Қуылған президенттерден кейінгі сайлау

Грузия президенттері (солдан оңға қарай): Звиад Гамсахурдия, Эдуард Шеварднадзе, Михаил Саакашвили, Георгий Маргвелашвили.

Грузиядағы президент сайлауының екінші кезеңге созылды. Бұған дейін Грузия президенттерінің дәуірі несімен есте қалды?

Грузия Орталық сайлау комиссиясының 29 қазан күнгі таңғы мәліметі бойынша 96 пайыз дауыс саналып болған. Алайда кандидаттардың ешқайсысы президент болып сайлануға қажетті 50 пайыздық межені еңсере алмады. Сайлаудан басты үміткерлер саналатын бұрынғы сыртқы істер министрі Саломе Зурабишвили 38,6 пайыз, оған басты қарсылас саналатын "Біріккен ұлттық қозғалыс" партиясының үміткері Григол Вашадзе 37,7 пайыз дауыс жинады.

Ал бұрынғы парламент спикері, оппозициялық "Еуропалық Грузия" партиясынан сайлауға түскен Давит Бакрадзе 10,9 пайыз дауыс иеленді. Бакрадзе сайлауда жеңілгенін мойындап, дауыс берудің екінші кезеңінде Вашадзені қолдайтынын мәлімдеді. Сайлаудың екінші кезеңі 1 желтоқсанға дейін өтпек.

Кеше Грузияда сайлаушылар соңғы рет жалпыхалықтық президент сайлауында дауы берді. 2024 жылдан бастап президентті парламент пен сайлаушылар коллегиясы сайлайды.

Конституциядағы соңғы өзгерістер бойынша алдыңғыларға қарағанда жаңа президенттің рөлі айтарлықтай маңызды болмайды. Заң бойынша парламенттік республика ықпалды президенттік үлгіні түбегейлі алмастырмақ. Михаил Саакашвили өзіне лайықтап ойластырған, кейін миллиардер Бидзина Иванишвили «билік вертикалін» қалыптастыру мақсатында толықтырған конституцияда президенттің рөлі барынша төмендетілген болатын.

Постсоветтік тәуелсіз Грузияның алғашқы үш президенті мемлекетке зор ықпал етті. Олардың шешімі миллиондаған адамның тағдырын шешті, өздері де көптеген қателіктері үшін өмірін құрбан етіп (Гамсахурдия), оқшауланумен (Шеварнадзе), қуғындалумен (Саакашвили) есте қалды.

Ұлт-азаттық қозғалыс жетекшісінен авторитар басшыға айналған Гамсахурдия бірнеше жыл ғана билік құрды. Ол Оңтүстік Осетияда соғыс өртін тұтатып алып, әскери төңкеріс салдарынан биліктен кетті. Кейін қашқын күйге түсіп, өлімге ұшырады.

​Гамсахурдиядан кейін билік мемлекеттік кеңестің қолына көшті. Биліктен тайдырылған президенттің орнына келген бұрынғы СССР сыртқы істер министрі Эдуард Шеварнадзе мемлекеттік кеңесті басқарды. Ол соғыстың кесірінен Абхазияны уысынан шығарып алды. «Шеварнадзе дәуірінің» синонимі – кедейлік пен сыбайлас жемқорлық. Билікке қанша жармасқанымен, ол да революция кезінде биліктен сырғытылды.

Грузияның үшінші президенті Михаил Саакашвилиден үміт күткендер көп болды. Ең қатал жауларының өзі жас реформатордың табысын терістей алмайды. Михаил Саакашвили Аджарияны қантөгіссіз қайтадан өзіне қарата білді.

Бірақ Саакашвили кезіндегі Мәскеумен арадағы асқынған қатынас соғысқа жалғасты. Ресей Грузиядан бөлініп шыққан Абхазия мен Оңтүстік Осетияны қолдап, тәуелсіздіктерін мойындады. Соғыста жеңіліс табуы, авторитарлық билеу стилі мен адам құқығын бұзу салдарынан Саакашвили сайлауда жеңіліп қалды. Кейін оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, бұрынғы президент отанына оралу құқығынан да айрылды.

Тек соңғы, төртінші президент Георгий Маргвелашвили ғана алдыңғы президенттердің ауыр тағдырын қайталамаған сияқты. Бірақ оның ел саясатына ықпалы символикалық тұрғыда болды.

Маргвелашвили президенттігі тұсында елді көбіне бейресми түрде миллиардер Иванишвили басқарды. Сайлауға аз уақыт қалғанда ғана Иванишвили конституциялық басымдыққа ие «Грузин арманы» партиясының төрағасы болып ышға келді.

Грузияның болашақ президенті рәсімдік функция ғана атқарады. Мемлекеттің негізгі билеушісі – басты саяси күш «Грузин арманы» партиясының төрағасы болады, оның өкілеттік мерзімі парламенттік сайлау нәтижесінде анықталады. Сондықтан Бидзина Иванишвилидің билікте қанша жыл отыратынын алдын ала болжау мүмкін емес.

Бидзина Иванишвили

Биылғы сайлаудың жалғыз ерекшелігі – президент соңғы рет тікелей бүкілхалықтық дауыс берумен анықталады. Бұл президентке қосымша өкілеттік бермейді, бірақ грузин мемлекеті басшысының легитимділік деңгейін арттырады. Келесі саяси айналымда бұл жүйе де істен шығады, президентті парламент пен сайлаушылар алқасы сайлайды.

​(​Азаттықтың Грузин қызметінің мақаласы.)