Екі ауданның ортасында қалған Қайрат станциясының халқы үйіне құжат ала алмай жүр

Қайрат станциясы ауылындағы тұрғын үйдің алдында тұрған қыз. Алматы облысы, 20 қыркүйек 2020 жыл.

Алматы облысына қарасты Қайрат станциясы ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері үйіне құжат жасата алмай отыр. Өйткені олар ауылдың қай ауданға қарайтынын білмейді. Аудан мен облыс билігі бір-біріне сілтейді.

"БҰЛ ҮЙДЕ 70 ЖЫЛ ТҰРАМЫН, ҚҰЖАТЫ ӘЛІ ЖОҚ"

Темір жолдың екі жағын жағалай қоныстанған шағын ауыл – Қайрат станциясы Алматыдан 40 шақырым қашық. Ұзындығы үш шақырымға жуық, ортасын пойыз жолы бөліп жатқан ауыл аумағы Талғар ауданына қарасты болғанымен, әкімшілік тұрғыдан Іле ауданына бағынышты. Ауылдың сырт жағында көмір базасы орналасқан. Екінші жағында жанар-жағармай станциясының бөшкелері көзге шалынады. Одан әрірек жүк түсіруге арналған логистика орталығы тұр.

Қайрат станциясы ауылының сыртындағы арқандаулы сиыр. 20 қыркүйек 2020 жыл.

Алайда сырт қараған адамға анда-санда бір өтетін пойыз бен ауыл сыртындағы арқандаулы бірер сиырдан басқа тіршілік белгісі жоқтай көрінеді. Көшеде бейсауат жүрген бірде-бір адам жоқ. Жөн сұрайық деп шеткі үйлердің біріне тоқтадық.

Мәрия Жүнісова – ауылдағы ең қарт тұрғын. Жасы 84-те. Айтуынша, 15 жасында тұрмысқа шығып, 16 жасында Қайрат станциясына көшіп келген. "Ол кезде бұл жерде бес-алты үй ғана бар. Шағын разъез еді" дейді ол.

12 баланы өмірге әкеліп, станцияда 70 жылға жуық тұрып жатқан кейуананың ескі үйінде осы күнге дейін құжат жоқ екен.

Қайрат станциясы ауылының ең қарт тұрғыны - 84 жастағы Мәрия Жүнісова. 20 қыркүйек 2020 жыл.

– Бұл сонау соғыс жылдары пайда болған разъез ғой. Ол уақытта темір жолға қарайтын еді. Темір жолда бір "домовой" (тұрғындарды тіркеу кітапшасы) болды. Бәріміз соған тіркеле беретінбіз. Үй салу үшін темір жол басшылығы сенімхат беретін. Соны Жетіген ауылдық әкімдігіне апарып, рұқсат алатынбыз. Күні кешеге дейін солай болып келді. Үйге құжат алу туралы ойымызға келмепті, – дейді Мәрия Жүнісова.

"ОН ЖЫЛДАН БЕРІ АРЫЗДАНЫП ЖҮРМІН"

Мәрия Жүнісованың кенже қызы Зухра күйеуі Нұрболат Тұрысбекпен бірге анасының қолында тұрады. Нұрболат 2000 жылы Қытайдан көшіп келген. Отбасының кәмелетке толмаған үш баласы бар. Екеуі мектеп жасында.

Қайрат станциясы ауылының тұрғыны Нұрболат Тұрдыбек. 20 қыркүйек 2020 жыл.

Нұрболаттың сөзінше, он шақты жыл бұрын ауыл аумағы Талғар ауданына қарайтын болып бекітілген. Осыдан кейін тұрғындар үйінің құжатын жасауға әрекеттенген, бірақ онысы сәтсіз аяқталған. Ол өзі тұрып жатқан үйге тиесілі аумақтың 30 сотық екенін, бірақ бұл жер Талғар ауданында тұрғын үйге емес, шаруашылық жүргізуге 49 жылға жалға берілген жер ретінде тіркелгенін айтады.

