"Жетіген емес, Дубай сияқты". Бас жоспардағы Алатау қаласы мен шынайы жағдайы

Алатау қаласының орталығындағы мешіт. Алматы облысы, 12 қаңтар, 2024 жыл

10 қаңтарда Алматы облысындағы Жетіген ауылы Aлатау қаласына айналды. 25 мың халқы бар елдімекенді қайта құру туралы жарлыққа Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған. Жаңа қаланың аумағына көрші жатқан Еңбек, Құйған, Жаңа арна ауылдары қосылды. Бұл ауылдарда жалпы саны 50 мыңға тарта адам тұрады. Жаңа қаланы қандай өзгерістер күтіп тұр, тұрғындарды не толғандырады?

ЖАҢА ҚАЛАНЫҢ ТАМАША ЖОСПАРЫ

Қаланың бас жоспарына сенсек, Алатау Алматының өзін жолда қалдыратын гүлденген мегаполиске айналуы керек. "Бас жоспардың негізгі мақсаты – Жаңа Жібек жолы бойында орналасқан, экономикасы дамыған, ғаламдық туристік орталық құру" деп жазылған құжатта.

Қала 4 бөліктен тұрады: Gate – қаржы және іскерлік орталығы, Golden – білім, ғылым және тамақ өнеркәсібі орталығы, Growing – өндіріс пен логистика орталығы, Green – туристік-ойын-сауық орталығы.

Алатау қаласының жоспардағы көрінісі. Алматы облыстық әкімдігі ұсынған фото

Аудандарды дамыту жоспарын сипаттауға сөз жетпейді. Жоспарға сәйкес, Gate ауданы Сингапур немесе Лондон сияқты Орталық Азиядағы қаржы орталығына айналмақ. Golden ауданы "ондаған мың студентті тартатын, білім, ғылым және медицина орталығы" болуы тиіс. Қала жоспарының авторлары бұл аудан Орталық Азиядағы басты ғылыми хаб болады деп болжайды. Growing-те жылына 40 миллион жолаушы қабылдайтын, Қазақстандағы ең ірі халықаралық әуежай салынбақ. Туристік Green ауданында әртүрлі саябақтар, аттракциондар, көлік жарысы өтетін тасжол мен казино жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда, Алатау Қазақстандағы Қонаев пен Щучинскіден кейінгі құмар ойындарына рұқсаты бар үшінші қала атанады.

Бірақ мұның бәрі болашақ жоспар ғана. Әзірге күні кеше Жетіген ауылы болған Алатау қаласында тұратын халық қой бағып күн көріп, үйін көмірмен жылытып, сапасыз жол, көше кезген бұралқы ит пен шашылған қоқыстан ығыр болғанын айтып шағынып отыр. Жергілікті жұрт ауылға қала мәртебесі берілгеніне әртүрлі қарайды, бірақ көбі биліктің уәдесіне сенеді.

"АЛДЫМЫЗДА НЕ КҮТІП ТҰРҒАНЫН БІЛМЕЙМІЗ"

Алатау қаласы Алматыдан 60 километр жерде орналасқан. Қалаға жақында жүре бастаған автобуспен жетуге болады: 220-автобус – 2020 жылы көктемде, 223-автобус былтыр күзде іске қосылған.

Алматыдан 1,5 сағат жүріп жеткен жасыл автобус Шоқан Уәлиханов көшесіне тоқтады. Бұл – Алатауды оңтүстігінен солтүстігіне қарай кесіп өтіп, Қапшағай су қоймасына дейін созылып жатқан негізгі магистраль. Көлік көп жүретін Уәлиханов көшесі ойын-сауық орталығына ұқсайды: жолдың екі бетінде дәмхана, мейрамхана, дүкендер мен сұлулық салондары орналасқан.

Басына ашық түсті гүлді орамал тартқан орта бойлы әйел жол бойында ыстық нан сатып тұр. Гүлмира әпкелерімен бірге көмір жағып, пешке нан салады. Пештің жанындағы шағын жиналмалы орындыққа тұздалған қияр, қызанақ, қаймақ пен жұмыртқа сияқты ауылшаруашылық өнімдері қойылған. Гүлмира мен туыстарының өз шаруашылығы бар. Осы кәсібі отбасын отыз жылдан бері асырап отыр.

Нан салатын пешке от жағып жатқан адам. Алатау қаласы, Алматы облысы, 12 қаңтар, 2024 жыл

– Біз – месхет түріктеріміз. Жетігенде туып-өстік, ата-әжеміз де осында тұрған. Совет одағы кезінде Жетігенде "Рассвет" совхозы болған. Адамдар мемлекетке жұмыс істейтін, өз бетінше бау-бақша өсіре алмайтын. 1990-жылдары совхоз тарап, бұрынғы жұмысшыларға еңбекақының орнына жер берді. Ата-анамыз да жерді 49 жылға жалға алды. Қазір Жетігеннің іргесінде 15 гектар жеріміз бар, жүгері мен жоңышқа егеміз, мал ұстаймыз.

