Google корпорациясы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың отбасымен бизнес-серіктестігі болуы мүмкін делінген компания туралы зерттеуінен кейін Азаттық радиосы ресурстарының бұғатталғаны жайлы "Ферғана" сайтының мақаласын іздеу нәтижелерінен өшіріп тастаған. Бұл туралы Азаттыққа сайттың бас редакторы Даниил Кислов хабарлады.
Кисловтың сөзінше, 22 мамырда "Ферғана" редакциясының поштасына Google әкімшілігінен жаңалық "рұқсатсыз көшірілгені" айтылатын ресми хат келген. Сөйтіп Google ішкі саясатына сай бұл контентті барлық елдегі іздеу нәтижесінен жасырып тастаған. Кислов Google-ға материалды іздеу жүйесіне қайтаруды талап етіп апелляциялық шағым түсірген. Басылым жетекшісі корпорацияның бұл әрекетіне наразы және мұны Google-дың модерация қызметіндегі ақау деп біледі.
"Ферғана" сайтының мақаласына нақты кім шағым бергені белгісіз. Google жолдаған хатта контентті өшіру туралы сұраныстар сақталатын Lumen деректер базасына — үшінші тараптың тәуелсіз агрегаторына сілтеме жасаған. Корпорация шағым мәтінімен танысуға болатын сілтеме ұсынғанымен, онда шағымданушының жеке деректері алынып тасталған.
Кислов бұл жағдай аноним тұлғалардың жұмбақ шағымдары ақпараттың көпшілікке жетуін шектейтін құралға айналғанын, Google цензура талаптарын орындап отырғанын дәлелдейді деп есептейді.
– Ірі ұйым белгісіз шағымданушылардың жетегінде кетпеуі керек, – деді Даниил Кислов Азаттыққа.
Іздеу нәтижелерінен өшірілген "Ферғана" материалында Қазақстанда Азаттық радиосы Қазақ қызметінің сайты мен Азаттық Азия қызметінің сайттары бұғатталғаны айтылған еді. Қазақстан аумағында бұл ресурстар 18 мамырдың кешінен бері ашылмай қалған. Бұғаттау басталған уақыт осы екі сайтта "Миллиардтаған тендер алатын компания артында президенттің туыстары тұр ма?" деген тақырыптағы зерттеу шыққан кезбен тұспа-тұс келді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Мемлекеттен ірі тендер алатын компания артында президенттің жиендері тұр ма? ЗерттеуАзаттық зерттеуінде "ВД Строй-инжиниринг" фирмасының қызметі туралы айтылады. Журналистердің мәліметінше, компания кейінгі жылдары мемлекеттік тендерлерге ие болып, құрылыс нарығының ірі ойыншысына айналған. Материалда "ВД Строй-инжиниринг" компаниясында 2020-2023 жылдары Бағдат Байтұрсынқызы Өміржанова деген адам – құрылтайшы, ал Рустам Тимурұлы Қарағойшин деген адам директор болғаны, оларды президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарындасы және жиендерімен байланыстыратын дерек бары жазылған. Бұл уақыт кәсіпорынның табысы артқан кезеңмен тұспа-тұс келеді делінген.
Қазақстанда халықаралық платформалардағы тәуелсіз БАҚ контентін бұғаттау үшін жалған шағымдарды пайдаланудың мұндай оқиғалары бұған дейін де тіркелген. 2026 жылдың басында "Республика", "БАСЕ" онлайн-басылымдары мен KazTAG агенттігінің Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі жазбалары, сондай-ақ бірқатар қазақстандық журналистің жеке парақшасы жаппай шабуылға ұшыраған.
Meta компаниясына Giorgio Armani мен үндістандық IT-компанияларды қоса алғанда, әлемдік брендтердің атынан авторлық құқықтар мен тауар белгілеріне құқықтардың бұзылғаны туралы жүздеген шағым жолданған. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы анықтағандай, бұл үшін француздық L’Oréal косметикалық алпауытының мердігерлерімен байланысты электрондық пошта мекенжайлары пайдаланылған. Брендтердің өзі кейінірек олардың деректерін бөгде тұлғалар заңсыз пайдаланғанын мәлімдеген. Зардап шеккен редакциялар бұл әрекеттердің артында Қазақстан билігі тұруы мүмкін деген күдік келтірген. Билік өкілдері интернеттегі ресурстарды бұғаттау заңда қарастырылған жағдайларда ғана құзырлы органдардың шешімі бойынша іске асырылады, заңды негіз болмаса, олардың қызметін шектеуге жол берілмейді дейді.