"Өзбекстан тасада әрекет етті". Еуроодақ Әлішер Усмановты санкциядан қалай шығарды?

Әлішер Усманов

Ресейдің екі кәсіпкері – Әлішер Усманов пен Михаил Фридман Еуроодақ санкциясынан шықты. Еуропа елдері бұл санкцияларды Ресейдің Украинаға басып кіруіне жауап ретінде қабылдаған. Усмановтың бұл тізімнен шығуына түркі елдері, соның ішінде Өзбекстанның лоббиі әсер етті. Кәсіпкердің өзі – осы елдің тумасы. Еуроодақ бұл қадамға қалай барды?

Еуроодақ кеңесі 22 қыркүйек күні Ресейге қарсы санкцияларды 2029 жылға дейін ұзартты да, тізімнен Әлішер Усманов пен Михаил Фридманды шығарып тастады. Яғни қос кәсіпкерге салынған жеке шектеулер толықтай алынды.

Рикард Йозвяк

"Енді [Усманов пен Фридман] Шенген аумағына өте алады. Олардың Еуроодақта активтері болса, енді оны емін-еркін пайдаға жарата алады. Ондай активтері бар деп ойлаймын" дейді Азаттықтың Еуроодақ және НАТО тақырыбына маманданған тілшісі Рикард Йозвяк. "Усманов бүгін-ақ Италияға барып, ондағы дүниесінің қызығын көре алады".

Алайда Ресейдің өзге жеке және заңды тұлғаларына қатысты санкция 36 айға бір-ақ ұзартылды. Бұрын санкциялық тізім әрбір алты ай сайын созылатын. Мерзімді ұзартуға Польша, Литва және Эстония ықпал етті. Олар мұны Усманов пен Фридман жөніндегі шешімді бұғаттамаудың өтемі ретінде ұсынды.

"Бұрын [санкцияларды ұзартарда] саудаласуға мүмкіндік туатын. Енді үш жыл бойы мұндай мүмкіндік болмайды. Осы тұрғыдан алғанда, Усманов пен Фридман соңғы, бірақ өте ыңғайлы әрі жүрдек пойызға мініп үлгерді" дейді Йозвяк

Ресейлік кәсіпкерлер бұған қалай қол жеткізді?

Бастапқыда Усманов пен Фридманды санкциялық тізімнен шығаруды Словакия мен Венгрия ұсынған. Фридманға салынған санкцияларды алып тастауды Люксембург те талап етті. Бұған дейін Фридман активтерінің бұғатталуына байланысты Гонконг халықаралық арбитражына жүгініп, Люксембургтің үстінен 16 млрд доллар талап етіп шағым түсірген.

Қыркүйектің ортасында, Еуроодақ сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтердің алдында Франция күтпеген жерден Әлішер Усмановты тізімнен алып тастауды қолдап шықты. Politico басылымының жазуына қарағанда, Париж бұл қадамын түсіндірмей, мұны "ұлттық қауіпсіздік мәселесі" деп атаған.

Financial Times және Reuters басылымдарының ақпараты бойынша, бұл Париж бен Баку арасындағы келісімнің шарты болуы мүмкін. Мұның алдында Әзербайжанда Францияның екі азаматы ұсталған болатын.

Баку бұл жөнінде қандай да бір келісім жасалғанын жоққа шығарып отыр. Алайда 23 қыркүйек күні Еуроодақтың санкция жөніндегі шешімі шыққаннан бір күн өткенде Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Франция азаматы Мартин Райанға кешірім жариялады. Райан 2023 жылғы желтоқсанда ұсталып, биыл наурызда тыңшылық жасады деген айыппен 10 жылға сотталған. Қазір Бакуде тағы бір Франция азаматы қамауда отыр. Кәсіпкер Анас Дерраз 12 жылға бас бостандығынан айырылған.

