Еурокомиссия америкалық Google компаниясына Еуропа одағының цифрлық технологиялар саласындағы заң ережесін бұзғаны үшін 890 млн еуро (1,015 млрд доллар) айыппұл салды.
Еурокомиссия бейсенбі күні жариялаған баспасөз хабарламасында компанияға айыппұл Google іздеу жүйесінде өз қызметіне артықшылық бергені және Google Play дүкенінде тұтынушының таңдауын шектегені үшін салынғаны айтылған.
"Google осыған ұқсас қызметтер ұсынатын компаниялардың – мысалы, онлайн сауда немесе спорт салаларында – Google іздеу жүйесі нәтижелерінде бірдей көрінуін қамтамасыз етпей, зиян келтіріп отырғанын анықтадық", – деп мәлімдеді Еурокомиссия вице-президенті Хенна Вирккунен.
Оның айтуынша, бұған қоса Еуроодақ "Google түрлі қосымшалар әзірлеушінің Google Play дүкенінде тұтынушыға тиімдірек болатын ұсыныс жасау мүмкіндігін шектеген" деген қорытынды жасаған.
Комиссия америкалық технологиялық компания өз қызметін Еуроодақ заңдарына сәйкес келетіндей етіп өзгертуге міндетті, әйтпесе қосымша айыппұлдар салынады деп мәлімдеді.
Еуроодақ америкалық компанияға аталған кемшіліктерді түзетуге шамамен екі ай уақыт берген. Google айыппұлға келіспесе Еуроодақ соттарына жүгінуге құқылы.
Компания Еуроодақтың қорытындыларын сынға алып, Еурокомиссияны сотқа беруі мүмкін екенін мәлімдеді.
"Бұл адал бәсеке емес, керісінше, өз мүддесін көздеген шағын топтың ықпалымен өнім сапасын нашарлату, мұның салдарынан еуропалық компаниялар мен тұтынушылар жапа шегеді", – деді Google компаниясының жаһандық мәселелер жөніндегі президенті Кент Уокер.
Бұл Брюссельдің цифрлық нарық туралы заң ережелерін (Digital Markets Act, DMA) бұзды деп санаған технологиялық алпауыт компанияларға салған алғашқы ірі айыппұл емес. 2025 жылдың сәуір айында Еурокомиссия осы заңды алға тартып, Apple компаниясына 500 миллион еуро және Meta компаниясына 200 миллион еуро айыппұл салған.