Нұрболатпен сөйлесіп тұрғанымызда қасымызға тағы бір адам келді. Қолына бір бума қағаз ұстаған Сердалы Көшеков тілшіге жолығуға келіпті.

– Ауылға журналист келді деп естіп арнайы іздеп келдім. Осы ауылдың мәселесімен жүгіре-жүгіре оқымаған заңгерге айналып кеттім, – дейді Сердалы таныстықтан кейін бірден сөзге араласып.

Сердалы Кушеков жазған арыздары мен оған жауап жазылған хаттарды көрсетіп отыр. Қайрат станциясы, Алматы облысы, 20 қыркүйек 2020 жыл.

67 жастағы Сердалы Кушеков осы ауылда бұрыннан тұрады. Айтуынша, көп уақыт темір жол саласында басшы қызметте болған. Қолындағы қағаздың барлығы Қайрат станциясы тұрғындарының мәселесіне байланысты он жылдан бері облыс пен аудан әкімдеріне жазған арыз-шағымдар мен олардан келген ресми жауаптар екен.

Айналамызда Талғар ауданына салық төлейтін бірнеше өндіріс орны бар. Сондықтан бізді жерімен қосып Іле ауданына бергісі келмеді.

– Бұл әңгіме 2007 жылы басталған. Бірақ ол кезде ауызша айтылғанымен, ешкім назар аудара қойған жоқ еді. 2012 жылы жердің барлығы электрондық базаға енгізілген кезде біз отырған жер толығымен Талғар ауданына қарасты екені анық болды. Содан кейін біз Іле ауданында қаламыз деп шештік. Тіпті сол тұстағы Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовке дейін бардық. Болмады. Өйткені айналамызда орналасқан бірнеше өндіріс орны бар. Олар Талғар ауданына салық төлейді. Сондықтан олар бізді жерімен қосып Іле ауданына бергісі келмеді. 2016 жылдан бастап құжаттарымызды Талғар ауданына өткізе бастадық. Талғар ауданы осы отырған жерімізге мемлекеттік акт шығарып берді. Бірақ үйге құжат бермеді, – дейді Сердалы Кушеков.

Көшековтың айтуынша, Түркісіб салынған кезде пайда болған станция 1978 жылға дейін №68 разъез деп аталып, кейін Қайрат атауын алған екен. Ауылда 310 адам тұрады. Оның 35-і мектеп жасындағы бала. Олар көршілес жатқан Дәулет ауылындағы мектепке қатынап оқиды.

РЕСМИ БИЛІК НЕ ДЕЙДІ?

Қайрат станциясы Іле ауданының орталығы Өтеген батыр кентінен 29, Талғар ауданынан 53 шақырым қашықта орналасқан.

2019 жылы 26 сәуірде Іле аудандық мәслихатының №41-1 шешімімен және аудан әкімінің №82 қаулысы бойынша Қайрат ауылы соған дейін әкімшілік басқаруында болып келген Жетіген ауылдық округінің құрамынан шығарылған.

Қайрат станциясы ауылына апаратын жол. Алматы облысы, 20 қыркүйек 2020 жыл.

Жетіген ауылы мен Қайрат ауылының арасы 19 шақырым ғана. Қайрат станциясы қазір Талғар ауданы Қайнар ауылдық округіне қарайды. Бұл ауылдық округтің әкімшілігі орналасқан Еркін ауылы мен Қайраттың арасы 28 шақырым.

Бірақ Іле аудандық мәслихаты Қайрат станциясы тұрғындарының электрондық мекен-жай базасын Талғар ауданына өткізу туралы шешім шығармаған. Осыған байланысты ауыл аумағы Талғар ауданына қарағанымен әкімшілік басқару Іле ауданында қалып қойған.

Талғар ауданы картасына бұл тек жайылымдық жер деп сызылған.

Қайрат станциясында мейіргер болып жұмыс істейтін Ғалия есімді әйел бір ауылдың екіге жарылуы тұрғындарды әуре-сарсаңға салып қойғанын айтады.