Біз сөйлесіп тұрғанда, әйелдер ыстық нан әкелді. Гүлмираның ең үлкен әпкесі пештің отын көсеп, күрекпен қызып тұрған темірге нан қалай бастады. Сөреге қойылған ыстық нан әп-сәтте сатылып кетті: бас-аяғы 15 минутта 30 бөлкенің бірі де қалған жоқ.

Қызған пешке салынған таба нан. Алатау қаласы, Алматы облысы.

– Қалаға қарсылығымыз жоқ, бірақ алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз. Біздің, басқа шаруалардың жайы не болмақ? Жерімізді құрылысқа қажет деп алып қойса ше? Жаңа қала тұрғызса немен күн көреміз? Малды балконда ұстаймыз ба? – дейді Гүлмира.

Әпкелі-сіңлілі шаруалардың билікке қояр сұрағы көп. Бірақ әзірге ешкім шаруаларды бірнеше жылдан кейін не күтіп тұрғанын кесіп айта алмайды.

ҚАРАУСЫЗ КӨШЕ ЖӘНЕ АВТОБУС "ЗИРАТЫ"

Уәлиханов көшесінен кез-келген қуыс көшеге бұрылсаңыз, бірден қарапайым ауылға түсесіз. Ілуде бір қосқабатты үйлер көрінеді. Бетон қоршаудың артындағы бес қабатты үйде жақын маңдағы әскери бөлімшенің қызметкерлері тұрады.

Алатау қаласындағы қосқабатты көппәтерлі тұрғын үйлердің бірі. Алматы облысы, 12 қаңтар, 2024 жыл

Қаланы аралап жүріп, тар әрі лас Пушкин көшесіне түстім. Бір минут өтпей, жаныма жеңіл көлік келіп тоқтады. Жүргізуші "Журналиссіз бе? Сізге көшеміз туралы айтып берейін" деді. Өзін Қуанышпын деп таныстырған бұл адам осы ауылдың тумасы екен.

– Шағым жазып, әкімдікке бардық. Депутаттар да келді, бірақ асфальт сол күйі төселмеді, – дейді Қуаныш. Қоршауы биік, көлемі шағын еңселі үйдің жанындағы жол сәл тегіс. Қуаныш батпақтан құтылу үшін үйінің алдына қиыршық тас әкеліп төсеген. Жаңбыр не қар жауған күндері көшеде жүру мүмкін емес.

– Енді қала болдық, асфальт мәселесі шешілетін шығар, – деді Қуаныштың көршісі әңгімеге араласып.

– Білмеймін, оны уақыт көрсетеді, – деді аяқ киімін былғап алмас үшін аяғын абайлап басып, үйіне қарай беттеген Қуаныш.

Алатау қаласындағы "автобус зираты", Алматы облысы, 12 қаңтар, 2024 жыл

Алатауда жергілікті "көрнекі" орын – жолаушы автобустарының "зираты" бар. Кезінде бұл көліктерді Алматы қалалық әкімдігі сатып алып, Green Bus кәсіпорнының басқаруына берген. 2020 жылы қаңтарда мекеме банкрот болып, компания қарауындағы 800 автобус Жетігенге жіберілген. Бірнеше жыл ашық аспан астында қараусыз жатқан автобустар іске алғысыз темір-терсек үйіндісіне айналған.

Автобустар "зираты" биік тікенек сым қоршаумен қоршалған. Ішке ешкімді кіргізбейді. Қоршауға жақындағаным сол еді, қақпадан екі ит шабалана үріп, атып шықты. Артынан құлақшын мен табаны қалың бәтеңке киген қарт адам келді. Есімі Жандарбек екен, осы жерде қарауыл болып істейді. Журналист екенімді білген соң Жандарбек жағдайды түсіндірді.

– Сыртынан қанша түсірсең де өзің біл, бірақ ішке кіруге болмайды. Камера бар, бөтен адамдарды кіргізбейді. Ит үрсе, қорықпа, олар тістемейді, ашуына тимесең болды.

Бірнеше жыл ашық аспан астында қараусыз жатқан автобустар іске алғысыз темір-терсек үйіндісіне айналған. Алатау қаласы, Алматы облысы, 12 қаңтар, 2024 жыл

Жандарбек Совет одағы тұсында бұл жерде ауыл шаруашылық техникасы тұратын гараж болғанын айтты. Сол көліктер Алматы облысы мен бүкіл Қазақстандағы құс өсіру фабрикаларына жем тасыпты.

