ІІМ"Қазмырыштағы" жарылысқа байланысты қозғалған қылмыстық іс туралы айтты

Жарылыс болған "Қазмырыш" зауытында иісшіл итпен жүрген құтқарушы. Өскемен, 5 мамыр, 2026 жыл. Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі таратқан фото

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов "Қазмырыштағы" жарылысқа байланысты "Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу" (156-бап, 4-бөлім) бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Оның сөзінше, тергеу тобы құрылған.

"Қазіргі таңда осы қылмыстық іс қатаң бақылауда. [Жарылыстан] екі адам қаза тауып, екі адам қазір аураханада жатыр. Ешкім қамалған жоқ. Тергеу әрекеттері белсенді жүргізіліп жатыр. Тергеу амалдары толық жүргізіп, сараптамалар жүргізілсе, олардың қорытындысы бойынша шешім қабылдаймыз" деді ішкі істер министрінің орынбасары.

Тергеуді Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті жүргізіп жатыр.

5 мамырда Өскемендегі "Қазмырыш" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты зауытта жарылыс болған еді.

Компания мәліметінше, түтін шығаратын желдеткішті тазалау кезінде жарылыс болып, кейін өртке ұласып, өндіріс орны ішінара бүлінген. Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, бес адам жараланған. "Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр" деп мәлімдеді "Қазмырыш".

Сейсенбі күні зардап шеккен бес адамның үшеуінің денсаулығы тексеріліп, ізінше үйіне жіберілгені белгілі болды.

Ал қалған екі адамның жағдайы ауыр екені айтылды. Олардың бірінің денесінің 90 пайызы күйіп қалған. Оның жағдайы өте ауыр, дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр деді 5 мамырда ШҚО мамандандырылған медицина орталығының бас дәрігерінің орынбасары Мұрат Нұрбикенов.

Тағы бір жұмысшы омыртқасынан жарақат алған.

Компания төтенше оқиға салдарынан мерт болған және зардап шеккен адамдардың отбасыларына қаржылай және психологиялық қолдау және барлық қажетті көмек көрсетіледі деп уәде беріп отыр.

Жарылыстан кейін экологтардың қаладағы ауа құрамы тексеріліп жатқаны белгілі болды. YK-news.kz сайтының жазуынша, жергілікті экология департаменті айналаға улы заттар тарамағанын айтқан.