"Үйлердің көбі дайын мола сияқты". Алматы жер сілкінісіне төтеп бере ала ма?

Алматы көрінісі.

Алматы жер сілкінісіне дайын ба? Азаттық бұл туралы Алмас Ордабаевпен сөйлесті. 84 жастағы сарапшы 60 жылдан бері сәулетші болып жұмыс істейді, құрылыс инженериясы саласында тәжірибесі мол. Кезінде қаладағы көп нысанды, оның ішінде тұрғын үйлерді жобалауға қатысқан.

21 ақпанға қараған түні Түркия мен Сирияда тағы да жер сілкініп, кемі 11 адам қаза тапты, ғимараттар қирады. Екі апта бұрын, 6 ақпанда дәл осы ауданда жойқын жер сілкінісі болып, одан 45 мың адам қаза болған еді. Ондаған мың адам баспанасынан айырылып, аурухана, мектептер мен көпқабатты үйлер сияқты мыңдаған ғимарат үйіндіге айналды.

Түркияның зілзаладан қатты зардап шеккен Хатай аймағы. 14 ақпан, 2023 жыл.

6 ақпанда жер сілкінгенде ғимараттар қағаздан жасалған үйлер сияқты бірінен кейін бірі құлады. Мұндай ауқымдағы апат сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан қалалар қуаты күшті дүмпулерге қаншалық дайын деген сұрақ туғызды. Әсіресе құрылыс сапасы, қадағалаудың әлсіздігі, жұмысқа немқұрайды қарау және саладағы жемқорлық жайы көп адамды ойландырып тастады. Бұл мәселенің тоғыз балдық сейсмикалық белсенділік аймағында орналасқан Алматыға да тікелей қатысы бар.

АЛМАТЫДАҒЫ ҒИМАРАТТАР: 60-90-ЖЫЛДАР

Азаттық: Сейсмикалық тұрақтылық жағынан қаладағы қандай ғимараттар қауіпті? Қай үйлер қауіпсіз?

Алмас Ордабаев: Өкінішке қарай, 50-жылдардың соңына дейін салынған үйлердің бәрі сейсмикалық тұрғыдан қауіпті. Көбі – кірпіш үй, іргесі ағаштан тұрғызылған. Қоғамдық ғимараттарға келсек, ғылым академиясы, бірнеше аурухана мен мектеп төтеп беруі мүмкін. Бәрі конструкцияны нығайтуға арналған жұмыстар қалай жүргеніне байланысты. Біздегі жұмыс сапасы жақсы болған шығар деп үміттенемін.

Архитектор Алмас Ордабаев.

Азаттық: 60-жылдарға дейін салынған үйлер ескіргені үшін дүмпуге төтеп бере алмай ма, әлде құрылыс кезінде жер сілкінісі факторы ескерілмеген бе?

Алмас Ордабаев: Одан бері сейсмикалық тұрақтылық нормасы бірнеше рет өзгеріп, қатаңдады. Біз айтқан үйлердің конструкциясы әлсіз, іргесі (каркас) жоқ, кірпіштен тұрғызылған. Бұл 80-90-жылдары қолданылған сапалы бетон блоктар емес. Үйлердің көбінде шатырдың тірегі ағаштан жасалған. Олар темірге қарағанда әлсіз келеді, ғимаратты ұстап тұратын мықты тірек бола алмайды.

"Жапон үйі" деп аталатын екі-үш қабатты кірпіш үйлердің де тірегі ағаштан соғылған. Олар әбден ескірген, әлсіз. Сондықтан бұл үйлерді бұзып тастаған дұрыс. Бірақ олардың орнына не саламыз? Босаған жер учаскелері билікке жақын құрылыс компанияларына өтіп кетпей ме? Олар өз қалтасының қамын ойлап, көпқабатты үйлер сала ма?

Азаттық: 1960-жылдарға дейін салынған үйлер туралы айттыңыз. 1970, 80, 90-жылдары салынған үйлерді қалай бағалайсыз?

