60 ПАЙЫЗ ДЕГЕН НЕ?
Алдымен цифрларға жүгінейік. 3-5 пайыз байытылған уран атом электр станцияларында отын ретінде пайдаланылады. Ал ядролық қаруға 90 пайызға дейін байытылғаны керек. Кейінгі деректерге сәйкес, Иранның бақылауындағы уран 60 пайыз байтылған. Қағаз жүзінде бұл қару емес, әрине. АҚШ-та тіркелген Халықаралық ғылым және қауіпсіздік институтының ғалымдары уранды 20 пайызға дейін байыту ең көп уақытты алады, ал ары қарай 90 пайызға жеткізу жылдам процесс дейді.
Америкалық институттың дерегінше, Иран 2021 жылдың сәуірінен 2024 жылдың соңына дейін 3,5 жылда 230 келі уранды 60 пайызға дейін байытқан. 2025 жылдың маусымына дейін қорын екі есеге ұлғайтқан. Ал Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттіктің, яғни МАГАТЭ-нің есебінше, АҚШ шабуылына дейін Иранда 60 пайыздық 440,9 келі уран болған. Бұл 10 ядролық оқтұмсық дайындауға жетеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
АҚШ Иранның ірі ядролық нысандарын бомбалады2025 жылдың маусымында Израиль мен АҚШ Натанз, Фордо және Исфахандағы ядролық нысандарды бомбалады. 12 күнге жалғасқан сол қақтығыстан кейін Тегеран елдегі уранның қазіргі жайы туралы МАГАТЭ-ге есеп бермей келеді. Әйтсе де, агенттік басшысы Рафаэль Гросси АҚШ соққысынан зақым көрмеген Исфахандағы туннельдерде 200 келіден астам уран болуы мүмкін деп биыл наурызда мәлімдеген. Ал 5 маусым күні МАГАТЭ кеңсесінде өткен баспасөз мәслихатында Гросси Иранның ядролық әлеуетін қайта бағалауға тырысып жатқанын айтты.
– Біз [Иран билігі] көрсетуге келіскен Бушер атом электр станциясы және өзге де нысандарда тексеріс жүргізе алдық. Сондықтан, әрине, олардың бізге нені көрсетіп, нені көрсетпейтініне қатысты белгілі бір деңгейде таңдау құқығы бар екені анық. Дегенмен, бәріңізге мәлім, Иранның [халықаралық келісімдерге сәйкес] заңды міндеттемелері әлі де күшінде, – деді МАГАТЭ басшысы.
ҚАЗАҚСТАН НЕГЕ АРАЛАСТЫ?
АҚШ президенті Дональд Трамп Иран уранын не Вашингтонға, не халықаралық бақылауға беруі керек деп талап етіп отыр. Ресей не Қытайға беруді құптамайтынын да білдірді. Ал Иран көсемі Мұжтаба Хаменеи уран елден шығарылмауы керек деді. Әйтсе де, Al Arabiya English аноним ресурстарына сілтеп, Иран қалған уранын Қытайға жіберуге келісіп отырғанын мәлімдеді. Иран өкіметі мұны кейін жоққа шығарды. Ал кейінгі бірнеше аптадан бері 440 келі уран жеткізілетін үшінші ел Қазақстан болуы мүмкін екені айтыла бастады.
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақстан Иран уранын «сақтауға әзір». Бұл қауіпті емес пе?
2026 жылы 11 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бразилия сыртқы істер министрімен кездесіп, Қазақстанның Иран дағдарысын шешуге көмектесуге дайын екенін мәлімдеген. Ал мамырдың соңында МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси Астанаға келіп, Тоқаевпен кездескен. Содан көп өтпей, 29 мамырда Financial Times басылымы Гроссиге сілтеп, Қазақстан президенті Иран уранын сақтауға "ашық екенін" айтқанын жазды.