"Усманов санкциялық тізімнен шығу үшін қымбат еуропалық адвокаттарға орасан көп қаржы жұмсады, бірақ мақсатына жете алмады. Қазір ол санкциялардан саяси жолмен құтылып отыр. Саясаткерлерді көндіру заңгерлерді көндіруден оңайырақ болған сыңайлы" дейді Рикард Йозвяк.

Усманов шынында да санкцияларды заң жолымен алып тастауға әрекет жасап, бірақ нәтиже шығара алмаған. 2025 жылғы қыркүйекте Еуроодақ соты оның шағымын қанағаттандырмады. Сот Еуроодақ кеңесінің оны санкциялық тізімге енгізуге негіз болған дәлелдерін жеткілікті деп таныды.

Ресей президенті Владимир Путин Әлішер Усмановқа "Отан алдындағы қызметі" үшін дейін III санатты марапатты табыстап жатыр. Мәскеу, 2018 жылғы қараша.

Олигархиялық сипат

Сарапшылардың айтуынша, Усмановтың Еуроодақтың санкциялық тізімінен алынуы – түркі елдері лоббиінің нәтижесі.

Ұлыбританиядағы Central Asia Due Diligence зерттеу орталығының жетекшісі Әлішер Илхамовтың пікірінше, бұл қадамнан Еуроодақ Усмановты Путиннің "әмияны" немесе соған жақын адам деп қарастыруды доғарды деген қорытынды шығаруға болмайды.

Әлішер Илхамов

"Мұнда таза ситуациялық мүдде болды. Бірақ Усмановты санкциядан алу жөніндегі негізгі лоббиші Өзбекстан билігі болса, бұл іске Әзербайжанның қатысы қандай? Бұл парадоксты қазіргі геосаяси жағдаймен түсіндіруге болады. Атап айтқанда, кейінгі уақытта стратегиялық одақ туралы келісімге қол қойған Әзербайжан мен Өзбекстан арасындағы жақындасудың жеделдеуінен көруге болады. Бұған дейін бақылаушылар осы келісімнің геосаяси қырына көбірек назар аударды. Өйткені ол Мәскеудің неоимпериялық қатері алдында екі елдің егемендігін нығайтатындай көрінді" дейді ол.

Былтыр Баку Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері форматына қосылды. Осылайша бұған дейінгі "C5" (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан) форматы Әзербайжан қатысатын "C6" форматына айналды.

Кейінгі жылдары Баку мен Ташкент арасындағы тығыз ынтымақтастық айқын байқалады. Илхам Әлиев тамызда Өзбекстанға барып, өзбек әріптесі Шавкат Мирзияевпен кездескенде Каспий теңізінде бірлескен флот құру үшін ынтымақтасуға келісті. Қытайдан Қырғызстан мен Өзбекстанға баратын теміржол құрылысы аяқталса, Ташкент арқылы Транскаспий дәлізі бағыттарының бірі өтеді деген жоспар бар.

Екі ел арасындағы сауда көлемі де өсіп келеді: 2017 жылдан бері он есеге жуық артқан. Өзбекстанға Әзербайжан инвестициясының ағымы да күшейді. Ең ірі инвестициялық жоба Ташкент маңындағы Шарбақ су қоймасының жағасында салынатын Sea Breeze Uzbekistan курорты болуға тиіс. Оны Илхам Әлиевтің бұрынғы күйеу баласы Эмин Агаларовтың Agalarov Development компаниясы салып жатыр.

"[Баку мен Ташкент одағы] олигархиялық сипатқа да ие болды. Екі елдің олигархиялық билеуші элиталары бір-біріне қызмет көрсетіп отыр. Осы себепті Мирзияев Әлиевке жүгініп, Өзбекстанды билеуші топтың мүшесі саналатын Усмановты санкциядан алдырту үшін оны Франция азаматын босатуға көндіре алды" дейді Әлішер Илхамов.

Халықаралық БАҚ-тың ақпаратына қарағанда, Ташкент бірнеше жыл бойы Өзбекстан тумасы Усмановты санкциядан шығаруға әрекет жасап келген.

