Соғыс өтіндегі суретші

Беренді кеудеше мен каска киген Гвидо ван Хелтен жергілікті тұрғынның суретін қабырғаға салып жатыр.

Бұл суретте бейнеленген адам - 73 жастағы тұрғын Марина Марченко. Ван Хелтен: "Оның көзінен мейірім көрдім. Суретімде жергілікті сипат болса екен дедім" дейді.

Ван Хелтен әу баста соғыс өтінде тұрған үйдің қабырғасына сурет салуға келіспеген. Бірақ басқа лайықты қабырға табылмаған соң осыған көнген. Австралиялық азамат осылайша қарулы қақтығыс болып жатқан жерге алғаш рет келген.

Ван Хелтен сурет салып тұр.

Ван Хелтен сурет салып жатқан жерден 100 метр әріде украиналық бақылау бекеті тұр.

Ван Хелтен бұл суреті арқылы саяси мәлімдеме жасау ниеті жоғын айтады. "Бұл жердегі күрделі жағдай туралы мәлімдеме жасардай мен кіммін? Шынымды айтсам, арғы бетке өтсем де тура осындай жағдайды, тура осындай сабақ отып отырған балаларды көрер едім. Бұл жерде гәп жамандық пен жақсылық туралы емес" дейді ол.

Ван Хелтен қабырғасына сурет салып жатқан бұл үйде 2014 жылдан бері - "Град" зымыраны мұндағы пәтерлердің біріне түсіп, екі адамды мерт еткеннен бері ешкім тұрмайды.

Ван Хелтен киевтік Art United Us (“Бізді өнер біріктірді”) арт-тобы ойлап тапқан бұл жобаны жүзеге асыруды көптен бері кейінге қалдыра бергенін айтады. Ол қазір "мұндай жағдайда қаупі зор көше өнеріндегі шарасыз батылдығынан" ыңғайсызданады.

Ван Хелтен суретті смартфонындағы фотоға қарап отырып салады. 

"Бұл адамдар бұған дейін осы тәрізді ештеңе көрмеген де болар. Олардың сәл де болса соғыстан басқа нәрсе туралы ойлауына әсер етсем, еңбегім ақталғаны" дейді суретші.

Әскерилердің бірі ван Хелтенге суреті ұнайтынын айтқан. Бірақ екі тұрғын "бұл құралды неге үйді жөндеуге пайдаланбасқа" деген. Тағы бір әйел: "Үйімнің төбесі тесіліп, су ағып жатыр. Ал сендер мұнда сурет салып жүрсіңдер. Бұл дұрыс емес" деген.

Суретші бұл граффитиді салу үшін сұр бояудың 24 түрлі реңкін қолданған. Ван Хелтен "өнерге көп ақша жұмсалуы керек" деген пікір бар екенін айтады. "Бірақ мұндай жобалардың жөні басқа. Бұған ақы алмаймын, қолым бос кезде саламын" дейді ол. Art United Us жобасында қызмет ететін Гео Леростың сөзінше, сапар мен материалға кеткен шығынды жеке демеушілер төлеген.

Ван Хелтен сурет салған бірнеше күнде түстен кейін жарылыс пен атыс даусы қайта-қайта естілді. Ол бұл фотоны түсірген сәттен соң біраздан кейін: "Сепаратистер қорғаныс шебін бұзып өтіп келсе, оны еститін шығармыз?" деп сұрады.

Қарсы тараптың оғы жетпейтін жерде болса да, ван Хелтен суреттің жоғарғы жағын сызу үшін кеш батқанын күтеді.

"Суретті салып бітіру үшін және тірі қалу үшін сақ болуым керек" дейді ол.

Көршілес бұл үйге де 2014 жылы "Град" зымыраны түскен.

Жаңбыр саябырсып, атыс бәсеңдей бере ван Хелтен жолдың арғы бетіне шығып, суреті қалай көрінетінін бақылайды.

Ван Хелтеннің суреті шағын қалаға таңсық көрінді. Авдеевка тұрғындары бұл жерге келіп, қабырғаға салынған суретті фотоға түсіріп жатыр.

Австралиялық суретші Гвидо ван Хелтен 13 қазанда Украинаның шығысындағы Авдеевка қаласындағы бір үйдің қабырғасына үлкен сурет (мурал) салып бітірді. Бұл өңірде қақтығыс басталғалы бері 9600-ден астам қаза тапқан. (Азаттық фототілшісі Амос Чэпл түсірген фотолар).