Майк Помпео: Біз Орталық Азияның гүлденгенін қалаймыз

Your browser doesn’t support HTML5

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Азаттық тілшісі Әйгерім Төлеухановаға берген сұхбаты. Нұр-Сұлтан, 2 ақпан 2020 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қазақстанға бір күндік жұмыс сапары барысында Азаттыққа сұхбат берді. Дипломат АҚШ-тың Шыңжаңдағы "саяси тәрбие лагерьлері" бойынша ұстанымы, Орталық Азияда қандай мәселелерге басымдық беретіні және Қазақстанмен әріптестігінің болашағы жайлы айтты.

Азаттық: АҚШ үкіметі [Шыңжаңдағы] қуғын-сүргінге қатысы бар [қытайлық] кей компания мен шенеунікті санкция тізіміне енгізді. Ал Шыңжаңда этникалық ұлт өкілдері бар Қазақстан мен тағы бірнеше ел "Бұл – Қытайдың "ішкі мәселесі" деп отыр. Бұл сізді алаңдатпай ма? Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Шыңжаңдағы мәселе туралы не айттыңыз?

Майк Помпео: АҚШ-тың [бұл мәселе бойынша] ұстанымы айқын. Біз өзіміз жүрген жердің барлығында әр адамға құрметпен, адамгершілікпен қарауды сұраймыз. Қазақстан үкіметі жақсы жұмыс атқарды, Қытай үкіметі талап етсе де, адамдарды кері қайтарған жоқ (Қытайдан келіп, Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған этникалық қазақтарды меңзеп отыр – ред.), біз оны құптаймыз. Бірақ бұл шешілуге тиіс мәселе екенін білеміз. Адамның негізгі, фундаменталды құқықтары маңызды.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қытайдың Шыңжаң өлкесінде қалған туыстары қысым көріп жатқанын айтқан қазақтармен кездесіп тұр. Нұр-Сұлтан, 2 ақпан 2020 жыл.

Азаттық: Қазақстанда өткен жылы Нұрсұлтан Назарбаев қызмет өкілетінен бас тартқаннан кейін бірінші [президенттік] сайлау өтті. Сайлау кезінде және одан кейін мыңдаған адам ұсталды. Құқық қорғаушы ұйымдар Қазақстандағы [құқықбұзушылық] оқиғаларын сынады. Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайын жақсарту бойынша АҚШ-тың қандай міндеттемелері бар?

Майк Помпео: Жаңа айтқанымдай, біз бұл мәселелерді барлық жерде және үнемі айтып жүрміз. Бүкіл әлем бойынша солай. Қазақстанда жағдайдың жақсара бастағанын байқадық. Жаңа үкіметтің шынайы реформаларға айналуы ықтимал өзгерістер жасауға ұмтылысын көріп отырмыз. Мұны сіз [өзіңіз де] көре аласыз. Қазақстанға америкалық компаниялардың келіп жатқанын байқауға болады. Өйткені елде нағыз реформалар қолға алынып, жағдай жақсарып келеді. Америкалық компаниялар заң үстемдігі жоқ, адамдарға құрметпен қарамайтын және адам құқығын құрметтемейтін елдерге бармайды және оның бір бөлігіне айналмайды. Көріп отырғанымыздай, мұнда келу туралы шешімді америкалық компаниялар [өздері] қабылдап отыр. Шынайы өзгерістер болып жатқанын қазақстандықтар да байқай алады деп ойлаймын. Олар өзгерістерді талап етуді, бұл туралы айтуды жалғастыруы керек. Біз жақсы өзгерістер жалғасады деп үміттенеміз.

Азаттық: Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайын жақсарту үшін нақты қандай жоспарыңыз бар?

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео (сол жақта) мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Нұр-Сұлтан, 2 ақпан 2020 жыл.