Financial Times и Politico басылымдары Орталық Азия елдері Брюссельге бұл мәселе жөнінде 2022 жылдың өзінде-ақ өтініш айтқанын жазды. Financial Times-тің жазуынша, Ташкент өз мәлімдемесінде Усманов туған жеріне инвестиция құйғысы келетінін, оған осы санкция кедергі келтіріп отырғанын айтқан.

Британиялық газеттің сауалына жолдаған жауабында Өзбекстан сыртқы істер министрлігі "Өзбекстан үкіметінің әрекетіне баға бере алмайтынын" айтқан, бірақ санкцияларды инвестицияға кедергі деп қарастыратынын мәлімдеген. Ал кәсіпкердің өзі және оның өкілдері басылым сауалына жауап бермеген.

"Өзбекстан Усмановты санкция тізімінен шығаруға бұрыннан әрекеттеніп келеді. Наурыздағы талқы кезінде Орталық Азия, соның ішінде Өзбекстан Словакия арқылы лобби жасады. Бұл жолы олар Францияны да өз жағына шығара алды. Бұл процесте Өзбекстан тасадан әрекет етіп, маңызды рөл атқарды. Бұл іске Қазақстан мен өзге де елдер қатысты" дейді Азаттық журналисі Рикард Йозвяк.

Өзбекстан астанасы Ташкенттегі Ислам өркениеті орталығының негізгі демеушісі Әлішер Усманов болатыны хабарланған. Ол бұл кешенге 100 млн доллар берген.

Үшінші елдердің бұл іске араласқанын осы жылдың басында Азаттық радиосының қолына түскен хат та растайды.

Хатқа 2 наурыз күні Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қол қойған және ол Словакия премьері Роберт Фицоға бағытталған. Ал Фицо оны Еуроодаққа мүше өзге елдерге таратқан.

Хатта Усмановтың мәдени және спорттық жобаларды қолдайтыны, "түркі әлемі арасындағы гуманитарлық байланысты нығайтуға елеулі үлес қосатыны" айтылған.

"Әлішер Усманов мырзаның Еуроодақ институттарымен толық ынтымақтасуға бағытталған шынайы күш-жігерін ескере отырып, сондай-ақ гуманитарлық себептерді назарға ала отырып, оны санкциялық тізімнен шығаруды қолдауыңыз аса құнды болар еді деп санаймын" деп жазған Ердоған.

Түркия басшысы бес жыл бұрын Түркі мемлекеттері ұйымының басшыларымен бірге (бұл ұйымға Түркиядан бөлек Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан кіреді) Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен мен сол кездегі Еуропалық кеңес төрағасы Шарль Мишельге осындай өтінішпен хат жолдағанын да атап өткен.

Әлішер Усмановқа салынған шектеулерді алып тастауды Түркі мемлекеттері ұйымында бақылаушы мәртебесіне ие Венгрия билігі де талап еткен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

«Мирзияев өз олигархтары командасын құрады»

Үлкен отбасы және Өзбекстанмен байланыс

Әлішер Усмановтың активтері Ресейдің металлургия және телекоммуникация салаларында шоғырланған. Оның капиталы 16,7 миллиард долларға бағаланады. Былтыр америкалық Forbes журналы әлемдегі ең бай адамдар рейтингісінде алғаш рет Усмановты Өзбекстан өкілі ретінде көрсетті. Бұған дейін ол бұл тізімде ресейлік бизнесмен ретінде көрсетілетін.

БАҚ мәліметінше, 2022 жылы Ресей Украинаға қарсы басқыншылық соғысын бастағаннан кейін Усманов отанына көшіп, Ресей өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының (РӨКО) басқарма бюросының құрамынан шыққан.

Өзбекстан Усманов үшін жай ғана туған жер емес. Кремльге жақын бизнесмен ретінде сипатталатын миллиардер Ташкенттің саяси ортасына да бөтен емес. Он жыл бұрын ол Шавкат Мирзияевтің Өзбекстан билігіне келуін қолдап, содан бері Ташкенттің негізгі инвесторларының біріне айналды.