Алмас Ордабаев: Үйлер қазірге дейін қалай сақталғаны маңызды. Совет дәуірінде үйлерге газ бен суға арналған металл құбыр салатын. Кішігірім жер сілкінісі кезінде құбырлар шытынап, жарықшақ түседі. Сондықтан ұзақ жыл жөндеу көрмеген үй болса, қауіпті дер едім.

1970-жылдары үйлердің сапасы жақсы болды. Алматыдағы тұрғын үй құрылысы комбинаты жұмыс істеп тұрды. Олар да құрылыста қате жіберетін, алдайтын, бірақ бұл ұсақ-түйек нәрселер еді.

Алматы қаласы.

Азаттық: Алматыдағы ескі үйлердің қайсысы берік?

Алмас Ордабаев: Панель үйлер. Біреулер бұл үйлер 80 жыл, басқалары 120 жыл тұрады дейді. Бірақ тұрғын үйде жылына кем дегенде бір рет пәтерді су алып кетеді. Қабырғадағы шелдерге су кіріп, ғимаратты ұстап тұрған қаңқа коррозияға ұшырайды. Сондықтан теориялық тұрғыда берік саналатын панель үйлерімізді 25 жылда бір рет тексеріп, жөндеуден өткізіп тұру керек.

Ескі үйлердің ішінде монолит ғимараттар жақсы. Мұндай үйлер алғаш Самал мөлтекауданында салынды. 1980-жылдары Алматыда тәжірибелік тұрғын үй ауданын салу туралы шешім қабылданды. Бұл жоба арқылы үйді жайлы, сейсмотұрақты етіп жобалау әдістері көрсетілуі керек еді. Жобаны бастап, жүзеге асырғандардың қатарында өзім де болдым. Біз Алматыда 19-ғасырдың соңынан бастап салынған ғимараттардың бәрін қарап, көп ақпарат жинадық. Жер сілкінсе, әртүрлі құрылыс нысаны қалай төтеп беретінін талдап, жаңа әдістер дайындадық.

Бірақ монолит үйлердің бәрін бірдей мақтай беруге болмайды. Біз монолитті біртұтас етіп жобаладық: қабырғалар мен шатырды ұстап тұратын тіректер бірыңғай жүйені құрауы керек. Бірақ Құлыбаевтың (Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың әкесі Асқар Құлыбаев. Ол 1990-жылдары құрылыс министрі болған) компаниясы қауіпті 20-ға жуық үй салды. Қабырғасын тұрғызып, шатырдың тірегін төменнен жоғарыға көтеріп, дәнекерлей салған.

Азаттық: Бұл үйлер қайда орналасқан?

Алмас Ордабаев: Ленин даңғылында (қазіргі Достық – ред.), шамамен, Ленин-Калинин (бұрынғы Калинин көшесі, қазіргі атауы Қабанбай батыр – ред.) қилысында орналасқан. Қаланың басқа бөлігінде де осындай он бес шақты үй бар. Спитакта (Армениядағы 1988 жылы жер сілкінісі салдарынан қираған қала – ред.) мұндай үйлер ішіндегі адамдарымен бірге бутербродқа айналды.

ТОҚСАНЫНШЫ ЖЫЛДАРДЫҢ МҰРАСЫ

Азаттық: Тоқсаныншы жылдары салынған үйлер ше?

Алмас Ордабаев: Алаңдауға тұрарлық үйлер. Құрылысқа жобалаудың қыр-сырын білетін жақсы инженерлер қатысқан. Бірақ үйлер қалай салынғанын ешкім білмейді. Соңғы өлшемдер қалай алынды? Жай ғана конверт ұстаған адамдар келген шығар…

Жалпы алғанда, 90-жылдар ауыр болды. Жобалаудан бастап сейсмотұрақтылықты күшейтуге дейін барлық көрсеткіш бойынша әлсіз тұстарымыз жетіп артылатын. Тас қалаушылар табылмады, қабырға бояйтын жұмысшылар да ілуде бір кездесетін. Дәнекерлеушілер мен басқа да мамандар туралы мүлде айтпай-ақ қояйын.

