"Қыран бүркіт не алмайды салса баптап". Алматы облысындағы саятшылар сайысы

Аңшы құстар жарысында сұңқарын жіберіп тұрған саятшы жігіт. Алматы облысы, 14 қазан, 2023 жыл.

Ақай Нүсіпбеков атындағы ауыл шыңын қар басқан тау бөктерінде, жайылым адырларының ортасындағы табиғаты тамаша жерде орналасқан. Дәл осы ауылда 13-15 қазан аралығында "Салбурын- 2023" халықаралық құсбегілер турнирі өтті.

Сайысқа Қазақстанның ғана емес, Моңғолия мен Қытайдың саятшылары да қатысты. Барлығы 70-ке жуық құсбегі, 55 бүркіт, 14 қаршыға, 11 ителгі бақ сынады.

Жарысқа қатысуға аңшы құсын алып келген саятшылар. Алматы облысы, 13 қазан, 2023 жыл

Турнир осы ауылда туып-өскен, көп жыл бойы ұлттық саятшылық дәстүрін насихаттаумен айналысқан әйгілі құсбегі Сәрсенбек Дәулетбақовты еске алуға арналды.

Бүркітті аңға салған сәт. Алматы облысы, 13 қазан, 2023 жыл

Бүркітті күз түсіп, күн суып, аңның жүні әбден қалыңдаған кезде аңға салады. Сайыстың бірінші күні ауа райы бұлтты болғанымен, күн жылы еді. Бірақ келесі күні табиғат күрт құбылып, қар бұрқақтай бастады: таулы аймақта аяқасты суық түсетіні бар.

Алғашқы қар. Алматы облысы, 14 қазан, 2023 жыл

Үш күнге созылған "Салбурын-2023" күзгі турнирі (салбурын – саятшылық және аң аулау кәсібінің бір түрі) алдымен бірнеше іріктеу кезеңінен тұрды. Жарыс мақсаты – ең күшті құсбегі мен ең епті құсты анықтау.

Бүркітші қыранын шақырып тұр. Алматы облысы, 13 қазан, 2023 жыл

Бірінші кезең – құсты қолға қондыру. Құс алыс жерден иесінің даусын танып, ұшып келіп оның биялайына қонуы шарт. Салт атты аңшы таспен қоршалған шеңбердің қақ ортасына барып тұрады. Осы кезде келесі бір төбенің басында тұрған көмекшісі бүркітті қоя береді. Құсбегі құсты белгі беріп немесе дауыстап шақырады. Әрқайсысы әртүрлі дауыстайды: біреуі бүркіттің саңқылын салса, біреуі ысқырады, ал енді біреулері айқайлайды.

– Кейбір саятшылар келе сала құсымен бірге дайындық жасап, маңайға үйренісіп үлгерді, – деп түсіндірді қартамыс аңшы маған. Осы кезде турнирге қатысушының бірі биялайына құсын қондыруға тырысып тұрған еді. – Құс бұл төңіректі жатырқаса, иесіне жоламай қоюы мүмкін. Аспанды айналып, әбден жалыққанша ұша береді.

Бүркіт ұстаған құсбегі. Алматы облысы, 13 қазан, 2023 жыл

Ересек бүркіт – ірі әрі қауіпті жыртқыш құс. Құлашы екі метрге дейін, тырнағының ұзындығы жеті сантиметрге дейін жетуі мүмкін. Ал самғаған кезде сағатына 300 шақырымнан асатын жылдамдықпен ұша алады. Сондықтан сайыс басталмас бұрын құсбегілер жыртқыш құстарға жақындау қауіпті екенін, алыстан арнайы орын ыңғайлап алып барып суретке түсіру керегін ескертті. Тоят іздеп қызылсыраған немесе жай ғана "делебесі қозған" кезде бүркіт маңайында тұрған адамға да шабуы мүмкін. Ондай кезде аман қалғаныңызға қуанасыз.

Бүркітші мен қыраны. Алматы облысы, 13 қазан, 2023 жыл

Құс иесінің қолына қонбаса, бүркітші атынан түсіп, құсының соңынан жаяу барады. Маңайдың бәрі дөң екенін, әрі бүркіттің адуынды келетінін ескерсек, бұл да оңай шаруа емес.

Бүркіт ұстаған құсбегі. Алматы облысы, 13 қазан, 2023 жыл

Турнирдің екінші кезеңі – далбайға үйрету. Далбай – түлкінің немесе құстың тұлыбы. Салт атты құсбегі бүркіт ілуі тиіс түлкінің терісін жіпке байлап алады. Құс тұлыпты бүрсе, турнирдің финалына өтеді. Ителгі мен қаршығаға құсқа ұқсайтын далбайды пайдаланады. Оның да мақсаты сол: құсбегі ұзынырақ жіпке байланған далбайды басынан айналдыра иіріп тұрады, жыртқыш құс "жемтігінің" үстінде қалықтап ұшып жүреді де, ара-тұра тұлыпты тырнағымен іліп әкету үшін төменге шүйліге құлдырайды.

