Халықаралық ұйымдар Бакудің ToplumTV журналистеріне шығарған үкімін айыптады

Әзербайжандық ToplumTV тәуелсіз арнасының ұзақ мерзімге түрмеге жабылған қызметкерлері

Халықаралық журналистік ұйымдар әзербайжандық ToplumTV тәуелсіз арнасымен байланысты журналистерге ұзақ мерзімге түрме жазасын кескен сот үкімін айыптады деп хабарлады Азаттықтың Әзербайжан қызметі.

Еуропалық журналистер федерациясы (EFJ) және Халықаралық журналистер федерациясы (IFJ) 27 шілдеде жасаған мәлімдемеде сот үкімі процестің саяси астары бар екенін және кәсіби қызметін атқарып жүрген журналистерді билік қорқытып, үнін өшіргісі келетінін көрсеткені айтылған. IFJ және EFJ БАҚ қызметкерлері әділетсіз сотталғанын айтып, оларды дереу босатуды талап еткен.

"Бұл үкімдер сот процесі тек саяси екенін және Әзербайжандағы батыл дауыстарды өшіруге бағытталғанын тағы да растайды", – деді EFJ бас хатшысы Рикардо Гутьеррес.

"Бұл сот шешімі журналистерге, соның ішінде БАҚ-та жұмыс істейтін әйел қызметкерлерге қарсы қатал қуғын-сүргін саясатының бір бөлігі. Оның әділеттілікке еш қатысы жоқ. Бұл үкіметтің қуғын-сүргін және қорқыту саясаты", – деген IFJ бас хатшысы Энтони Беллангер.

27 шілде күні Баку соты "ToplumTV ісі" бойынша тоғыз журналист пен қоғамдық-саяси белсендіге үкім шығарды. Оған сәйкес, сот басылымның қос құрылтайшысы – Акиф Гурбанов пен Руслан Иззетлиге қаржы қылмысын жасады деген айыппен 15 жыл түрме жазасын кесті. Оларға қоса журналистерді жаттықтырған Әли Зейналов пен Toplum TV негізін қалаушы Аласғар Маммедли – 14 жылға; редактор Мушфиг Жаббаров, белсенділер Рамил Бабаев пен Илкин Амрахов – 13 жылға; ал журналистер Фарид Исмаилов пен Элмир Аббасова – 12 жылға сотталды.

Журналистер мен белсенділердің ешбірі тағылған айыптарды мойындамады, олар кәсіби қызметі үшін саяси тапсырыспен қудаланып жатқанын мәлімдеді.

Тоғыз айыпталушы арқалған жиынтық жаза мерзімі – 121 жыл деп жазды кейбір басылымдар. Осылардың арасында елге танымал заңгер Аласғар Маммедлидің дерті ауыр дейді таныстары.

ToplumTV – Әзербайжан министрліктеріндегі, шенеуніктер мен олардың отбасылық кландары арасындағы жемқорлық жайлы зерттеулерімен танымал медиа құралы. Басылым бұған қоса ел экономикасының шынайы жағдайы, елдегі цензура мен әлеуметтік мәселелер жайлы баяндайтын.

Оның өз сайты бар, YouTube-арнасына 100 мың қолданушы жазылған. Басылым қазір жұмысын жалғастырып жатыр, бірақ редакция құрамы өзгерген деп хабарлады ВВС.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Әзербайжанда оннан астам журналист пен оппозиционер ұсталды

2024 жылы наурызда полиция ақпарат құралының Әзербайжандағы кеңсесін тінтіп, есігіне мөр басып жауып тастап, редакция құрамындағы адамдарды түгелге жуық тұтқындаған.

Содан екі жыл бұрын қабылданған БАҚ қызметі туралы заң бойынша, Әзербайжанда баспасөз құралдарын шетелден қаржыландыруға толық тыйым салынған. Осы заң талабына сүйенген билік орындары басылым қызметкерлеріне ақша контрабандасымен айналысқан деген айыптар таққан. Кейінірек үстінен тағы да заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты, арам ақшаны заңдастырды, салықтан жалтарды және жалған құжаттар жасады деген айыптар қосқан.

Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясы қарарында осы ақпарат құралы журналистерін қудалауды Әзербайжандағы "сын айтатын үнді тұншықтыру" деп атады.

"Шекарасыз тілшілер" және өзге де құқық қорғау ұйымдары ToplumTV медиасына араша түсіп, оның журналистері "Әзербайжанда тәуелсіз басылымдарға мемлекет тарапынан жасалған қудалаудың құрбанына айналды" деп мәлімдеген.

2023 жылдың қараша айынан бері Әзербайжанда 30-дан астам журналист пен қоғам белсендісі контрабанда айыбымен қамауға алынған. Жергілікті адам құқығын қорғаушы ұйымдар дайындаған тізімдерге сәйкес, қазір Әзербайжан түрмесінде 328 саяси тұтқын бар.

Әзербайжан шенеуніктері елде ешкім кәсіби қызметі я саяси себептерге бола қудаланбайды деп мәлімдейді. Олар адам құқығын қорғаушылар тізіміндегі адамдарды қылмыстық іс-әрекеті үшін жауапқа тартылғандар деп атайды.