Азаттық: Совет Одағындағыдай талаптар қойылды ма?

Алмас Ордабаев: Иә. Бірақ қылмыс пен жемқорлық қатты әсер етті. Бір кездері Жамбыл көшесінде тұрдым, 10 жыл бойы көз алдымда бір ғимараттың темір қаңқасы тұрды. Совет Одағы тараған кезде құрылысы тоқтап қалған. Кейін шаруаға икемді жігіттер тот басқан темір қаңқаны жарты жылда қымбат зәулім үйге айналдырды. Бұл масқара ғой. Темірдің өзі шіріп кеткен соң, үй ұзаққа бармасы анық. 1990-жылдары аяқсыз қалған құрылыстың көбі кейін осындай тұрғын үй кешендеріне айналып шыға келді.

Алматыдағы көше.

Азаттық: Сонда Алматыда 70-80-жылдары салынған үйлердің сапасы жақсырақ па?

Алмас Ордабаев: Солай болып тұр. 70-80-жылдары салынған үйлерге сенуге болады. Бірақ назар аударатын тұстары бар. 90-жылдары бой көтерген сенімді панель үйлердің астыңғы қабаты жекешелендіру жылдары дүкенге, бизнес нысандарына жалға берілді. Жақсы, әрине. Бірақ кей адамдар ғимараттың конструкциясын қатты өзгертіп, қабырғаларды қалағанынша жылжытып тастаған. Бұл өте қауіпті.

Жалпы алғанда, панель үйлер туралы айтсақ, қайта құру жылдары ештеңе жұмыс істемеді. Бұл 80-жылдардың аяғы, 90-жылдардың бірінші жартысы еді. Елде, құрылыста бейберекеттік болып жатты. Сондықтан бұл үйлер қаншалық берік екенін айту қиын.

Азаттық: Жаңа үйлер ше?

Алмас Ордабаев: Сыртына қарап ештеңе айта алмаймын. Тек қаланың төменгі бөлігінде коммуналдық арзан үйлер салынып жатыр. Олар бір-біріне жапсарлас, тым жақын орналасқан, сапасы да нашар сияқты.

Ол аудандарда топырақ нашар. Алматының топырағы ең жайлы бөлігі – Абай және Сәтбаев көшелерінен бастап, Жібек жолына дейін ғана. Топырақ жақсы болған соң, үйдің іргетасы да берік болады. Ірі құм мен қиыршық тастан тұратын топырақтың тығыздығы жоғары. Солтүстікке қарай топырақ әлсіз, балшыққа ұқсайтын сулы келеді. Бұл аудандарды жыл сайын су алып кетеді. Су жоғарыдан төмен қарай ағады. Ал балшықты топырақ сумен араласып, жылжып кетеді.

Азаттық: Демек, Алматының жоғары жағында тұру қауіпті деген аңыз болды ғой? Сонда керісінше ме?

Алмас Ордабаев: Жоғары жақ та қауіпті. әл-Фараби даңғылы, әсіресе, Бағанашылдың оңтүстігіне қарай орналасқан бай адамдар тұратын қымбат аудандарға жақсы үй салу мүмкін емес.

ТЕКТОНИКАЛЫҚ АЖЫРАУ ЖӘНЕ ҒИМАРАТТАРДЫҢ ІРГЕСІН НЫҒАЙТУ

Азаттық: 80-жылдары тектоникалық ажырау картасы пайда болды. Алматыда содан кейін жүргізілген құрылыстар кезінде осы картадағы ақпарат ескерілді ме?

