Иран "толқудың жаңа кезеңіне өтті": наразылық Тегераннан тыс аймақтарға тарады

Иран астанасы Тегерандағы наразылық шеруі. 29 желтоқсан 2025 жыл.

Сыртқы қысымға душар болып отырған Иран билігі ішкі наразылыққа тап болды. Елде экономикалық жағдай нашарлап, шетелден әскери соққы қаупі төнген тұста жұрт көшеге шеруге шықты.

30 желтоқсан күні бірнеше қалада наразылық акциясы өткені, университеттерде студенттер митингі болғаны хабарланды. Базарлар мен дүкендер жабылған.

Шерулер содан екі күн бұрын басталған. Ол күндері қауіпсіздік күштері жиналған жұртты тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданған. Наразылыққа шыққандар ұлттық валютаның күрт құнсыздануына қарсы ұрандар айтып, үкіметке қарсы талаптар қойған.

ҚАРСЫЛЫҚТЫҢ ҮШІНШІ КҮНІ

Әлеуметтік желілердегі видеодан наразылықтың үшінші күнге ұласқанын байқауға болады.

Азаттық радиосы тексере алған бір видеода Тегерандағы шерушілер қауіпсіздік күштерін шегіндіріп жатқаны көрінеді. Наразы топ полицейлерге түрлі зат лақтырып, олар қарымта ретінде көзді ашытатын газ қолданған.

"Біз елдегі толқудың жаңа кезеңіне өттік. Бұл – Иран экономикасының долларлану кезеңі... Дәл осы жағдай наразылыққа бастады" деді Тегеранда тұратын саясаттанушы Хамид Асефи Азаттықтың Иран қызметіне (Фарда радиосы). "Базарлардағы және экономикадағы жағдай көңіл көншітпейді. Төрт-бес айда барлығы қалыпқа келеді деп айта алмаймыз".

Иранда көше наразылығы күшейіп жатқан тұста Атлант мұхитының арғы жағынан тағы бір қауіптің елесі көрінді. АҚШ президенті Дональд Трамп Флоридадағы Мар-а-Лагодағы резиденциясында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездесті.

Одан Иран зымыран немесе ядролық бағдарламасын жалғастырса, АҚШ Израильдің жаңа әскери соққыларын қолдай ма деп сұрағанда, Трамп тайсақтамады.

Тегерандағы наразылар. 29 желтоқсан 2025 жыл.

"Егер олар зымыран әзірлеуді жалғастырса – иә. Ядролық [бағдарламасын] жалғастырса – тез арада. Біріншісіне жауабым – "иә, сөзсіз", екіншісіне – "бірден әрекет етеміз", – деді ол.

Содан бір мезет бұрын Трамп Иран билігіне іштен төнген қауіп туралы айтты.

"Иранда мәселе көп. Инфляция өте жоғары. Экономикасы күйреп жатыр… адамдардың көңілі толмай отырғанын білемін. Бірақ естеріңізге салайын, олар елде бүлік бола қалса немесе адамдар бас қосып, азды-көп топ құрса, жұртқа оқ атады" деді ол.

ИРАН РИАЛЫНЫҢ КҮРТ ҚҰНСЫЗДАНУЫ

Қазіргі бағам бойынша, АҚШ-тың бір доллары Иранның 1,4 млн риалына тең. Бір жыл бұрын қара нарықта доллар құны 800 мың риал болған. Ресми бағамның көрсеткіші жақсырақ, бірақ ол бағаммен валюта айырбастау көпшілік үшін қолжетімсіз.

Саудагерлер наразылық ретінде жұмысын тоқтатып, шерушілерге қосылғандықтан, дүкендердің көбі жабылып қалды.

"Бұл – күнкөріс мәселесі. Саудагерлер бүгін тауарын сатса, ертең жаңа тауар ала ала ма, жоқ па – соны білмейді. Егер олар тауарын үлкен шығынға бата отырып сатса, көшеге шығып, үнін естіртеді" дейді саясаттанушы Хамид Асефи.

АҚШ-та тұратын ирандық саясаттанушы Әли Афшари осы пікірді құптап, Иранның халықаралық оқшаулануы (АҚШ пен БҰҰ санкциялары әсерінен) экономикаға ауыр тиіп жатқан айтады.

"Үкімет бұл мәселені түбегейлі шеше алмайды. Ол үшін сыртқы саясатты өзгерту қажет, ал Трамп әкімшілігінің ұстанымын ескерсек, бұл өте қиын" деді ол Азаттыққа. "Мұның бәрі келісімге келуді қиындатады. Ал санкциялар алынбаса, Иран оқшауланған күйі қала бермек".

Экономиканың нашарлауы қарсылыққа бастаған жалғыз себеп емес.

Наразылар сондай-ақ "диктаторға өлім" деп ұрандатты. 2022 жылы бүкіл ел аумағында "Әйел, өмір, азаттық" дейтін наразылық өткен кезде де осы ұран айтылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Әйел, өмір, азаттық!" Ирандағы наразылық фольклорының бір қыры

Ал Нетаньяхудың Флоридаға сапарынан кейін Израильдің Иранға соққы жасау ықтималдығы арта түскендей.

"Олар мұның салдарын біледі. Салдары өте ауыр болады, бәлкім өткен жолғыдан да ауыр болар" деді Трамп маусымдағы 12-күндік соғысты меңзеп. Сол күндері Израиль мен АҚШ Иранның ядролық және әскери нысандарын әуеден соққылаған.

Лондондағы Chatham House талдау орталығы Африка және Таяу Шығыс бағдарламасының жетекшісі Санам Вакилдің айтуынша, Нетаньяху назарды зымыран қатеріне аударып, оны келесі әскери соққыға ілік ретінде пайдаланғысы келеді.

"Бұл – әскери соққы міндетті түрде жасалады дегенді білдірмейді. Бірақ бұл алдағы әрекеттерге негіз болатын себептер тізімін ұлғайтады... Әскери инфрақұрылымға жасалған ауыр соққылар экономикалық және саяси қысымды күшейткенімен, режим төңірегінде ұлтшылдық көңіл-күйді оятуы да мүмкін" дейді ол.

Тегеран билігі бұл қос қысымға қоқан-лоққы мен үндеулер арқылы жауап беріп жатыр.

Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменейдің аға кеңесшісі Әли Шамхани кез келген шабуылға "жедел әрі қатал жауап" берілетінін мәлімдеді.

"Иранның қорғаныс доктринасына сәйкес, жауап қатер жүзеге аспай тұрып-ақ айқындалады", – деп жазды Шамхани 29 желтоқсанда X желісінде. Ол Иранның зымыран әлеуеті мен қорғанысы "шектеуге де, рұқсатқа да бағынбайтынын" атап өтті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ  Хаменеи мен Трамп бір-біріне сес көрсетті. Иран халқы қауіпсіз жер іздеп бас сауғалап жатыр

Иран президенті Масуд Пезешкиан да: "Ислам Республикасына қарсы кез келген озбыр агрессияға қатал әрі өкіндіретіндей жауап болатынын" айтты.

Бұған дейін ол Ішкі істер министрлігіне жүгініп, наразылық білдірушілердің "заңды талаптарын олардың өкілдерімен диалог арқылы тыңдауды" тапсырғанын мәлімдеген еді. Бұл кейінгі күндері Тегеранда қауіпсіздік күштері қолданған тәсілден өзгеше ұстаным болып отыр.

Азаттық радиосы Иран қызметінің хабарына сүйеніп жазылды.