– Бір үйде үш отбасы тұрамыз. Талғар ауданы әкімдігі жерімізге мемлекеттік акт берді. Бірақ үйімізді заңдастыра алмадық. Қосымша үй салуға да рұқсат жоқ. Себебі ауылымыз әкімшілік бөлінісі бойынша Ілеге қарайтындықтан, Талғар ауданында бұл жер "ауыл" деп көрсетілмеген. Яғни Талғар ауданы картасына бұл тек жайылымдық жер деп сызылған. Үй салуға немесе үйдің құжаттандыру жұмыстарын заңдастыру үшін электрондық мекен-жай базасы Талғар ауданына өтуі тиіс. Бірақ неге екенін білмеймін, бұл мәселе шешілмей тұр, – дейді ол.

Қайрат станциясы ауылы. Алматы облысы, 20 қыркүйек 2020 жыл.

Талғар ауданы әкімдігі Азаттыққа "Бізде бұл ауыл туралы ешқандай құжат жоқ. Іле ауданы барлық құжаттарды облысқа өткізуі тиіс, сосын олар станция "бізге өтеді" деп шешім және қаулы шығаруы керек, содан кейін ғана біз қабылдап аламыз" деді қысқа қайырып.

Біз тек ауылдардың шекарасын ғана бекітеміз. Ал электрондық базаны ауыстыру облыстың құзіретінде.

Ал Іле аудандық мәслихатының хатшысы Роза Әбілова бұл мәселені облыс шешетінін айтады.

– Біз Талғар ауданы мәслихатымен, әкімдік өкілдерімен келістік. Биыл электронды базаны Талғарға бере саламыз. Бірақ ол үшін аудандық мәслихаттың шешімі керек емес. Біз тек ауылдардың шекарасын ғана бекітеміз. Ал электрондық базаны ауыстыру облыстың құзіретінде. Біз бұл туралы облысқа хабарлағанбыз, – дейді.

Қайрат станциясынан өтіп бара жатқан пойыз. Алматы облысы, 20 қыркүйек 2020 жыл.

Алайда Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің Азаттыққа жіберген ақпаратында:

Қайрат ауылының аумақтық бағыныстылығын анықтау мәселесі құжаттар облыс әкімдігіне толық өткізілген жағдайда қаралады.

– Іле ауданы әкімдігі ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде ешқандай құжаттар тізімінсіз, тек қана аудан әкімінің облысы әкімінің атына жазылған 50 ауладан тұратын Қайрат ауылын Талғар ауданының әкімшілік-аумақтық бағыныстылығына өткізу туралы хатын ғана ұсынды. Құжаттар ресми жолмен облыс әкімдігіне толықтай өткізілген жағдайда, Қайрат ауылының аумақтық бағыныстылығын анықтау мәселесі қаралатын болады, – деп жазылған.

Қазақстанның "Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" заңының 16-бабына сәйкес, Қайрат ауылының әкімшілік-аумақтық мәселесін шешу үшін мынадай құжаттар өткізілуі қажет:

  • Өкілді және атқарушы органның бірлескен қаулысы;
  • Мәселеге қатысты азаматтар конференцияларының хаттамалары;
  • Ұсыныс тиімділігінің негіздемесі, өзгертілетін аумақ туралы (халық саны, өнеркәсіптік және өзге де объектілер тізімі, мәселені шешуге қажет өзге де мәліметтер) түсіндірме жазбаша хат;
  • Жағрапиялық деректер көрсетілген схемалық карта;
  • Қайта құру не атауды өзгерту жөніндегі ғылыми сараптаманың актісі және есеп-қисап.

Азаттық облыс әкімдігінің жауабынан кейін Іле аудандық мәслихатының хатшысы Роза Әбіловаға қайта хабарласқан еді.

– Біз осы мәселеге байланысты комиссия мүшелерін қайта шақырып, жиын өткіздік. Қайрат ауылындағы жеті үйде ғана құжат бар. Қалғаны құжатсыз отыр екен. Қазір мәселені шешу жолын қарастырып жатырмыз. Бір айдың ішінде белгілі болады, – деді мәслихат хатшысы.