Алмас Ордабаев: Бұл тақырып толық зерттелмеген, бірақ тектоникалық ажырау жағдайды қиындатып отыр. Республика алаңын білесіз ғой? Ол жерде екі биік тұрғын үй кешені бар. Үйлердің сапасы жақсы, өйткені бұл – қаладағы қаңқасы темірден тұрғызылған екінші үй. Алматыда мұндай ғимарат аз: аталған екі үй, Гоголь көшесіндегі және "Москва" сауда орталығына қарама-қарсы ғимарат қана бар. Мұндай үйлер неге аз? Өйткені қымбат. Мұндай темір қаңқаларды қоғамдық ғимараттарға ғана пайдаланады.

80-жылдары Димаш Ахметұлы (Дінмұхамед Қонаев, 1960-1980 жылдары Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болған – ред.) Алматыға үлкен жақсылық жасады: Мәскеуден ғарыштан түсірілген картаны сұратып алды. Карта қолға тиген соң, алаңға жақын екі үй тектоникалық тақталар ажыраған тұста тұрғанын білдік. Қолымызды мезгілінен кеш сермеуден алдымызға жан салмаймыз ғой. Әйтпесе жердің бедеріне қарап-ақ, құрылыс басталмай тұрып, анықтауға болар еді.

Алматыдағы Республика алаңы.

Азаттық: Карта пайда болған соң, тектоникалық тақталар ажыраған жерлерге үй салу неге тоқтамады?

Алмас Ордабаев: Жер маңызды еді. Қала кеңістігі. Қала үйлерден ғана тұрмайды, олардың арасындағы жолдар, желілер де маңызды. Осының бәріне көп ақша кетпес үшін үйлерді жинақы етіп салып жіберуге тырысады.

Азаттық: Алматыда тұрғын үйлерді қоспағанда, басқа қандай ғимараттар берік?

Алмас Ордабаев: Меншік иелері конструкциясын өзгертіп, жобасын бұзып тастамаса, 70-80-жылдары салынған ғимараттар берік. Ойына келгенше өзгертсе, жаман. Қазақ драма театры, “Қазақстан” қонақүйі, цирк жақсы салынған. Оларға ештеңе болмайды.

Ескі ауруханалар, мектептер, сейсмотұрақтылық бойынша нығайту жұмыстары жүргізілмеген ғимараттардың жайы қиын. Мемлекеттің ғимараттардың жер сілкінісіне төтеп беру қабілетін күшейтуге арналған бағдарламасы болған. Мектеп, үй, ауруханаларға осындай жұмыстар жүргізілді. Ғимараттың іші-сыртына арматурадан тор жүргізіп, темір қағып, бекітіп тастайды. Темір құрсау ғимаратты жан-жағынан қоршап тұрады. Жер сілкінгенде кірпіштер құласа да, қабырға қаңқаның ішінде қалады. Кейін темірді көрсетпей, сыртын әрлеп тастайды. Жедел жәрдем ауруханасының, ғылым академиясының, мектептердің тірегі металл элементтермен нығайтылған.

Бірақ көп ғимарат бұл бағдарламаға ілінбей қалды. Бәрін бірдей нығайту мүмкін емес. Алматыда 300 мектеп болса, әрі кетсе, 30-ына осындай жұмыс жүргізілген шығар. Панель мектептер де бар, оларды нығайтудың қажеті жоқ. Бірақ кірпіш үйлер, қаңқасы кірпіштен соғылған ескі мектептер жарамайды.

Алматыдағы "Қазақстан" қонақ үйі. 12 қаңтар 2022 жыл.

Азаттық: Неге ғимараттардың көбі бағдарламаға енбей қалды?

Алмас Ордабаев: Бұл өте қымбат. Үлкен аурухана немесе мектепті бір жылға босатуды ойлаңызшы. Балаларды қайда жібересіз?

Азаттық: Кезекпен жөндесе ше? Әуелі бір мектепті, кейін екіншісін…

Алмас Ордабаев: Иә, онсыз да солай жасады, мектепті жөндеген кезде балаларды көрші оқу орындарына жіберетін. Бұған кем дегенде бір жыл кетеді. Мектептерді жөндеуге демалыс уақытын пайдалануға болады. Аурухана қиын. Тұрғын үйлерді жөндеп, іргесін нығайту мүмкін емес. Қалада тұрғындарды уақытша орналастыратын басқа жер болуы керек. Күрделі жөндеудің өзінде тұрғындарды көшіруге тура келеді. Ал қабырғаларды тексеріп, бұзатын болса, халық қайда тұрады?

