Халықаралық Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Қазақстан билігін "Просто журналистика" Youtube-арнасының авторы, журналист Лұқпан Ахмедияровқа елден шығуға қойылған шектеуді алып тастауға және оған қысым көрсету әрекеттерін тоқтатуға шақырды. Бұл туралы ұйымның 5 тамызда жариялаған мәлімдемесінде айтылған.
CPJ-дің жаһандық мәселелер жөніндегі бас директоры Джипси Гильен Кайзердің айтуынша, Қазақстанда тәуелсіз журналистерге қозғалған қылмыстық істер көбейіп жатқан тұста Ахмедияровқа қойылған, себебі түсіндірілмеген елден шығу шектеуі алаңдаушылық туғызады.
"Қазақстан билігі Ахмедияровтың жүріп-тұру еркіндігіне қойылған барлық шектеуді дереу алып тастап, оның кәсіби қызметіне байланысты қысым көрсету әрекеттерін жедел тергеуі керек", – деді CPJ өкілі.
Журналист Лұқпан Ахмедияров 3 тамызда отбасымен бірге Черногорияға демалысқа бармақ болып Астана әуежайына барған кезде елден шыға алмаған. Өз айтуынша, шекара қызметкерлері оған Астана қалалық полиция департаменті елден шығуына тыйым салғанын хабарлаған. Журналист бұл шектеуге қатысты өзіне қосымша ақпарат берілмегенін айтқан.
Ахмедияровтың пікірінше, бұл шешім 31 шілдеде полицияға шақыртылып, 2025 жылғы сәуірде жариялаған әлеуметтік желідегі жазбалары бойынша жауап бергенімен байланысты болуы мүмкін. Сол жазбаларда журналист Украина үкіметі жариялаған, Ресейдің Украинаға қарсы ашқан басқыншылық соғысына қатысып жатыр делінген Қазақстан азаматтарының тізімін бөліскен. Тізімді Украина жариялағанымен, кейін өзін Өскемен тұрғыны Андрей Котов және Руслан Мұхаметов деп таныстырған екі азамат бұл тізімге өздері негізсіз енгізілгенін айтып, Ахмедияровты жауапқа тартуды талап еткен.
CPJ ұйымына сұхбат берген Ахмедияров Қазақстан билігі өзін жалған ақпарат тарату не жеке деректерді заңсыз жариялау баптары бойынша жауапқа тартуы мүмкін деп қауіптенетінін айтқан. Мұндай күдігіне кейінгі кезде Қазақстанда журналистерді кәсіби қызметіне байланысты осыған ұқсас айыптармен қудалау жиілегені негіз болып отыр.
Кейінгі жылдары Ахмедияров негізінен Ресейдің Қазақстан азаматтарын Украинадағы Кремль басшылығы бастаған соғысқа тартып жатқаны жайлы айтып, жариялап жүр. Журналистерді қорғау комитеті былтырдан бері Ахмедияров жұмысына байланысты биліктің қысымына жиі ұшырап келе жатқанын айтады.
2025 жылғы сәуірде билік Лұқпан Ахмедияровты әлеуметтік желіде осы тақырыпта жариялаған тағы бір жазбасына байланысты қозғалған "жалған ақпарат тарату" ісі бойынша ұстап, жауап алған. Ал биыл маусымда полиция Ахмедияровты қысқа уақытқа ұстап, Ресейде оған қатысты "Ресей қарулы күштері туралы көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.
CPJ мәліметінше, кейінгі бір жыл ішінде журналистің әлеуметтік желідегі аккаунттары бірнеше рет әлдекімдердің "авторлық құқықты бұзған" деген негізсіз шағымдарынан кейін бұғатталып, жариялаған материалдары өшірілген. Ал шілде айында Астанада белгісіз біреу оның көлігіне бояу шашып кеткен.
CPJ бұл мәселеге қатысты пікір алу үшін Қазақстан сыртқы істер министрлігі арқылы Астана қаласының полициясына сауал жолдағанын, бірақ жауап келмегенін жазды.
Биыл сәуірде CPJ және баспасөз бостандығы мен адам құқықтарын қорғайтын тағы бес халықаралық ұйым Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірлескен хат жолдап, елде журналистердің ұсталуына және БАҚ-қа қысымның күшеюіне алаңдаушылық білдірген.
Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымының баспасөз бостандығы рейтингінде Қазақстан биыл 8 саты төмендеп, 149-орынға түскен. Интернеттегі еркіндікті саралайтын Freedom House ұйымы есебінде Қазақстан "еркін емес ел" тізімінен шыға алмай келеді. Қазақстан билігі бұған келіспей, халықаралық рейтингтер біржақты жасалады, шынайы ахуалды көрсететін бейтарап көрсеткіш емес дейді.