қандай мазмұнда қабылданатыны бәрібір атқарушы органның құзырында қалады. Назарбаевтың кезінде де сондай болған, заң шығаруды президент әкімшілігі бақылайтын. Бір заң үшін әкімшілікке келген кезіміз болатын. Біз өз пікірімізді, көзқарасымызды айтсақ, президент әкімшілігіне шақырады. Ол жерде көп адам жұмыс істемейді, ондағы кішкентай ғана шенеунік, "ана заңның мына жерінде мынадай болуы керек" деп айтып отырады. Сонда 100-ге жуық мәжіліс депутаты, 50-ге жуық сенат депутаты қайда қалады? Сол кезде: "150-ге тарта парламент мүшесінің пікірінен сіздің бір пікіріңіз асып түсе ме?" – деп айтып кеткенмін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қазақстан бірмандатты сайлаудан неге бас тартты? Депутат Ермұрат Бапимен сұхбат

Азаттық: 23 тамыз күні Қазақстанда болған парламент сайлауы қаншалық әділ өтті деп ойлайсыз? Билік "бәрі ашық, әділ өтті" дейді, ал санаулы ғана тәуелсіз бақылаушы ОСК деректері мен өз деректерінің арасы жер мен көктей деп отыр. Сіздің ойыңызша, сайлау қалай болды?

Мұрат Бақтиярұлы: Өзім сайлауға ерте барып, дауыс беріп кеттім, бұл жақта болған жоқпын. Бірақ мен білемін ғой. Ақырғы рет біршама әділ сайлау 2004 жылы өтті. Ол кезде атқарушы органдар сайлау процесіне көп араласпайтын, процент қумайтын. Қай өңір көп қатысты, қай өңір аз қатысты деп жарыспайтын. [Әділетсіздік] одан кейін басталды. Ол үшін сол кездегі және қазіргі президентті жазғырмаймын. Айналасындағы азаматтар процент қуып кетті. Бірақ айтып өтетін бір нәрсе, көп мемлекетке қарағанда біздің Орталық сайлау комиссиясы сайлау учаскелеріне барлық жағдай жасаған. Соған қуанамын. Көп мемлекетте мұндай жағдай жасалынбаған.

Бірақ процент қуу бар шығар деп есептеймін. Заң бойынша, 30-40 пайыз сайлаушы дауыс берсе де сайлау өтті деп саналады. Менің болжауымша, ауылдық жерде халықтың 60-65 пайызы ғана сайлауға барады, ал қалада бұл көрсеткіш бұдан да төмен.

Your browser doesn’t support HTML5

Бюллетень санау: Қазақстан сайлауды ашық қылатын жолды неге таңдамайды?

Азаттық: Қазақстан неге парламентті партиялардан ғана жасақтауды жөн деп тапты? Бұл жерде партияда жоқ адамдардың құқығын шектеген жоқ па?

Мұрат Бақтиярұлы: 12 миллион 600 мыңның бәрі партияның мүшесі емес қой. Сол партиялардың лидерлері халықты жинап, үлкен алаңдарда, театр сияқты ғимараттарда халықпен кездескенін көрген емеспін. "Әділет" партиясы болған шығар, қалғандарын байқамадым. Партиялардың кішкентай мекемелерге келіп, 30-40 адамды жинап алады да кетеді. Мысалы, Қызылорда облысында 380 мыңдай сайлаушы бар. Оның көбі бұл партияларды білмейді де. Қазір партиялық тізіммен сайлау [билікке] тиімді болып тұр. Сыртқы саясат, айналадағы елдер деген сияқты түрлі сылтау айтылады ғой. Мұны 25 жылдан бері естіп келе жатырмыз. Бірақ бұл біздегі саяси мәдениетке әсер етіп жатыр. Саяси мәдениет сайлауға қатысу, додада пікір таластыру арқылы орнайды. Ол адам сайлау учаскесіне барған кезде "менің дауысым ұрланбайды, менің дауысым бір нәрсені шешеді" деп барса, демек ол – саяси мәдениеті қалыптасқан адам.