"Жаңа Қазақстандағы" ескі әдістер. Тоқаевты қолдау митингісіне жұртты қалай жинады?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау митингісі. Алматы, 19 наурыз 2022 жыл.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеген саяси реформаларды қолдау митингісіне шамамен мың адам жиналды, басым бөлігі – оқушылар, студенттер мен мұғалімдер. Азаттық тілшісі сөйлескен жастар митингіге өз еркімен келмегенін – оқытушылар мәжбүрлегенін мойындады. Студенттер мен бюджет қызметкерлерін билікшіл шараларға мәжбүрлеп қатыстыру – Қазақстанда жылдар бойы қалыптасып қалған практика.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау митингісі. Алматы, 19 наурыз 2022 жыл.

Өңменіңнен өтетін қара суықта сенбі күні Алматыда Ғылым академиясы маңындағы алаңға ашық көк түсті ту ұстаған адамдар жинала бастады. Бұл президент Тоқаев пен оның "жаңа" Қазақстан концепциясын қолдауға келген, жуырда ғана атын өзгерткен – бұрынғы "Нұр Отан", қазіргі "Аманат" партиясының жақтастары. Бірнеше күн бұрын Алматы билігі жергілікті белсенділерге осы жерде Украинадағы соғысқа қарсы акция өткізуге рұқсат бермеген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау акциясы кезінде Қазақстан туын ұстап тұрған ер адам. Алматы, 19 наурыз 2022 жыл.

Митингіге келгендер арасында партияның бірқатар жетекші өкілдері болды: бұрынғы саясаттанушы, қазір парламент мәжілісіне депутат Айдос Сарым, журналист, қазақ тілін жетік меңгерген Максим Рожин, "Аманаттың" атқарушы хатшысы Асхат Оралов. Шара барысында олар сахнадан кетпеді десе де болады. Кейбірі жұрт алдында патриоттық сөздер айтып, президент пен оның реформасына сүйіспеншілігін жеткізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау митингісі. Алматы, 19 наурыз 2022 жыл.

—Мемлекет басшысының жолдауы – жаңа Қазақстанның, бүкіл елдегі ірі өзгерістің басы. Бүгін мемлекет пен қоғам арасында өзара құрмет пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға тиіспіз. Мемлекет суперпрезиденттіктен мықты парламенті бар президент билігіне көшеді. Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың рөлі күшейеді. Сайлау процесі өзгереді. Осының бәрі демократияға жетелейтін қадамдар. Саяси партияларды тіркеу процедурасы жеңілдетіледі, бұл жаңадан саяси бірлестіктерді құруға серпін береді. "Аманат" партияның өз ішінде ірі өзгерістер жасай бастады, – деді Асхат Оралов.

Үш күн бұрын Тоқаев парламенттің бірлескен отырысында президент өкілетін қысқартатынын мәлімдеген. Оның сөзіне талдау жасаған сарапшылар ұсыныстарды популистік деп атап, қаңтар оқиғасынан кейін қоғамды тыныштандыру мақсатында осылай мәлімдеді деп топшылаған. Сарапшылардың пікірінше, Тоқаев шын мәнінде өкілетін кеңейтуден бас тартпайды, ал кейбір шегіністер "авторитарлық режимнің сипатын өзгертуге шамасыз".

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау митингісі. Алматы, 19 наурыз 2022 жыл.

Жиналғандар Оралов пен өзге де сөйлеген азаматтарды қол шапалақтап қолдап, туларды ары-бері желбіретіп тұрды. Және мұндай белсенділік тек сахнаға жақын маңда ғана байқалды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау митингісі. Алматы, 19 наурыз 2022 жыл.

Ал сахнадан алысырақ жерлерде кей адамдар тегін таратылған шәй ішіп жатты, кейбірі смартфондарына үңіліп тұрды. Кейбірі әншейін жан-жағына қарап, анда-санда қолындағы транспарантты көтерді.

Президентті қолдау митингісі. Алматы, 19 наурыз 2022 жыл.

Ал шет жақта біраз адам президент Тоқаевтың реформасын қолдау үшін келгендердің тарап кетпеуін бақылап тұрды. Азаттық тілшісі ер адамның шарадан ұзап кетпек болған екі әйелді тоқтатуға тырысқанын көрді.

— Қайда кетіп бара жатсыздар? — деді ер адам әлгі екі әйелге. Оның үнінен қандай да бір зілді мәжбүрлеу сарыны сезілді.

— Қазір, дүкенге барып келейік.

— Кешікпей келіңіздер, — деді ер адам.

Президентті қолдау митингісі. Алматы, 19 наурыз 2022 жыл.

Ал бұл кезде сахнада көңілді әуен ойнап жатты: "Алатау серілері" тобы фонограммамен ән шырқады. Соңына қарай біреу оларға ту апарып берді. Осылайша әншілер де президент Тоқаев пен "жаңа" Қазақстан концепциясын қолдайды дегенді көпке меңзегендей болды.

"Алатау серілері" тобы ән шырқап жатыр. Алматы, 19 наурыз 2022 жыл.

Неге екені белгісіз, митингіге жиналғандардың көбі суретке түсуден бас тартып, камерадан қашқақтады. Кейбірі жүзін транспаранттармен жасырды.

Президент Тоқаевты қолдау митингісі.

—Ағай, тоқтаңызшы! Менің суретімді өшіре салыңызшы, – деді Азаттық тілшісіне жүгіріп келген қыздардың бірі. Оның қолында плакат болды.

— Неге?

— Менің ата-анам бұған қарсы. Олар менің бұл жерге келгенімді қаламайды.

Суретті өшіргенмен көкейде сұрақтар қалды.

Тоқаевты қолдау митингісі. 19 наурыз 2022 жыл.

Азаттық тілшісімен сөйлесуге де ешкім ықылас білдірмеді: студенттер де, оқушылар да, мұғалімдер де. Сөйлесуден бас тартпаған санаулы студент бұл жаққа өз еркімен келмегенін айтты.

—Кеше бізді мәжіліс залына жинап алып, Тоқаевты қолдау митингісіне қатысуға тиіссіңдер деді. Сол жерде плакаттар мен тулар береді деді, – деді Әсем есімді Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің студенті.

Тоқаевты қолдау митингісі.

Тағы бірнеше студент те осыны айтты. Олардың барлығы аграрлық университеттен келген. Оқушылар үндемей, камерадан сырт айналды.

"Бәріміз жаңа Қазақстан құрамыз" деген жазуы бар транспарант ұстаған 17 жастағы бозбаламен болған қысқа диалог ерекше әсер етті.

— Бұл жерге не үшін келдің? — деді Азаттық тілшісі бозбалаға. Бастапқыда сасқалақтап қалған бозбала кейін ақырын ғана:

— Білмеймін, - деді.

Президент Тоқаевты қолдау акциясы.

Ал бұл кезде митингінің өзі аяқталуға таяған еді. Сахнада сөйлейтіндерден ешкім қалмады. "Аманат" деген жазуы бар ақ түсті жилет киген белсенділер жиналғандардан тулар мен транспаранттарды жинай бастады.

Тоқаевты қолдау акциясы.

Неге екені белгісіз, алаңнан бірінші болып ересектер кетіп қалды. Ал сахнаны бұзып, туларды жинағанша жастар музыкаға билеп тұрды. Алаңның бір шетінде президент пен оның жаңа саяси реформаларын қолдауға арналған транспаранттар рет-ретімен бүктеулі жатты.

Тоқаевты қолдау митингісі.