Сұңқарды далбайды ілуге баулып жатқан құсбегі. Алматы, 14 қазан, 2023 жыл

Сайысқа қатысқан құсбегілер – тәжірибелі спортшылар. Жеңіске жеткен құсбегіге спорт шебері сияқты спорт дәрежесі беріледі.

Қой бағып жүрген шопан әуеде қалықтаған бүркітті алыстан бақылап тұр. Алматы облысы, 13 қазан, 2023 жыл

– Біздің бүркітшілер ұлттық спорт түрлері кафедраларында сабақ береді, бапкер болып қызмет атқарады, – дейді осы турнирді ұйымдастырушылардың бірі Дидар Бөдес. – Әрине, құсын ұстап алып, той-томалаққа барып, өнер көрсететіндер де бар. Болашақта бүркітті аэродромдағы құстарды қуып жіберуге үйрететін құсбегілерді әуежайдағы жұмыстарға тартқымыз келеді. Ондай тәжірибе Еуропада кең тараған. Неге бізде енгізбеске? Шетелдік орнитологтармен сөйлестік, қазір осы тәжірибені Қазақстанға енгізу бағдарламасын жасап жатырмыз.

Бүркіт пен құсбегі. Алматы облысы, 13 қазан, 2023 жыл

Турнирдің ең жауапты финалдық кезеңі – аңшы құсты тірі аңға салу. Құсты қоянға немесе түлкіге салады да, соның нәтижесі бойынша жеңімпазды анықтайды. Дидар Бөдестің айтуынша, жеңімпаз бірнеше талапқа сай болуы шарт. Ең алдымен, құстың жылдамдығына, сұлулығына және аң аулаған кездегі ерекше іс-қимылына қарайды екен. Сондай-ақ құсбегінің өзі ұлттық киім киюі керек.

Аңшы құстар сайысы кезінде далада қашып бара жатқан қоян. Алматы облысы, 14 қазан, 2023 жыл

Бұл турнирде түлкі болған жоқ, құстар тек қоян аулады. Жүгіргісі келмей, өзімен түстес бір жерге барып жасырынып, қорыққаннан қалшиып тұрып қалған қояндар болды. Аңшылар оларды үркіту үшін айқайлап тұрды. Мүлде қозғалмайтындарын аспанда қалықтап жүрген жыртқыш құсты көрсін дегендей, құлағынан ұстап алып, еппен әуелете лақтырып жіберіп жатты.

Сұңқардың қоянға түсуі. Аңшы құстар жарысы. Алматы облысы, 14 қазан, 2023 жыл

Құс қоянға түскеннен кейін құсбегілер байғұс аңды одан әрі азаптамау үшін бүркіттің шеңгелінен олжасын жұлып алып, ары қарай алып кетіп жатты: бірақ әдетте мұндайда әбден сілікпесі шыққан қоян тірі қалмайды.

Саятшының сұңқарды аңға салуы. Алматы облысы, 14 қазан, 2023 жыл

"Салбурын-2023" байқауының қорытындысы бойынша үш адам жеңімпаз атанды. Олар – астаналық бүркітші Серікбек Күнтуған, қаршыға мен ителгі иелері – сайысқа Жамбыл облысынан қатысқан Берікболсын Бабажан және Астанадан келген Ерасыл Серікбайұлы.

Сайыс кезінде құсбегілер мен көрермендер жылынып, ыстық шай ішіп, түстену үшін бірнеше киіз үй тігілген.

– Осы сайысқа деп сегіз қой, үш жылқы сойдық, – дейді Ақай Нүсіпбеков ауылының тұрғыны Тұрсын. Турнирге арнап киіз үйлер мен ас-ауқатты ұйымдастырған да өзі екен.

Сайыс арасындағы үзіліс кезінде ауқаттанып отырған қарт құсбегілер. Алматы облысы, 13 қазан, 2023 жыл

Жергілікті халық турнирді ұйымдастыруға тайлы-таяғы қалмай қатысқан. Жұрт бір кездегі көзкөрген әйгілі жерлесінің құрметіне осындай ауқымды шараның өз ауылында өтіп жатқанына дән риза.

Ауыл халқы турнир жыл сайын өтсе, туристер де көп келеді деп үміттенеді. Негізінен, бұл аймақта туризм жоқ емес, себебі 30 шақырым жерде Көлсай көлдері бар. Оған баратындардың бәрі осы ауылдың үстімен өтеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Фермерді тыныштандыратын төтенше шара". Киік санын жануарды өлтірмей реттеуге бола ма?Қазақстанда құлан популяциясын қалпына келтіру қалай жүріп жатыр? "Құстың 168 түрі қонады". Орнитолог Талдыкөлді сақтап қалудың 5 себебін айтты