Майк Помпео: Бұл мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ол құқыққа әр ұлт өзі қол жеткізуі керек, бұл елдердің азаматтары өз мақсатына қарай ұмтылуы қажет. Өз тарапымыздан арнайы қолдау көрсетеміз, бізде бұл мақсатта жұмыс істейтін бағдарлама көп. АҚШ мемлекеттік департаментінің журналистерге тренинг ұйымдастыру және баспасөз еркіндігін қамтамасыз ету бойынша қандай үлкен жұмыс атқарып жатқанын журналист ретінде білесіз деп ойлаймын. Осының барлығы ел ішіндегі азаматтық қоғамды қалыптастырады, біз соған сенеміз. Біз мұнда көмектесу үшін жүрміз және осы ісімізді жалғастырамыз.

Азаттық: Өткен жылы кәсіби міндетін атқарып жүрген Азаттық журналистеріне шабуыл жасалды, кінәлілерді табу ісінде билік тарапынан нәтижелі іс-әрекет байқалмайды. Сіз осы ресми сапарыңызға шығар алдында Ұлттық қоғамдық радионың (NPR) тілшісіне даулы сұхбат бердіңіз. Осыдан кейін сіздің департаментіңіз NPR-дің басқа тілшісін пресс-пулдан [мемлекеттік хатшының осы сапары барысында жанында жүрген журналистер тобы – ред.] шығарып тастады. Сіз осылайша NPR-ден өш алдыңыз ба?

Майк Помпео: Ол сұхбат әдетте Америкада беретін сұхбаттарыммен салыстырғанда сондай даулы болған жоқ. Біз жүздеген сұраққа жауап беріп, ашық сөйлейміз, өз пікірімізді білдіреміз, ал тілшілер сұрақтарын қояды. Америкада бәрі солай болады. Ал енді сапар барысында жанымда жүргендерге [журналистерге] келсек, біз олардан өзін белгілі бір тәртіпке сай ұстауды – шындықты айтып, әділ болуын талап етеміз. Олар осы ережелерді сақтаса – [сапарға] қатыса алады. Ал ережелерді сақтамаса – оларды сапарға ерту орынсыз болады. Шындығында, бұл пресс-пулға қатысқан басқа журналистер үшін де әділетсіз болар еді.

Азаттық: Қазір Орталық Азияда қандай мәселелерге басымдық беріліп отыр? Ауғанстанда бейбітшілік пен келісімге қол жеткізу ме, діни радикализмге қарсы күрес пе, әлде басқа нәрсе ме?

Майк Помпео: Бәрі бірге. Біз Орталық Азияның гүлденгенін қалаймыз. Өңір халқының әрқайсысы тәуелсіз әрі еркін болса дейміз. Олардың өздеріне тән қайталанбас мәдениетін дамытқанын құп көреміз. Осының барлығына қол жеткізу үшін олармен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Көздеген мақсатқа жету үшін [Орталық Азияны] нағыз америкалық ресурстармен қамтамасыз етеміз және [аймақта] ары қарай да қала бермекпіз.

Азаттық: С5+1 алаңы туралы айтсақ. Қазіргі АҚШ әкімшілігінің тұсында бұл алаңның болашағы қандай болмақ?

Майк Помпео: Бұл алаң өзінің маңызды екенін көрсетіп үлгерді деп ойлаймын. Біз ертең жиналып, қауіпсіздік мәселесі мен [Орталық Азия] мемлекеттерінің арасындағы экономикалық интеграция сияқты әртүрлі тақырыпты талқылап, адам құқықтарының жағдайы мен экономикалық ахуалды жақсарту, саяси еркіндікті кеңейту үшін әр ұлт өз мемлекетін қалай өзгерте алатыны туралы сөз қозғаймыз.

Азаттық: Өткен жылғы желтоқсан айындағы баспасөз хабарламаңызда Қазақстанның саяси элитасымен әңгіменің бір тақырыбы адам құқықтары болады деп жазылған. Қазақстандағы адам құқықтары тақырыбына қатысты нақты не айтқаныңызды білуге бола ма?

Майк Помпео: Мен ешқашан болған әңгіменің жай-жапсарын ашып айтпаймын, бірақ баспасөз мәслихатында біз тек Қазақстандағы ғана емес, [Орталық Азия] өңіріндегі адам құқықтарының жағдайы туралы айттық. Және біз оларға бұл мәселеде АҚШ көмектесетінін айттық. Бұл өзгерістердің жалғасатынына көз жеткізгіміз келеді.