Қазақ өкіметі мұны ресми растады. 1 маусымда сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев брифингте былай деді:
– Мәмілеге тартылған барлық тарап арасында тиісті халықаралық келісімдерге қол жеткізілген және мәселелер нақты іске көшкен жағдайда Қазақстанмен қоса тағы бірнеше ел ізгі ниет танытып, осы мәселені шешуге техникалық көмек көрсетуге дайын екенін білдірді, – деді Ерлан Жетібаев.
МАГАТЭ Бас директоры Рафаэль Гросси және Қазақстан президені Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана. 26 мамыр, 2026 жыл. (Ақорданың ресми фотосы)
Ал 9 маусым күні Қазақстанның Ирандағы елшісі Оңталап Оңалбаев Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Ғарибабадимен кездесті. Негізгі талқы су ресурстары жөнінде болған, уранды тасымалдау мәселесі талқыланды ма, жоқ па, белгісіз, бірақ халықаралық ұйымдар аясындағы екі ел ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылағаны хабарланды.
"САПФИР" ЖОБАСЫ МЕН МАГАТЭ ҚОЙМАСЫ
СССР ыдырағаннан кейін Қазақстанда жүзден астам құрлықаралық баллистикалық зымыран мен 1000-нан астам ядролық оқтұмсық қалып қойды. Ел ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, оны Ресейге берген. Ал 1994 жылы Өскемендегі Үлбі металлургия зауытының директоры қарамағында қалып қойған 600 келі ядролық қаруға пайдалануға дайын уранды сатып алушыны іздеп, Алматыда жүрген америкалық дипломат Энди Уэбермен байланысқан. Байытылған уран құпия түрде Вашингтонға жеткізіледі. "Сапфир" жобасы деп аталған бұл құпия операция туралы бәрі біткен соң ғана белгілі болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
1990-жылдары АҚШ Қазақстаннан уран әкету операциясын қалай жүргізді?Қазақстанның ядролық дипломатиядағы рөлі мұнымен бітпейді. 2015 жылғы келісім кезінде Қазақстан Иранға Тегеранның байытылған ураннан бас тартуын қанағаттандыру мақсатында 60 тонна табиғи уран жеткізген. Ал 2019 жылдан бері дәл сол Үлбі зауытында МАГАТЭ-нің әлемдегі жалғыз төмен байытылған уран қоймасы жұмыс істейді. Америкалық Atlantic Council институтының энергетика тасымалы бойынша сарапшысы әлемдегі уран өндірісінің 40 пайызын меншіктеген Қазақстан келіссөздің екі жағына да тиімді болуы мүмкін дейді.
– Қазақстан – шынымен де өте қызық әрі жақсы таңдау. Оның себебі қарапайым: Қазақстанның қалыптасқан ядролық өнеркәсібі бар. Ол атом электр станциясын салуға бекініп отыр. Ал, бәлкім, ең бастысы, бұл ел бұған дейін ядролық қарусызданудың әскери аспектілеріне де араласқан. Өйткені 1990-жылдары Совет одағы ыдырағаннан кейін, Ресей Федерациясының тікелей бақылауынан шығып қалған совет оқтұмсықтарының тағдыры не болады деген сұрақ туындады. Тек Украина емес, Қазақстан да өз аумағында орналасқан ядролық қарудан арылды, – деді The Atlantic Council сарапшысы Джон Робертс Азаттыққа.
АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі болған Дэниел Розенблюм жақында берген бір сұхбатында АҚШ пен Иран келіссөзінің шешуші нүктесі Қазақстанға келіп тірелсе, бұл Астананың халықаралық беделін көтереді деген пікір айтты.
"БҰЛ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БЕДЕЛІН АРТТЫРАДЫ"
– Бұл, сөзсіз, Қазақстанның халықаралық сахнадағы беделін арттырады. Меніңше, бұл Астанаға өте қатты ұнайды. Олар өздерін әрқашан бейтарап ұстап, тіпті қажет болған жағдайда жаһандық державалар арасындағы қақтығыстарда делдал рөлін атқара алатын ел ретінде көрсеткенді ұнатады. Сондай-ақ, Ираннан ядролық материалды өз жауапкершілігіне алып, оны Өскемен қаласында орналасқан уран қоймасында сақтау сияқты нақты рөлді атқара алу олар үшін маңызды, – деді Дэниел Розенблюм.