– Жастар келіп, әдемі көріністі суретке түсіргіміз келеді дейді. Бұл жердің несі әдемі? – дейді қарауыл қақпадан кіріп бара жатып. Қос ит құйрығын бұлғаңдатып, иесінің соңынан ерді.

ГАЗ БЕН КӨМІР

Желсіз күндері ауада күйіктің иісі сезіледі, өйткені жер үйде тұратын адамдар көмір жағады. Алатауға 2018 жылы газ құбыры келген, бірақ кей тұрғындар әлі күнге газға қол жеткізе алмай отыр.

– Газ қосу қымбат, шамамен миллион теңге (қазіргі бағам бойынша 2200 доллар – ред.) кетеді, – дейді Алатау қаласының тұрғыны Валерий Бочаров. – Көршілеріміз сияқты көмір жағамыз. Көпқабатты үйлерге газ тартылған: мүмкіндігі барлар қосып алды. Біздің ауданда су құбыры ғана бар, газ әлі келген жоқ.

Алатау қаласында тұратын Валерий Бочаров пен әйелі үйінде дастархан басында отыр. Алматы облысы, 12 қаңтар, 2024 жыл

Валерий үйдің артындағы оңаша бөлмеде орналасқан темір пешін көрсетті. Айтуынша, шетелдік пеші жақсы жұмыс істейді. Қыс мезгілінде үйді жылытуға 7 тоннаға дейін көмір кетеді екен. Биыл қыста Алатау қаласында 1 тонна көмір 18-20 мың теңгеден сатылып жатыр.

– Үйім 1987 жылы салынған, кірпіштен қаланған, қабырғасы қалың, іргетасы биік. Қыста жылы, жазда салқын. Мұндай үйді жылытуға күніне 2 шелек көмір жағамын, – дейді Валерий Бочаров.

Сөз жүзінде, Алатауда қаланың жартысында газ бар. Бірақ Азаттық тілшісі сөйлескен адамдардың бәрі көмір жағатынын айтады: бірінің үйіне газ құбыры тартылмаған, екіншісінің ақшасы жоқ.

Алатау қаласының тұрғыны Валерий Бочаров қыста көмір жағып үйін жылытатын пештің қасында тұр. Алматы облысы,12 қаңтар, 2024 жыл

Жаңа қалада бұралқы ит көп. Олар тамақ іздеп, өткен-кеткен адамға қарап үреді. Кейде иесіз иттер топталып, адамдарға шабады дейді тұрғындар. Бұралқы иттер көбіне қоқыс тастайтын жерді, дәмханалар мен дүкендерді төңіректеп жүреді.

Қала қоқыстан көз ашпай қалды деп шағынған адам көп. Әсіресе, қосқабатты үйде тұратындар қоқыс тастайтын жәшіктер толып, апталап алынбай, шашылып жатады дейді. Қатты жел тұрса қоқыс бүкіл ауданға ұшып, жаман иіс тарайды. Тұрғындар мердігерден қоқыс мәселесін біржола шешуді талап ету үшін WhatsApp-тан "Қоқыс шығару" деген топ та ашқан.

Қоқыс төгетін жәшіктің төңірегін кезіп жүрген бұралқы ит. Алатау қаласы, Алматы облысы, 12 қаңтар, 2024 жыл

– Күзде қоқыс шығару ақысын 1000 теңгеден 1500 теңгеге көтереміз деді. Қоқысты уақытылы алып кетпесе, бағаны несіне көтереді? Жеке секторда оңай. Көше бойына қоқыс толы қаптарды шығарып қоямыз, олар жолай жинап кетеді. Ал көпқабатты үйлерде жәшіктер аузы-мұрны шыға толып тұрады. Қоқыс жинайтын көлік контейнерді аударып, ішіндегі қоқысты тиеп алатындай етіп жабдықталмаған. Жұмысшылар жәшіктің беткі қабатын қолмен жинап алып кетеді, алынбағаны қалады, – дейді Алатау қаласының тұрғыны Нина Михайловна.

Нина Михайловнаның айтуынша, тұрғындар мердігермен әлі кездесе алмай жүр. Тарифті көтеру мәселесі кейінге қалған сияқты. "Қала болдық, енді бізге көңіл бөлетін шығар", – дейді ол.

"ҚАЛАНЫ ҚАЙДАН КӨРІП ТҰРСЫЗ?"

