Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 14 тамызда Президент әкімшілігінің мәртебесі, міндеттері мен өкілеттіктері туралы заңға қол қойды. Президент әкімшілігін оның үлкен қызы Саида Мирзияева басқарады. Енді ол елдің Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары қызметін де атқарады.
Заң президент жарлықтарының орындалуын бақылауды, мемлекет басшысына тікелей бағынатын мемлекеттік органдардың, күштік, бақылаушы және құқық қорғау құрылымдарының жұмысын үйлестіруді президент әкімшілігінің құзыретіне береді. Сонымен қатар әкімшіліктің міндеттеріне мемлекеттің кадр саясаты, мемлекеттік қызметті басқару, ішкі және сыртқы саясат, адам құқықтары, азаматтық, рақымшылық және кешірім жасау мәселелері кіреді. Бұл өкілеттіктер өңірлерге де таралады – әкімшілік облыстар мен Ташкент билігінің мемлекеттік саясатты жүзеге асыруын бақылап отырады.
Заңның жеке бір бөлігі әкімшілік қызметкерлерінің иммунитетіне арналған. Бұл олардың тұрғын үйіне, көлігіне, хат-хабарлары мен электронды деректеріне қатысты қол сұғылмаушылықты қамтиды. Әкімшілік басшысына қатысты қылмыстық істі тек Бас прокурор қозғай алады, ал істі тек Жоғарғы сот қарайды. Жоғары лауазымды басшылардың, соның ішінде Саида Мирзияеваның өміріне қолсұғылмаушылық қызметтен кеткеннен кейін де өмір бойы сақталады. Ал басқа басқарушы қызметкерлер үшін бұл мерзім бес жылды құрайды.
Шенеуніктер мен олардың отбасы мүшелеріне өмір бойғы дипломатиялық паспорттар мен әлеуметтік кепілдіктер де беріледі. Олардың қатарында қызметтік тұрғын үй, медициналық қызмет көрсету және санаторий-курорттық емделу қарастырылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Әкесінің қыздары. Орталық Азиядағы президент қыздарының өсуі мен құлдырауыGazeta.uz журналисті Шухрат Латыпов заңның өте жылдам қабылданғанын айтады: парламенттегі бірінші оқылымнан бастап президенттің қол қоюына дейін небәрі он күн өткен.
2023 жылы Мирзияев президент әкімшілігінің басшысы қызметін жойған еді. Алайда екі жылдан кейін бұл қызмет қайта құрылып, оған өз қызын тағайындады.
Саида бұл қызметке тағайындалғанға дейін президенттің көмекшісі болып жұмыс істеген. Сондай-ақ ол президент әкімшілігінің басқармасында коммуникациялық және ақпараттық саясат бөлімінде қызмет атқарған.
Кейінгі жылдары Мирзияева мемлекеттік іс-шаралар мен жоғары деңгейдегі кездесулерге жиі қонақ ретінде қатысып, шетелдік делегацияларды қабылдады, ел өңірлерін аралады және шетелдегі іс-шараларда Өзбекстанның атынан өкілдік етті. Сарапшылардың пікірінше, Мирзияев Саиданы өзінің мұрагері ретінде дайындап жатқан болуы мүмкін. Алайда билік бұл жөнінде әзірге ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ.