Украинаның "Хочу жить" ("Өмір сүргім келеді") жобасы Астана полициясының журналист Лұқпан Ахмедияровтың үстінен "көрінеу жалған ақпарат тарату" күдігімен қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатқанын журналистің кәсіби қызметіне қысым көрсету деп бағалап, Қазақстан билігін сөз еркіндігі қағидаларын сақтауға шақырды. Астана әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ.
"Хочу жить" — Ресей армиясы сапындағы әскери қызметкерлерді Украина аумағындағы соғыста ажал құшпау үшін ерікті түрде тұтқынға берілуге шақыратын және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік беретін Украинаның мемлекеттік жобасы.
"Журналисті кәсіби міндетін атқарғаны үшін қудалауға болмайды"
13 тамыз күні әлеуметтік желідегі парағында жариялаған мәлімдемесінде "Хочу жить" жобасы қылмыстық іс қозғауға ілік болған Ахмедияровтың "Просто журналистика" жобасында айтылған Ресей қарулы күштері сапында соғысқан немесе соғысып жүрген Қазақстан азаматтарының тізімін бұған дейін "Хочу жить" жобасы жариялағанын атап жазған.
Ұйымның мәлімдеуінше, Ресей армиясымен келісімшартқа отырған шетел азаматтары туралы ақпаратты олар Ресей қарулы күштеріндегі өз дереккөздерінен алған. "Хочу жить" жобасы қолында әлемнің 135 елінен шыққан 28 мыңнан астам шетелдік азаматтың жеке деректері жиналғанын, олардың арасында кемінде 2420 Қазақстан азаматы барын мәлімдеді.
"Хочу жить" бұл мәліметтерді бұған дейін бірнеше материалда жариялап, сондай-ақ Украинадағы Қазақстан консулы Бауыржан Бегәлімовпен кездескенде оған да тапсырғанын хабарлады.
Қазақстанның Украинадағы консулы Бауыржан Бегәлімов Ресей әскері жағында соғысып жүрген қазақстандықтардың тізімі жарияланғаннан кейін Украинаның әскери тұтқынмен қарым-қатынас штабының өкілдерімен кездескен сәті. 2025 жылғы сәуір айы. "Хочу жить" жобасы жариялаған сурет.
Ұйым жарияланған тізімдер Ресей дереккөздерінен алынғанын және әрбір адам туралы толық мәліметті қамтымауы мүмкін екенін атап өткен.
"Сондықтан мұндай жарияланымдардың мақсаты – құқық қорғау органдарына, журналистерге және OSINT-зерттеушілерге ақпаратты қосымша тексеруге, нақтылауға және Ресей жағында Украинаға қарсы соғысқа қатысқан шетел азаматтары туралы деректерді толық құжаттандыруға мүмкіндік беру", – дейді украиналық жоба.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Алдаған, арбаған, қорқытқан. Украинада соғысқа қатысты деген 661 қазақстандықтың тізімі шықты"Хочу жить" Лұқпан Ахмедияров өз материалдарында ақпараттың қайдан алынғанын ашық көрсеткенін айтып, журналистерді кәсіби міндетін орындағанына бола қудалауға жол бермеу қажет деп санайтынын мәлімдеген.
Украиналық жоба Лұқпан Ахмедияровтың биыл маусым айында Ресей федерациясы ішкі істер министрлігінің "жалған ақпарат" туралы бап бойынша журналистке қарсы қозғаған іс аясында солардың сұрауымен ұсталғанын, ал бұл жолы Астана полициясы оның үстінен "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен іс қозғап, тергеу бастағанын жазған.
"Хочу жить" жобасы Қазақстан билігі Ахмедияровтың заңды журналистік қызметін атқарғаны үшін қудалануына жол бермей, сөз еркіндігі қағидаларын қамтамасыз етеді деген үміт білдірген.
Қазақстан билігі елде цензураға тыйым салынған, сөз еркіндігі мен баспасөз бостандығына байланысты ешқандай проблема жоқ деп бұрыннан айтып жүр. Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда баспасөз еркіндігі шектелетіні туралы құқық қорғаушы ұйымдардың сынына келіспейтінін айтып, елде бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына барлық жағдай жасалған деп мәлімдеген.
