Иран АҚШ-тың Таяу Шығыстағы одақтастарына шабуылды уақытша тоқтататынын мәлімдеді

Ормуз бұғазы. Оманның Мусандам қаласынан түсірілген сурет, 26 шілде, 2026 жыл.

Тегеран мұны Вашингтонның Иранға қатарынан екінші түн соққы жасамауымен байланыстырған. Иран армиясының өкілі егер АҚШ шабуылдарды қайта бастаса, қақтығыс ауқымы кеңеюі мүмкін екенін ескертті. Оның айтуынша, ондай жағдайда Иранның одақтастары, соның ішінде Йемендегі хуситтер де әрекет жасауы ықтимал.

Кейінгі екі аптада АҚШ Иран аумағына бірнеше күн шабуыл жасап, Тегеран оған қарымта ретінде АҚШ әскери базалары орналасқан Қатар, Бахрейн және Иорданиядағы нысандарға шабуылдаған.

Сарапшылар АҚШ шабуылдарындағы үзілісті АҚШ президенті Дональд Трамп пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың Вашингтонда өтеді деп жоспарланған кездесуімен байланыстырады.

The New York Times мәліметінше, Трамп әзірге Иранға қарсы әскери науқанды күрт күшейту жоспарынан бас тартқан. Бұған әскери басшылықтың Таяу Шығыстағы әуе қорғанысы жүйелерінің зымыран қоры тез сарқылуы мүмкін деген ескертуі себеп болған.

Пентагон өз күштері жеткілікті деңгейде жарақтандырылғанын мәлімдеді. Ал Трамп Иранға қатысты кең ауқымды операцияны қайта бастау туралы түпкілікті шешім қабылдамағанын айтып, Иран "келісімге келуді немесе әлдеқайда қуатты соққылардың" бірін таңдауға тиіс деп мәлімдеді.

Иран мемлекеттік телеарнасы елдің әскери күштері кейінгі бір күнде Ормуз бұғазы арқылы өтпек болған алты кемені тоқтатқан деп хабарлады. Бұған қоса Тегеран Оманмен бұғаздағы кеме қатынасының тетіктері жөніндегі келіссөзде ілгерілеу бар екенін айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

NYT: Трамп ракета жетпегендіктен Иранмен шиеленісті күшейтуден бас тартты