Үлбідегі МАГАТЭ қоймасы атом станциясына жарамды уранды сақтауға бейімделген. Ал Ираннан келуі мүмкін уран 60 пайызға дейін байытылған. Бұл басқа санаттағы жауапкершілік және тәуекелі де бар, дейді сарапшы.
– Бір ғана қорқатын тұсы, бұл [уранның] қаруға қолдануға дайын болып қалған түрі. Оның қауіпсіздігі қаншалықты қаматамсыз етіледі. Оған, мысалы, басқа елдің немесе әртүрлі ұйымдардың қызығушылығы болуы мүмкін. Сол жақтары қалай болады. Бұл үлкен сұрақ. Мысалы, Ресейдің [Украинадағы] соғысынан көріп жатырмыз, бір дронмен быт-шытын шығаруға болады. Қазір көріп отырамын, бізде зауыттардың үстінде бейберекет ұшып жүреді. Ешқандай бұғаттаушы жоқ, – дейді өскемендік эколог Дәулет Асанов Азаттыққа.
Үлбідегі қойманың қауіпсіздік стандарттары туралы МАГАТЭ-нің ресми құжаттарынан білуге болады. Ондағы уран гексафторид түрінде, яғни сұйық та, газ да емес, ақшыл-сұр түсті балауыз тәрізді қатты зат күйінде сақталады. Небәрі 5 пайызға дейін байытылған. Олар мынадай болаттан жасалған цилиндрлерде сақталады. Агенттіктің есебінше, Үлбідегі қоймада осындай 60 цилиндр бар. Мұндағы уран қоры – МАГАТЭ меншігі, ал оның қауіпсіздігіне Қазақстан жауапты. Әйтсе де, МАГАТЭ-нің Өскемендегі қоймасына қатысты жария құжаттарында 60 пайызға дейін байытылған уранды сақтау ережелері жоқ. Егер Иран уранды Қазақстанға жеткізуге келіссе, оның стандарттарын жаңадан бекіту керек болады.
– Қазақстан Батыс елдерімен тығыз коммерциялық қарым-қатынасты дамытуға ұмтыла отырып, Қытаймен қазіргі бар байланыстарын және ең бастысы, Ресеймен әлеуметтік қатынастарын нашарлатып алмауды көздейтін өте тиімді саясат жүргізіп отыр. Қалай дегенмен де, Қазақстанда әлі де орыс этносы өкілдерінің немесе орыстілді халықтың үлкен үлесі бар. Сондықтан олар барынша сақ болуға мәжбүр және солай әрекет етіп те келеді. Сонымен қатар, олар өз экономикасының қарқынды дамығанын қалайды, – деп санайды Джон Робертс.
ҮЛБІ ЗАУЫТЫ ДАЙЫН БА?
Бұл келіссөздердің Астана мен Вашингтонда айтыла бермейтін тұсына тоқталайық. Иранның байытылған ураны жеткізілуі мүмкін Үлбі зауыты жарты миллионға жуық адам тұратын Өскеменнің ішінде орналасқан. Қалада қазірдің өзінде АЭС отынын дайындаудан шығатын радиоактив қалдықты көметін жер мәселесі талқыланып жатыр. Азаттық сөйлескен өскемендік экологтар Иранның 440 келі уранынан сол Үлбі шығаратын ядролық қалдық маңызды мәселе болып отыр дейді. МАГАТЭ-нің Үлбідегі қоймасы 90 тоннаға дейін уран сақтай алады. Яғни Ираннан келеді деген жарты тонна уран – оның азғантай бөлігі ғана, экологтар бұл жағынан онша қауіп көрмейді.
– Әрине, оның тасымалдау және сақтау стандарттары жоғары. Одан кейін МАГАТЭ жағынан қадағалау болады. Оны жүзеге асырған кезде Қазақстан жай оператор болады. Қалғанының бәрі МАГАТЭ стандартымен жүргізіледі. Ол жағынан ешқандай қиындық жоқ. Өйткені Үлбі металлургия зауыты қазір әлдеқайда қауіпті заттарды жай ғана сыртқа төгіп жатыр, – дейді эколог Дәулет Асанов.
