Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Қазақстанға сапармен келмек

Италияның премьер-министрі Джорджа Мелони

Италияның премьер-министрі Джорджа Мелони осы аптаның аяғында Қазақстанға сапармен келмекші. Мұндай ақпаратты дүйсенбі, 21 сәуір күні Қазақстан президентінің баспасөз қызметі таратты.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 26-27 сәуір күндері Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Қазақстанға ресми сапармен келеді. Келіссөз барысында тараптар Қазақстан мен Италия арасындағы стратегиялық серіктестікті дамыту перспективасын талқылайды", - деп хабарлады Ақорда telegram-каналында.

Осы сапар кезінде, 27 сәуір күні Астанада "Орталық Азия – Италия" форматындағы тұңғыш саммит өтпекші.

Джорджа Мелони – Италия тарихында үкімет жетекшісі лауазымына сайланған бірінші әйел. 2022 жылдың қазан айында осы қызметке сайланғалы бері ол Қазақстанға алғаш рет келгелі отыр.

Президент Тоқаев былтыр қаңтарда Италияға ресми сапармен барып, сол елдің үкімет басшысы Мелонимен кездескен.

Италия Қазақстанның Еуроодақтағы ірі сауда әріптесі және Қазақстан экономикасының басты инвесторларының бірі саналады. Қазақстан нарығында шамамен 300 италиялық компания жұмыс істейді. Арасында Eni мұнай-газ компаниясы да бар.