СЕЙСМОТҰРАҚТЫЛЫҚҚА ТЕКСЕРУ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Азаттық: Үйлерді сынақтан өткізу туралы не айтасыз? Қазір жер сілкінісіне ұқсайтын сынақтар жүргізіле ме? Мұндай сынақтар керек пе?

Алмас Ордабаев: Совет үкіметі тұсында, 90-жылдары халықтың көңілі тыныш болуы үшін осындай сынақтар жүргізілген шығар. Қазір білмеймін.

Мысалы, Алматыда осындай сынақ болғанда, шатырға бір құрылғы орнатты. Ол тербеліп, қозғалып тұрды. Бірақ бұл шынайы жер сілкінісіне ұқсамайды. Соққы мен тербеліс әуелі ғимараттың жоғарғы бөлігіне әсер ететінін ескеру керек. Ал жер сілкінгенде дүмпу төменде болады. Мұндай сынақтардың сәл де болса пайдасы бар шығар, бірақ ол ғимарат жер сілкінісіне қаншалық дайын екенін көрсете алмайды.

Ғылым академиясының ғимараты. 13 маусым, 2021 жыл.

Азаттық: Тұрғын үйлер жер сілкінісіне дайын болуы үшін не істеу керек?

Алмас Ордабаев: Жақында Түркияда немесе Совет Одағы тұсында Спитакта болған оқиғалар – адами фактордың көрінісі. Бұл құрылыс компанияларына сенім артуға болмайтынын дәлелдеді. Бақылауды күшейтіп, жобалаудан бастап тәртіп орнату керек.

Ресми түрде барлық кезең бар, бірақ жүзеге асырылуы күмәнді. Өкінішке қарай, құрылыс саласына барлық деңгейдегі адал адамдар жетпейді. Құрылыста миллионер болу оңай деген сөз бар. Кез келген әдіспен жылдам ақша табуға талпыныс және жемқор биліктің арқасында пайда болған мүмкіндіктер құрылыс кешенінде көп мәселе туғызды. Кейінгі кездері кей мүдделі мердігерлер "Міне, "Жаңа Қазақстан" (президент Тоқаевтың либерализация мен реформаға негізделген "Жаңа Қазақстан" құру ұсынысы. – ред.), даму дегендері – осы, тексерістен көз ашпай қалдық. Бізге тимесін, тексеріске мораторий жарияласын!" деп жүр. Түріктер екі-үш жыл бұрын солай жасады. Нәтижесін қараңыз! Ал мен барлық деңгейдегі бақылауды күшейту керек деп есептеймін.

Азаттық: Совет заманымен салыстырғанда, қазір ғимараттарға қойылатын талаптар өзгерді ме? Мысалы, үйлер арасында қанша қашықтық болуы керегін белгілейтін норма бар ма?

Алмас Ордабаев: Нормалар өзгере береді. Совет Одағында үйлердің арасы алшақ салынатын. Тұрғындар жиналатын орын қалдыратын. Бірақ құрылыс технологиясы дамып, сейсмотұрақтылығы жоғары жаңа тұрғын үйлер пайда болған сайын, үйлер арасындағы қашықтық туралы талап жеңілдеді. Сондықтан бір шаршы метрге бұрынғыдан көп ғимарат сала бастады.

Апат бола қалса, адамдарды құтқару қиын. Мысалы, қазір қаланың орталығы тығыз, қат-қабат биік ғимараттар салынып жатыр. Бұл сейсмотұрақтылыққа кері әсер етпейді. Бірақ эвакуация кезінде тұрғындар жиналатын орын, төтенше қызметтер, құтқару көліктері жүретін жол тарылып жатыр. Құлаған ғимарат жанындағы үйлерді қиратады. Бәрі – әйнек ғимарат. Жер сілкінгенде адамдардың үстіне әйнек құлайды. Көп адам осыдан өліп кетуі мүмкін. Батыс елдерінде ғимараттарға сынғанда өте ұсақ бөліктерге шашылып кететін әйнектер қойылады.