ТҰНШЫҚҚАН ӨСКЕМЕНГЕ НЕ ПАЙДА?
Ал өскемендік және бір эколог Роман Честныхтың айтуынша, мұндағы мәселе – байытылған уранның өзі емес, өндірістен қалған қалдық.
– Бізде бұрыннан шешілмей келе жатқан мәселелер көп, мысалы, уран байыту өндірісінен қалған қалдық қоймалары бар. Міне, нағыз мәселе осында. Онда төмен радиоактив қалдықтар сақталады. Оның қала ішінде орналасуынан ешқандай жақсылық жоқ. Ал тікелей өнім ретінде, тіпті осындай пайыздық үлесі бар байытылған уранмен жұмыс істеу соншалықты қауіпті немесе маңызды емес, – деді ол Азаттыққа.
Your browser doesn’t support HTML5
"Қызу көтеріледі, түшкіріп, жөтеліп жүреміз". Газ бен түтінге тұншыққан Өскемен
Үлбі металлургия зауытында қазір төмен байытылған уран мен бериллий, тантал және ниобий секілді металдар өндіріледі. Одан бөлек, қорғасын, мырыш және мыс өндіретін зауыттар бар. Совет кезінде мұнда ядролық қару тасымалдайтын суасты кемелеріне байытылған уран дайындайтын құпия әскери мекеме болған. Оған қазір 75 пайызы Қазақстан өкіметінің бақылауындағы "Қазатомөнеркәсіп" компаниясы иелік етеді және бейбіт мақсатқа бағытталған уран өндірісімен айналысады. Үлбі зауыты ядролық қалдықтарды Өскеменнің солтүстігіндегі ашық кеңістікке апарып төгеді. Эколог Дәулет Асановтың айтуынша, оның жерасты ресурстарына қалай әсер ететініне ешкім баға берген емес.
– Олар [қазылған қоймаға] 15-20 жыл бойы қалдықтарды төгіп, толтырады. Одан кейін ол қалдықтар сол жерде қалады. Сол жерде топыраққа сіңеді, одан кейін жер астында не болып жатыр, оны ешкім білмейді. Қаупі сол ғой, бұл өмір бойына қалатын нәрсе, – дейді Дәулет Асанов.
Экологтың айтып отырғаны – картада көл сияқты көрсетілетін су бассейндері. Ядролық қалдық желге ұшпауы үшін үстіне су толтырылады. Ал қойма толғаннан кейін суды сорып алып, бетін жабады.
Өскемендегі түрлі ауыр өндіріс салдарынан ауа жиі ластанып, тұрғындардың денсаулығына ықпал етіп отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, былтыр Қазақстан бойынша орта есеппен 100 мың адамға 205 қатерлі ісікке шалдыққан адам тіркелген. Ал Шығыс Қазақстан облысында көрсеткіш бұдан әлдеқайда жоғары: 351 адам.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Түтінге тұншыққан Өскемен. Экологияны оңалтудың қандай жолы бар?Роман Честныхтың айтуынша, жергілікті халық Ираннан байытылған уран жеткізілген жағдайда оған осы себептермен наразы болады.
– Меніңше, [Ираннан Қазақстанға байытылған уранның әкелінуі] теріс қабылданады. Өйткені уранның ұзаққа созылатын зардаптар бар. Халық мұның бәріне нашар қарайды, тіпті аз мөлшердегі төмен байытылған уранды сақтауға арналған қойма құрылған кезде де қоғам тарапынан теріс реакция болды, – дейді Роман Честных.
Иран уранының Қазақстанға әкелу-әкелінбеуі әлі нақты шешілмеді. Егер бұл бастама жүзеге асса, Астананың халықаралық бітімгерлік процестердегі беделі мен танымалдығы арта түседі. Дегенмен, ядролық қалдықтары жанына төгілетін қала тұрғындарының мұны құптай қоюы екіталай сияқты.