Сауда орталығының алдында төбесінде сары белгісі бар бірнеше көліктің жанында жүргізушілер темекі тартып тұр. Вокзалға жету үшін такси бағасын сұрадым. Жүргізушілердің бірі темекісін жерге тастап, көкшіл түсті Audi көлігіне қарай беттеді. "Отыр, жол-жөнекей келісеміз" деді. Руслан есімді бұл жүргізуші бірнеше жыл бұрын зейнетке шығыпты. Үйде отырғаннан жалығып, таксиді ермек қылып жүргенін айтты.

– Ауылда жұмыс жоқ, көбі қалаға кетеді. Мұнда тек мемлекеттік қызметкерлер не бизнесі барлар қалады. Бір танысым отбасымен тіс дәрігері болып істейді, өздері емхана ашқан, – дейді Руслан.

Алатау қаласының орталық көшесінде такси тоқтатып тұрған адамдар. Алматы облысы, 12 қаңтар, 2024 жыл

Руслан шұрқ тесік жолда көлікті ақырын айдап келеді. Ол 2009 жылы Жетігенге сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев келгенін еске алды. Русланның әйелі ол кезде теміржолда істепті. Назарбаев сол сапарында жерге алтын қазық қағып, Қорғас-Жетіген темір жолының құрылысын бастаған. Осылай Жетігенде жаңа вокзал ғимараты ашылған.

Билік вокзалдың артындағы Жетіген көшесін теміржол кесіп өтетін жерге көпір салынбақ. Ол үшін бірнеше үйді сүру керек. Бұл – жас қаланы қайта құрудың алғашқы қадамы, болашақта елдімекенде жеке секторға қарағанда көпқабатты үйлер көбейеді.

Алатау қаласында көшеде кетіп бара жатқан адам. Алматы облысы, 12 қаңтар, 2024 жыл

Зейнеткер Валентина Шошина – Алатауда үйі сүрілетін адамдардың бірі. Қазір ол қажет құжаттарды жинап, өтемақы туралы ақпарат күтіп отыр.

– Өтемақы туралы ештеңе айтып жатқан жоқ. Жерге ақша төлейміз деді, үйге бермейді екен. Маған бәрібір, қарт адаммын, зейнетақым жақсы, балаларымның бәрі – үйлі-жайлы. Қазір қызымның қолында тұрып жатырмын. Жерімнің аумағы – 15 сотық, ақшасы пәтер алуға жетіп қалар деп үміттенемін. Жетіген көшесінде үш үй толық сүріледі. Тағы бірнеше үйдің учаскесінен 6 метрден алады, – дейді Валентина Шошина.

Қала ішімен ары қарай жүріп келеміз. Руслан Алматының лас ауасы мен шуынан қашып, Жетігенге көшкенін айтты. Бірақ қала бәрібір соңынан қуып жеткен. Ол халыққа қызмет көрсету орталықтары сияқты ғимараттарды ауылға көшірсе, тыныстайтын ауа болмайды деп алаңдайды.

– Бірнеше күн бұрын көшеде келе жатсам, алдымнан микрофон ұстаған қыз бен камерасы бар жігіт шықты. "Қала құрылысы сізге не береді?" деп сұрақ қойды. "Қаланы қайдан көріп тұрсыңдар? Әуелі салсын, сосын көреміз" дедім, – дейді Руслан күліп.

Алатау қаласының орталығындағы қаңырап тұрған көпқабатты ғимарат. Алматы облысы, 12 қаңтар, 2024 жыл

Русланмен қала әкімдігінің алдында қоштастық. Кейінгі күндері шенеуніктер журналистердің қарасы көбейгенге үйреніп қалған. Бірақ әкіммен сөйлесе алмадық, орнында жоқ екен. Әкімдік қызметкерлерін алда үлкен өзгерістер күтіп тұр, бірақ бұл олардың өмірі мен қызметіне қалай әсер етері белгісіз.

Әкімдік алдында тұрғанымда, жасы 30-дың ішіндегі әйел келіп, өзін Саида деп таныстырды. Жаңа қалаға артар үміті көп екен.

– Балалар жас кезде оларды ағылшын тілі курсына, тегін үйірмелерге бергім келеді. Жақында болашақта қаламыз қандай болатынын көрсетті. Суретте Жетіген емес, Дубай сияқты көрінді. Шын мәнінде қалай болары белгісіз. Тек жақсылық күтемін, – дейді ол.

Саида қаладағы бір бай отбасында аспаз болып істейді.

– Енді не істеймін? Басқа жұмыс жоқ, амалдап жүрміз. Халіміз мүшкіл емес, шалқып та жүрген жоқпыз. Адамдар қолынан келгенше күн көріп жатыр. Билік уәдесінде тұрса, Қазақстанда бәрі жақсы болар еді.