Алматы қаласы. 23 қазан, 2021 жыл.

Азаттық: Мұндай құрылысқа неге жол береді?

Алмас Ордабаев: Сауатсыздық пен ақымақтықтың салдары. Ең үлкен мәселе – ашықтық пен бақылаудың жоқтығы. Бәрі адами факторға, ашкөздік пен жауапсыздыққа келіп тіреледі. Мердігердің басты міндеті – өзіне бөлінген аумақтан мейлінше көп пайда тауып, 90-жылдардағыдай табан жалтыратуға тырысу.

МЕТРО, БОМБАЛАУДАН ҚОРҒАЙТЫН ЖЕРТӨЛЕ, ПАРКИНГ: ҚАЙ ЖЕРДІ ПАНАЛАУ КЕРЕК?

Азаттық: Тұрғын үй салу кезінде қандай материалдар берік деп есептелді?

Алмас Ордабаев: Монолитті тақтайша, қабырға, қаңқа. Қазір салынып жатқан жаңа үйлердің бәрінде монолит қолданылады. Бірақ бәрі құрылысқа жауапты мердігерге байланысты. Сауда орталығын салған кезде де монолит пайдаланады. Кей тұрғындар ескі үйлерге жабысып, жаңа үйлерді құлатып тастаңдар деп, ақымақтық жасайды. Ескі үйлер дайын мола сияқты. Дегенмен біржақты ойлануға болмайды. Жаңа үйлердің де, ескі үйлердің де өз кемшілігі бар.

Азаттық: Жер сілкінісі кезінде қай жерді паналаған дұрыс?

Алмас Ордабаев: Қалада метро болса, сонда барған жақсы. Ең жақсы пана сол жер дер едім. Бірақ Алматыдағы метро ұзақ салынды. Көп нәрсе жертөленің іргесін ұстап тұрған материалдардың беріктігі мен сапасына байланысты. Оны да үнемі бақылап отыру керек.

Азаттық: Бомбалаудан қорғайтын орындар ше? Совет Одағы кезінде әр үйдің астында осындай жертөлелер болған дейді.

Алмас Ордабаев: Әр үйдің астында емес. Көбіне Жандосовтан жоғары Манас көшесіндегі КИЗ ауданындағы екіқабатты үйлердің төменгі қабатында болатын. Сыртқа шығатын есігі де бар, үйдің сыртынан құдықтың аузы көрінеді.

Алматы метросы.

Азаттық: Жер сілкінгенде совет кезінде салынған бомбадан қорғайтын орындар көмектесе ме?

Алмас Ордабаев: Іргетасы жақсы болса, ұзақ сақталады. Автокөлік тұрағы мен паркингілерді де паналауға болады. Олар да бомбадан қорғайтын орындар сияқты салынады. Екіқабатты үй құласа, бомбадан қорғайтын жертөленің төбесі міз бақпай тұра береді. Өйткені үстіндегі салмақ ауыр емес. Жер сілкінісі кезінде аман қалудың бір жолы – осы.

Бірақ бомбадан қорғайтын орындар қараусыз қалып, тозып кеткен шығар деп ойлаймын. Адамдар кезінде тонап, темір-терсегін бұзып әкеткен болуы керек. Пысық адамдар жертөлелерден шеберхана ашып алған. Бомбадан қорғайтын орындарды үнемі бақылап, күтіп ұстау керек. Онда маңызды инженерлік құрылымдар болуға тиіс. Қанша жылдан бері ешкім ештеңе істеген жоқ. Жертөледе вентиляция және фильтр жүйесі болады. Дәретхана, су керек. Сондықтан метро болғаны жақсы. Әзірге пана болуға жарайтын ең жақсы жер метро болып тұр.