Қазақстанда шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқан азаматты қылмыстық жауапқа тарту 2014 жылы Украинаның Донецк және Луганск облыстарында соғыс басталғаннан кейін енгізілген. Қазақстан заңы бойынша, шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу, жалдамалы әскер қатарына қосылу, ондай топтарға адам жинау, материалдық көмек беру және оларды оқыту қылмыс болып есептеледі. Ондай қылмыс жасаған адам 12 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленеді. Ал егер жағдайын ауырлататын себептер болса, ол адам азаматтығынан айырылып, өмір бойына түрмеге қамалуы мүмкін.
Журналист Ахмедияровқа қарсы берілген шағым
Бұған дейін Астана қаласының полиция департаменті Азаттыққа журналист Лұқпан Ахмедияровқа қатысты Қылмыстық кодекстің 274-бабы ("Көпе-көрнеу жалған ақпарат тарату") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатқанын растаған. Департамент басшысының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдин Азаттыққа берген жауабында журналистің іс бойынша мәртебесі туралы ақпарат бермеді.
Лұқпан Ахмедияров 3 тамызда отбасымен Черногорияға ұшпақ болған кезде Астана әуежайынан елден шыға алмады. Оның айтуынша, Шекара қызметінің өкілі оған елден шығуға Астана полициясы тыйым салғанын айтқан. Бұған дейін, 31 шілдеде, журналист полицияның шақыртуымен барып, түсініктеме берген. Ахмедияровтың сөзінше, оның үстінен Өскемен тұрғыны Андрей Котов деген азамат арыз жазған.
Котов журналистің Украинадағы мемлекеттік "Хочу жить" жобасы жариялаған Ресей әскері қатарында соғысып жүрген қазақстандықтар тізімін бөліскеніне шағымданған. Котов тізімде өз аты-жөні барын, бірақ Украинада соғыспағанын, Ресейде вахталық әдіспен жұмыс істегенін, әлгі тізім жарияланғаннан кейін туыстарымен, достарымен және әріптестерімен қарым-қатынасы нашарлағанын айтып, Ахмедияровты жауапқа тартуды сұраған. Кейін Руслан Мухаметов есімді тағы бір адам да осындай мазмұнда мәлімдеме жасаған.
Ахмедияров "Хочу жить" жариялаған тізімді Қазақстан билігінің назарына ұсыну мақсатында бөліскенін, ол тізімдегі барлық адам соғысқа қатысқан демегенін, тек Украина жобасы жариялаған деректі таратқанын айтады.
"Хочу жить" жобасы Ресей әскері құрамында соғысқан шетел азаматтарының тізімдерін кезең-кезеңімен жариялап келеді. Журналист Лұқпан Ахмедияров былтыр да осыған ұқсас шағым бойынша Астана полициясына апарылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
274-бап бойынша іс. Полиция журналист Лұқпан Ахмедияровты неге ұстады?Ахмедияровтың айтуынша, биыл тамызда елден шығуына тыйым салынғалы бері полицияға қайта шақырылмаған, іс бойынша адвокаты жұмыс істеп жатыр. Ол заңгерімен бірге ұшақ билеттерінің шығынын өндіріп алу жөнінде Астана полициясына шағым түсірмек.
6 тамызда Халықаралық журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Қазақстан билігін журналист Лұқпан Ахмедияровтың шетелге шығуына қойылған шектеуді алып тастауға және оған қысым көрсетуді тоқтатуға үндеген. Ұйым бұған дейін Ахмедияровтың әлеуметтік желідегі аккаунттары бұғатталып, жазбалары өшірілгенін және шілдеде әлдебіреу оның көлігіне бояу шашқанын да атап көрсеткен. Қазақстандық "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қоры, Құқықтық медиа-орталық қоғамдық ұйымдары да осындай мазмұндағы үндеу жасап, билікті журналистерді кәсіби міндетін атқарғанына бола қудалауға жол бермеуге шақырған.