Шетте оқитын қазақ жастары Алматыда қамалғандарды қолдады

Чехияда оқитын қазақстандық студенттер 24 сәуірде Қазақстанның Чехиядағы елшілігі алдына келді. Студенттер Қазақстан билігінен алдағы кезектен тыс президент сайлауын әділ өткізуді, денсаулық, білім саласын жетілдіруді, сөз бостандығын қорғауды талап етті. Прага, 24 сәуір 2019 жыл. 

Олар "әлеуметтік желі арқылы жиналғандарын" айтады. Прага, 24 сәуір 2019 жыл. 

Елшіліктен шығып, өзін "кезекші коммендатпын" деп таныстырған адам жиналғандардың талап-тілектерін "жауапты адамдарға жеткізетінін" айтты. Прага, 24 сәуір 2019 жыл. 

Прагадағы қазақ жастары қамауда отырған Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті "танымайды". Бірақ "бейбіт жолмен өз пікірін айтқандар қудаланбауы керек" деп санайды. Полиция алматылық белсенділер "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген.  

Прагада оқитын қазақ жастары қолдарына "Менің таңдауым бар", "Әсия мен Бейбарысқа бостандық!", "Шындықтан қашып құтылмайсың", "Сөз бостандығы үшін", "Әділдік үшін" деген жазуы бар плакат ұстап тұрды. 

Әсия Төлесова - 1938 жылы саяси қуғын-сүргін кезінде атылып кеткен ақын Ілияс Жансүгіров пен саяси қайраткер Ораз Жандосовтың ұрпағы. Ол сот үкімінен соң да қазақстандықтарға "бірігіңдер, құқықтарыңды қорғай біліңдер" деді. 

Парижде үш студент "Шындықтан қашып құтылмайсың. Әділ сайлау үшін. Менің таңдауым бар" деген баннер ұстап тұрды. Акцияға қатысушы Нұрлан Қуанышбектің айтуынша, елшіліктен шыққан адам назар аудармай, олардың жанынан өте шыққан. 

Парижде оқитын қазақстандық жастар "Триумф аркасының" маңында тұр. 

Францияда оқитын қазақстандық студенттер елде қудаланып жатқан белсенділерге осылай қолдау көрсетті.  

Белсенділерді қолдау шарасы 22 сәуір күні Қазақстанның Грузиядағы елшілігі алында да өтті. Қатысушылардың бірі Арина Осиновская Бейбарыс Толымбековті танитынын айтты. 

"Алматыда болып жатқан оқиғалар мені де, шетелде тұратын қазақстандықтардың көбін толғандырады. Сондықтан плакатымда "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазу болды" дейді ол Азаттыққа. 

Төлесова мен Толымбековтің қамалуын Freedom House және Amnesty International   халықаралық құқық қорғау ұйымдары да сынап, Қазақстан билігінен белсенділерді босатуды талап етті.