Accessibility links

Қолданушылар Қазақстан аумағында Азаттық сайттары ашылмай қалғанын айтты

Қазақстанның бірқатар өңірінде қолданушылар Азаттық радиосы Қазақ қызметінің веб сайты (azattyq.org), сондай-ақ Azattyk Asia (azattyqasia.org) веб-сайты ашылмай, қиындық туындағанын хабарлап жатыр.

Қолданушылар 18 мамырдың кешінен бастап аталған веб-сайттарға әртүрлі провайдерлер арқылы смартфон мен компьютерден кіре алмағанын айтып отыр.

Сол күні Азаттық және Азаттық Азия веб-сайттарында "ВД Строй-Инжиниринг" құрылыс компаниясы туралы журналистік зерттеу жарияланған. Мақалада компания құрылтайшылары қатарында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың туыстарымен бизнесте серіктес адамдар бары айтылған.

Веб-сайттар неліктен ашылмай қалғаны жөнінде ресми орындар әзірге пікір білдірген жоқ.

Азаттық сайтының Қазақстан аумағынан ашылмай қалғаны алғаш рет емес. Мысалы, 2022 жылғы қыркүйекте сайт бұғаттауға қоса DDoS-шабуылына да ұшыраған еді. Қазақстандық оқырмандар сайт баяу жүктелетінін немесе мүлде ашылмай қалғанын айтқан. Соның алдында сайтта жарияланған "Тоқаевтың "астыртын бизнесі" және "Мәскеудің Қазақстанды соғысқа араластыру ықтималдылығы" деген мақалада швейцариялық Public Eye ұйымының зерттеуі жайлы айтылған еді: Батыс журналистері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ұлы Тимурдың хакерлердің қолына түскен хабарламаларына сүйеніп, 2010-жылдардың ортасында Тоқаев отбасының мұнай және металл өндірісі саласында "астыртын бизнесі" болған деген қорытындыға келген.

Айдар
XS
SM
MD
LG