Әлішер Усмановтың қазіргі президентпен туыстық байланысы да бар. Оның 2013 жылы Ташкентте жол апатынан қаза тапқан немере інісі Бабур Усманов Шавкат Мирзияевтің балдызы Диёраға үйленген. Бұл ерлі-зайыптының қызы Усмановтар мен Мирзияевтарға ортақ туыс болып келеді.

Усмановтың өз баласы жоқ, бірақ Өзбекстанда тұратын көптеген туысы бар. Батыс елдері енгізген санкцияға оның жақындары мен оған қатысы бар деген компаниялар да ілінген. Бірақ уақыт өте заңгерлер кей шектеулерді алдыртып, Батыс БАҚ-тарында жарық көрген кейін хабарларды даулай алды.

Кәсіпкердің қарындасы Гүлбахор Исмаилова 2022 жылғы наурызда Германия ұстаған әлемдегі ең ірі 156 метрлік сәнді Dilbar яхтасының иесі ретінде аталды. Усманов соның алдында ғана санкциялық тізімге енген. Яхта Усмановтар отбасының мүддесі үшін құрылған The Sister Trust қорына рәсімделген еді.

Бұған дейін Исмаилова осы қордың негізгі бенефициары саналған, алайда санкциялар енгізілгеннен кейін бұл мәртебесінен айырылды. Әлішер Усмановтың өзі трасттың бенефициары болуды 2017 жылы тоқтатқан. Соттар мен ақпарат агенттіктері, соның ішінде Германияның DPA агенттігі, яхта Исмаиловаға немесе Усмановқа тікелей тиесілі деген мәлімдемелерді ресми түрде кері қайтарды немесе жоққа шығарды. Германиядағы жер соты да Усмановты яхтаның иесі деп атауға тыйым салды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ресейлік олигархтардың суперяхталарын "аулау"

Усмановтың тағы бір қарындасы Сағдат Нарзиева 2022 жылғы ақпанда швейцариялық Credit Suisse банкінен деректердің таралуына қатысты журналистік зерттеуде аталды. OCCRP жобасын қоса алғанда, бірқатар БАҚ оның есепшоттарына қатысты болжалды деректерді жариялады. Осы жарияланымдардан кейін Нарзиева активтер жасырылуы мүмкін болған тұлға ретінде санкцияға ілікті.

Усманов пен оның өкілдері Еуропа сотына жүгініп, бұл жарияланымдарға шағым түсірді. 2025 жылғы қарашада Гамбург жер соты Усмановтың ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау туралы шағымын қарап, жарияланған материалдарды негізсіз деп таныды.

2022 жылғы қыркүйекте Еуроодақ Сағдат Нарзиеваны санкциялық тізімнен шығарды. 2025 жылғы наурызда Швейцария, кейін Еуроодақ Гүлбахор Исмаиловаға салынған шектеулерді алып тастады, алайда Ұлыбритания мен АҚШ-та бұл санкциялар әлі де күшінде.

"Олар өмір бойы Өзбекстанда тұрды және Ресей Федерациясына ешқандай қатысы жоқ" деді Усманов 2023 жылы. Кәсіпкер осылайша туыстарына салынған Батыс санкцияларын "әділетсіз" әрі "орасан зор қателік" деп атаған.

Киевтің реакциясы

Украина басшылары Усманов пен Фридманның Еуроодақтың санкция тізімінен алынуына наразылық білдірді.

"Ресей халқымызға аяусыз соққы жасап жатқанда және қазір БҰҰ Бас Ассамблеясы өтіп жатқан тұста, көптеген өңірде дрондар мен баллистикалық зымырандарға байланысты әуе дабылы жалғасып жатқан кезде, жекелеген ресейлік олигархтарға салынған санкциялардың алынып тасталуы кері әсер ететін қадамдай көрінеді. Соғыстар агрессорға жақын адамдарға жасалған жеңілдіктермен емес, табандылық пен күш арқылы аяқталады" деді Украина президенті Владимир Зеленский БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясында жасаған мәлімдемесінде.

Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига Брюссельдің ресми шешімін "масқара" деп атады. "Мәскеу мұны тойлап жатыр. Өйткені олар көздегеніне жетті: жазасыздыққа жетті, Еуроодақ беделін түсірді және еуропалықтардың арасына жік салды" деді министр.

Украиналық саясаттанушы, "Пента" қолданбалы саяси зерттеулер орталығының басшысы Владимир Фесенко Азаттық Азия редакциясына берген сұхбатында Киев Еуроодақтың шешімі күрделі әрі қарама-қайшы ымыра болғанын түсінеді дейді.

"Еуроодақ мәміле қағидасы бойынша жұмыс істейді, яғни қандай да бір шешімді одаққа мүше барлық ел мақұлдауы керек. Сондықтан ымыраға келуге тура келді. Украина Еуропадағы рәсімнің ерекшелігін ескеріп отыр. Бірақ бұл шешім, әрине, Украинада сынға ұшырады. Киев санкциялық режимнің ұзарғанын, оның ішінде Усманов пен Фридман сияқты адамдардың болғанын қалайды. Бірақ бұл жерде таңдау жасауға тура келді: санкция тізіміне екі олигархты шығармаса үш мың жеке және заңды тұлғаны қамтитын санкция ұзартылмауы мүмкін еді. Сондықтан бұл жағымсыз ымыра болды" дейді Фесенко.

Фесенко санкциялардың алынып тасталуын алаңдатарлық прецедент деп санайды және басқа ресейлік олигархтар да осы жолды қайталауға тырысуы мүмкін екенін айтады.

"Бұдан былай сот дауларында осы іске сілтейді. Усманов та, Фридман да соттасты. Усманов Германияда бірқатар сот дауын жеңді. Ресейдің өзге олигархтары мұны өз пайдасына жаратары анық" дейді Фесенко.

Оның айтуынша, бұдан былай қандай да бір адамды бұл санкция тізіміне кіргізерде шешімнің негізделуіне назар аударған жөн. Әйтпесе ол шешімде сотта даулап, қайта қаратуға деген талпыныс күшейеді, кейбір олигархтар ақыры өз дегеніне жетеді дейді ол.

Усманов пен Фридманды санкция тізімінен шығаруға Латвия мен Эстония қарсы болды. Алайда 22 қыркүйекте Балтық елдері дауыс беруден қалыс қалды. Сөйтіп санкция бойынша ымыраға жол ашты. Кейін Рига бизнесмендерге қатысты ұлттық санкциялар енгізетінін мәлімдеді. Таллин де осындай қадамға баратынын хабарлады.

Эстонияның сыртқы істер министрі Маргус Цахкна Еуроодақтың бұл шешімі Украина басқыншылыққа қарсы бесінші жыл соғысып, соғыс басталғалы бергі ең ауыр қысқа дайындалып жатқан аса қолайсыз сәтте "жаман сигнал" беретінін айтты.

Еуроодақ шешімін қолдамайтынын Ұлыбритания да мәлімдеді. Bloomberg басылымының жазуынша, Ұлыбритания премьері Энди Бернем Зеленскийге айтқан сөзінде Лондон шектеулерді алмайтынын мәлімдеген.

Еуропалық сарапшылар екі ресейліктің санкциялардан шығарылуы Еуропаның санкциялық режимді қатаң ұстануға қабілетсіз екенін көрсетті, ал Кремль бұл әлсіздікті әлдеқашан түсінді деп санайды.

"Автократиялар қай жерден және қалай соққы беру керегін түсінді" деп жазды Орталық және Шығыс Еуропа жөніндегі сарапшы Иван Преображенский Deutsche Welle басылымындағы бағанында.