Азаттық: Ермұрат мырза, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздеріне қарап, Халық кеңесін бұрынғы сенат, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай деген органдардың функцияларын топтастырған гибрид органға ұқсаттым. Солай деуге бола ма?
Ермұрат Бапи. Астана, 27 ақпан, 2024 жыл
Ермұрат Бапи: Дәл байқаған сияқтысыз. Салиқалы көзқараспен қарайтын болсаңыздар, бұл шын мәнінде бұрынғы Ұлттық құрылтай бар, cенат бар, одан кейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі деген алаң болды – солардың бәрін біріктірген жаңа құрылған диалог институты деп қабылдауға болады. Мұны бәрін жинақтап келіп бір синтез жасайтын үлкен жалпыхалықтық орган деп атауға болады.
Азаттық: Кезінде, өзіңіз білесіз, жоғарғы палата – сенатты бейресми түрде сарапшылар "фильтр", "сүзгі орган" деп атайтын. Халық кеңесі де сондай орган емес пе?
Ермұрат Бапи: Жоқ. Президент Тоқаев өз баяндамасында айтып өткендей, Халық кеңесі мен Құрылтай бірінің жұмысын бірі қайталамайды. Екеуінің мәні де, мақсаты да, функционалдық қызметі де әртүрлі болады. Логика тұрғысынан да қабыспайды, өйткені Халық кеңесі тек қана консультативтік мемлекеттік орган ретінде бағаланады.
Оның заң шығарушы рөлі жоқ, ол тек қана заң шығаруға ұсыныс жасай алады. Заңды талқылау, талдау немесе шығару бойынша оның құзыреті жоқ. Осыдан келіп екеуінің үлкен айырмашылығы бар. Жалғыз ұқсастығы — екеуі де қоғаммен жұмыс істеуге мүдделі. Парламентті халық сайлағандықтан, ол сайлаушылардың пікірін, ойын, қоғамдағы мәселелерді назарға алуға мүдделі әрі міндетті ғой. Ал Халық кеңесі — осы мәселемен тікелей айналысатын мемлекеттік консультативтік орган.
Азаттық: Дұрыс атап өттіңіз, президент бүгінгі сөзінде "Құрылтай мен Халық кеңесі бірінің жұмысына бірі араласпайды" деді. Сөйте келе, "екі органның комитеттері тығыз байланыста жұмыс істеуі керек" деді. Мұны қалай түсінуге болады? Парламент талқылап жатқан заңдарды Халық кеңесі де талқылап, кеңес беріп отыра ма?
Ермұрат Бапи: Әзірге Халық кеңесінің регламенті, қызмет құзыреті әлі айқындалған жоқ. Осы жақын 10 күннің ішінде қабылданады. Сондықтан кейбір механизм, құралдар әзірге нақты емес, қалай болатынын нақты айтуға келмейді. Бірақ бір мүдделі заңдарды егер Халық кеңесі ұсынатын болса, ол сол заңды аяғына дейін жеткізуге, Құрылтайдың жұмысына, Құрылтайдағы жұмыс топтарының құрамына кіріп жұмыс істеуге міндетті болады деп ойлаймын.
Азаттық: Қасым-Жомарт Тоқаев президент болған алғашқы жылдары "Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі" деген орган құрылды. Кейін оны "Ұлттық құрылтай" деп өзгертті. Енді міне, ол да жойылып, мына "Халық кеңесі" пайда болды. Алдыңғылары сияқты бұл да бірнеше жылда жойылып, керексіз болып қалмай ма?
Ермұрат Бапи: Менің ойымша, олай болмайды. Себебі Халық кеңесі – жоғарғы консультативтік орган ретінде конституциялық негізде бекітілген орган. Конституциялық заңдар негізінде оның құзыреті, жұмыс істеу мерзімі, жалпы мақсат-мүддесі айқындалған. Сондықтан ол жойылатын болса, Конституцияға өзгеріс енгізу керек. Ал бізде Конституцияға өзгеріс енгізу жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асады. Сол себепті бұл ойыншық болмайды, оны жоя салу, ысыра салу не оның мақсат-міндеттерін елемеу туралы әңгіме мүлдем жүрмейді деп ойлаймын.
