Қазақ-қырғыз шекарасынан кезек арылмады

Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасындағы тексеріп-өткізу бекеттерінен адамдар мен автокөліктердің өтуі 10 қазанда қиындап кетті.

Қазақстанға өту үшін адамдарға шекара бекетінде бірнеше сағат бойы кезекте сарылып күтуге тура келді.

Қырғызстан шекарасындағы "Ақ Жол" тексеру-өткізу бекетінде Қазақстанға өту үшін кезекте тұрған көліктер. 12 қазан 2017 жыл.

Қырғыз-қазақ шекарасындағы "Ақ Жол" тексеру-өткізу бекетінде кезекте тұрған адамдар. 12 қазан 2017 жыл.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті шекарада "жоспарлы операцияға" байланысты тексеру күшейгені туралы хабарлаған.

Алайда кейбіреулер мұны биыл қызмет өкілеті аяқталатын Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың 7 ақпанда Қазақстан билігін "қырғыз сайлауына араласуға тырысты" деп айыптаған мәлімдемесімен байланыстырады.

Шекарадан өткен адамдар "Қазақстан жағы өте баяу өткізіп жатыр" деп шағым айтты. 

Жамбыл облысындағы "Қордай" шекара бекетінде қазақстандық шекарашылар тосқауыл орнатып, автокөлікті тексеру үшін қарулы сарбаздар қойған.

13 қазанда Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасындағы Токмок тексеру-өткізу бекетінде 70 жастағы Қазақстан азаматы қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі қарт әйелдің қан қысымы көтеріліп қайтыс болғанын хабарлады. Марқұмның жұбайының айтуынша, шекарада бес сағатқа жуық кезекте тұрған әйелдің денсаулығы нашарлап, дәрігерлер жетіп үлгергенше жан тапсырған.

Қырғызстан төтенше жағдайлар министрлігі шекаралық бекеттердің маңына кезекте тұрған адамдар жылынып, тамақтануы үшін шатырлар тіккен. Және медициналық көмек көрсететін жедел жәрдем көліктерін де кезекшілік атқаруға қойған.

Қырғызстанда 15 қазанда сайлау болып өткеннен кейін де қазақ-қырғыз шекарасы бойындағы бекеттер кезектерден арылған жоқ.

Алмазбек Атамбаев 15 қазанда президент сайлауында дауыс берген соң "егер шекарадағы жағдай өзгермесе" Еуразия экономикалық одағы елдері президенттерінің кезектен тыс жиынын шақыратынын ескерткен.

Тексеру-өткізу бекеттерінде Қырғызстаннан Қазақстанға өте алмай тұрған автокөліктер жиналып қалған.

16 қазанда Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі Қырғызстанның сүт өңдейтін бес кәсіпорнының өнімдерін елге кіргізуге тыйым салынғаны туралы хабарлады. Ресми ақпарат бойынша, бұл тыйым "кәсіпорындар жеткізетін өнімдерді тексеру кезінде заң бұзушылық анықталған соң", 10 қазаннан бастап "қазақ-қырғыз шекарасындағы ветеринарлық бақылауды күшейту" аясында енгізілген.

Қырғызстан экономика министрлігі Қазақстанның Еуразия экономикалық одағының (ЕАЭО) "талаптарын орындамай отырғаны" туралы мәлімдеді. Бішкек Еуразиялық экономикалық комитет төрағасы Тигран Саркисянға хат жолдап, 2014 жылдың 29 мамырында қабылданған ЕАЭО жөніндегі келіссөздің талаптарын таяу уақытта алқа жиынында қарауды сұраған.

17 қазанда Қазақстанның ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов "қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуалды саясиландырмай шешуге" шақырған. "Менің пікірімше, әлденені саясиландырып, бір нәрсе айтып қалудың қажеті жоқ. Тек біздің және қырғыздардың барлық мүдделі ведомстволарында жедел жұмысты жалғастырып, мәселені шешуге тырысу керек" деген Сүлейменов.

Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметінің мәліметіне қарағанда, "Ақ жол - Автожол", "Ақ Тілек" тексеру-өткізу бекеттерінен осыған дейін күніне орта есеппен 8 мыңнан астам адам еркін өтіп, 662 көлік кедергісіз қозғалып келген.

Ал 10 қазаннан бастап қырғыз шекарасынан Қазақстанға қарай тәулігіне 3 мыңнан астам адам мен 357 көлік қана өтетін болған.

Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі шекарадағы тексеру-өткізу бекеттерінде фитосанитарлық қадағалау күшейтілгеннен бері 117 жүк көлігіне тиелген жалпы салмағы 821,4 тоннадан асатын карантиндік өнім тексерілгенін айтады. Бұл тексеру күшейтілгеннен бері 105 тонна өнім кері қайтарылған.