Финляндия аумағына бірнеше дрон құлаған

Украина сарбаздары әскери дронды ұшыруға дайындап жатыр. Запорожье аймағы, 23 наурыз, 2026 жыл.

Финляндия билігі 29 наурыз күні таңертең елдің әуе кеңістігіне бірнеше дрон кіргенін хабарлады. Осыған байланысты F/A-18 Hornet жойғыш ұшақтары дабыл бойынша әуеге көтерілген.

Yle басылымы бір дрон елдің оңтүстік-шығысындағы Коувола қаласының солтүстігінде, ал екіншісі қаланың шығысында құлады деп жазды. Кейінірек ел астанасы Хельсинкиге таяу Эспу маңында, Балтық теңізіндегі мұз бетінен тағы бір дрон табылған.

"Дрондар Финляндия аумағына кірді. Біз бған аса мән беріп қараймыз", деді Финляндия қорғаныс министрі Антти Хякканен.

Премьер-министр Петери Орпо бұл дрондар Украинаға тиесілі болуы мүмкін деп топшылап, Финляндия оларды атпағанын, дрондар өздігінен құлағанын айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Усть-Луга портына тағы да дронмен соққы жасалды

29 наурызға қараған түні Украина Фин шығанағының оңтүстік жағалауындағы Ресейдің Усть-Луга портына кезекті рет шабуыл жасаған. Ол порт пен Финляндияның арақашықтығы 100 шақырымға да жетпейді.

Кейінірек Финляндия әуе күштері ел аумағына құлаған дрондардың бірі Украинаныкі екенін растады. Залал келгені жайлы ақпарат түскен жоқ.

Өткен аптаның басында, Украина Усть-Луга портына әуеден шабуыл жасаған түні, украиналық бірнеше дрон Эстония мен Латвия әуе кеңістігіне кіріп, жарылыстар тіркелген, ешкім зардап шекпеген. Дрондар Ресей жақта ұшып келген, бірақ Балтық жағалауы билігі олар украин дрондары екенін, олар бағытынан адасқан немесе атып түсірілген болуы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Ал соғыстың барысы жайлы жазатын ресейлік блогтар мен БАҚ Эстония, Латвия, Литва және Польшаны Украинаға өз әуе кеңістігін пайдалануға әдейі беріп, дронмен Ресей аумағына шабуыл жасауға мүмкіндік жасап отыр деп кінәлаған. Рига мен Таллинн бұл мәлімдемелерді жалған ақпарат деп жоққа шығарды. Ал Мәскеу ресми түрде олай айыптаған жоқ.

Your browser doesn’t support HTML5

Адасқан дрон, жарылған қойма. Ресей–Украина соғысы не боп жатыр?