Азаттық: Көрерменімізге анық, түсінікті болсын. Қысқа-нұсқа бірнеше сұрақ қоямын. Бір-екі сөзбен "иә-жоқ" немесе бір сөйлеммен ғана жауап берсеңіз: "Халық кеңесінің" мүшелері депутаттар сияқты тұрақты айлық ала ма?
Ермұрат Бапи: Жоқ, алмайды.
Азаттық: Халық кеңесі мүшелеріне тегін тұруға үй беріле ме?
Ермұрат Бапи: Жоқ, берілмейді.
Азаттық: Халық кеңесі мүшелерінің ел аралауы, ұшаққа мінуі сынды шығындары бюджеттен өтеле ме?
Ермұрат Бапи: Егер Халық кеңесінің кейбір секциялық отырыстары немесе жалпы сессиясы әлдебір өңірде өтетін болса, онда, әрине, мемлекеттік бюджет есебінен төленуі тиіс деп ойлаймын. Мұндай мүмкіндік туралы бүгін баяндаманың ішінде, жалпы пікірлердің арасында айтылып кетті.
Азаттық: Халық кеңесі туралы заңда мүшелері қоғамдық негізде жұмыс жасайды деген. Дегенмен, тұрақты түрде айлық алып отыратын адамдары бола ма?
Ермұрат Бапи: Тұрақты түрде айлық алатын – бұл Халық кеңесінің хатшылығы, аппараты. Халық кеңесінің жұмысын күнделікті жүргізетін, мақсат-мүддесін жинақтап-топтастырып, құжаттар дайындап, сессияның жұмысын әзірлейтін – осы аппарат. Ол тұрақты түрде мемлекеттік орган ретінде қызмет етеді, қызметкерлер жалақы алады.
Азаттық: Есіңізде болар, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі туралы кейбір сарапшылардың аузынан "жұмсақ авторитаризм", "басқарылатын демократия" деген теңеулер айтылушы еді. Қазіргі билік жүйесіне сіздіңше қандай теңеулер лайық? Өйткені қазір еркіндік бұрынғыдан да тарыла түсті дейтін сөздерді жиі естіп жүрміз.
Ермұрат Бапи: Жоқ, мен айтар едім: қазіргі біздің елдегі саяси жүйені, жалпы демократияны транзиттік кезеңнің демократиясы деп бағалаймын. Себебі бүкіл әлемдік қарым-қатынас, әлемдік тәртіп өзгеріп жатқан заманда біз мемлекеттік ішкі тұрақтылық тұрғысынан, тәуелсіздіктің тұрақтылығы тұрғысынан осы транзиттік кезеңнің тәртіптеріне бағынуымыз керек деген ұстанымым бар.
Азаттық: Бұрын өзіңіз де атсалысқан кездегі оппозициялық қозғалыстар күшті кезінде Еуропаның демократиясын аңсайтын еді. Қазіргі бағытқа қарап отырсақ, Қазақстанның басқару формасы, басқару тәсілі Қытайдың саяси жүйесіне ұқсап бара жатқан жоқ па?
Ермұрат Бапи: Қазір өзіңіз байқап отырсаңыз, бүкіл әлемдегі қарым-қатынастар өзгеріп жатқан кезде тіпті ұлы державалардың өзі ұлттық мүддеге басымдық беріп отыр. "Ұлттық" дегенді этностық тұрғыда деп қабылдамау керек – бұл мемлекеттік тұрғыда өздерінің ішкі мәселесіне көп көңіл бөле бастады деген сөз. Жаһандық мәселе, конвенциялық заңдардың талаптары екінші кезекке ысырылып тұр. Тіпті Америка Құрама Штаттарының өзінде кеше журналистерді Ақ үйге кіргізбей қойған мәселенің өзі де Ақ үйдің өзінің ішкі саясатынан туындайтын мүдделерден шығып отыр. Осыдан келгенде, әрине, қалыптасып жатқан осы жаңа әлемдік жағдайға байланысты қарым-қатынастар да мүлдем өзгеріп, жаңа тәртіптер қалыптасып жатыр.