БАҚ: Ресей әскери басшылығы Путинді күзге дейін Донбассты аламыз деп сендірген

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Бас штаб бастығы Валерий Герасимов

Ресей әскери басшылығы президент Владимир Путинді күзге дейін Донбассты (Украинаның Донецк облысы) толығымен басып аламыз деп сендірген. Бұл туралы Ресей президентімен байланыста болған екі дереккөзге, жағдаймен таныс екі адамға және украин барлау қызметінің бағалауына сүйеніп Financial Times газеті жазды.

Басылым дереккөздерінің сөзінше, Путин Донбассты басып алатын болса, "кез келген атысты тоқтатудың құнын көтермек" ниетте. Украина қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасы бастығының орынбасары Вадим Скибицкий Кремль Донбасста табысқа жеткен жағдайда аумақтар жайлы жаңа шарт қоюы – Запорожье және Херсон облыстарын өзіне беруді талап етуі әбден мүмкін дейді, қазір ол аймақтардың едәуір бөлігі Украинаның бақылауында (Мәскеу ол аумақтарды ресми түрде өзінікі санайды).

Путинмен сөйлескен екі дереккөздің айтуынша, соғыстың алғашқы кезеңдерінде оңаша әңгімеде ол соғыс қимылдарын майдан шебінде тоқтатуға кетәрі емесіне ыңғай танытқанына қарамастан, Донбассты басып алуға деген ниеті барған сайын күшейіп келеді. "Қазіргі майдан шебінде тоқтауды оған үнемі айтып келе жатырмын. Бірақ ол ылғи "Жоқ, ымыраға бара алмаймын" дегенді айтады", дейді газет дереккөздерінің бірі.

Соғысты тоқтату жөніндегі бейресми келіссөздерге қатысқан екі дереккөз Путиннің Днепр өзенін, Киев және Одессаны қоса алғанда, Украинаның көп бөлігін бақылауға алуды әлі де "шынайы көксейтінін" айтады.

"Әрқашан Киевті алу жоспары болғанын ұмытпаңыз. Сол қойылған міндет орындалуы керек, – деді газет дереккөзі. – Оған украиндар қиындыққа тап болды, майдан шебі сөгіліп, адамдары таусылып жатыр деп айтады".

Путин Ресей тылына Украина күштерінің шабуылы күшейгеніне және кейінгі айларда майдан шебінде орыс әскерінің ілгері жылжуы айтарлықтай баяулағанына қарамастан, Ресей басым түсіп жатыр деген пікірінен таймай отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Трамп Путинмен арада Ресей Донбассты тұтас алады деген келісім болмағанын айтты

Келіссөздерге келетін болсақ, екі тараптың да ұстанымымен таныс дереккөздердің айтуынша, Мәскеу де, Киев те Таяу Шығыстағы соғыс аяқталған күннің өзінде АҚШ-тың араағайындығымен бейбітшілік келіссөзін қайта бастау мүмкіндігі шамалы деп санайды. Financial Times басылымы сөйлескен дереккөздердің сөзінше, екі тарап та қазір келіссөзді жалғастырудың ешқандай мәнін көріп отырған жоқ. Басылым дерегінше, Украина келіссөздер ақпан айында, Ресеймен келіссөздердің соңғы кезеңінен кейін тығырыққа тірелді деп санайды және Вашингтонның Путинге қысым жасай алмағанына көңілі толмайды.

Ресей билігі бейбітшілік орнатудың негізгі шарты ретінде Украинаға Донбассты толықтай бер деген талап қойып отырғанын ресми түрде мәлімдеп, былтыр Анкориджде АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин кездескенде сондай келісім болғанына меңзейді.

12 мамырда журналистердің қойған сұрағына берген жауабында президент Трамп Ресей "Донбассты тұтастай" алатыны жайлы Путинмен ешқандай келісім болған емес деп мәлімдеді. Ол сондай-ақ соғыс аяқталуға таяп келеді деп отыр. 9 мамырда Путин де сондай пікір білдірді (кейінірек оның баспасөз хатшысы Ресей президенті нақты ештеңені айтқан жоқ деп нақтылады).

Былтырдан бері, АҚШ араағайындық ете бастағаннан кейін, Украина соғыс қимылдарын екі тарап арасындағы майдан шебінде тоқтатуды ұсынып келеді. Ондай жағдайда Украина Донбассының көп бөлігі (бірақ барлығы емес) Ресей бақылауында қалады. Украина оны заңды түрде мойындауға келіспейді.