АҚШ президенті Дональд Трамп 12 мамырда Қытайға аттанар алдында журналистердің сауалына берген жауабында, Ресей президенті Владимир Путин мен өз арасында Ресей "Донбассты тұтас" алатыны туралы келісім болмағанын мәлімдеді.
Путинмен араңызда Ресей Донбассты түгелдей алатыны туралы "түсіністік" болды ма деген журналистің сұрағына Трамп "жоқ" деп қысқа ғана жауап қатып, егжей-тегжейін айтпады.
ТАСС тілшісінің сұрағына берген жауабында Трамп биыл Ресейге баруы мүмкін екенін айтып, Украинадағы соғысты тоқтатуға "қажеттің бәрін" жасайтынын атап өтті. Бұған қоса ол соғыс аяқталуға барған сайын жақындап келеді деген пікір білдірді.
Мәскеу Украинадағы атысты тоқтату үшін украин әскері Донецк облысынан шығарылсын деген шарт қойып отыр. Кейінгі күндері ресейлік жоғары лауазымды шенеуніктер Мәскеу Киевтің осындай негізгі шешім қабылдауын күтетінін тұспалдап бірнеше рет сөзге ілік еткен.
Ресей өкілдері мұны ашық айтпай, бұл тақырып былтыр тамыз айында АҚШ пен Ресей президенттері Анкориджде кездескенде талқыланғанын меңзеп отыр. "Анкоридж рухы" немесе "Анкориджде қол жеткізілген түсіністіктер" Украинадағы жағдайды реттеудің негізі болуы керек делінеді. Әйткенмен, Анкоридждегі кездесуден кейін әлдебір келісімдер болғаны жөнінде ешқандай ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Украина билігі Донбасс аймағын толығымен Ресей бақылауына беру туралы Мәскеудің талабын орындаудан бас тартып отыр.
АҚШ өкілдері Донбассты Ресейге беруді қолдайтынын ешқашан мәлімдеген емес. Сонымен қатар, олар қарулы жанжалды реттеуге шағын аумаққа қатысты дау кедергі келтіріп отырғанын айтқан. Сарапшылар ол дау Донецк облысы жайлы дейді.
Украина соғыс қимылдарын екі тарап арасындағы қазіргі майдан шебінде қала отырып тоқтатуды ұсынады. Ондай жағдайда Украина Донбассының көп бөлігі (бірақ барлығы емес) Ресей бақылауында қалады. Украина оны заңды түрде мойындауға келіспейді.