"Бейбіт атомды қолдаймыз!" Үлкенде АЭС салуды жақтайтындар мен қарсылардың дауы

Үкімет Үлкен ауылын атом электр станциясын салуға ыңғайлы жер көреді. Алматы облысы, 21 тамыз, 2023 жыл.

Алматы облысындағы Үлкен деп аталатын шағын ауылда Қазақстанға атом электр станциясы қажет пе деген мәселе жөнінде пікірталас өтті. Энергетика саласына жауапты шенеуніктер АЭС керек дейді. Тәуелсіз экологтар болса Қазақстанның экологиясына орны толмас зиян келеді деген уәж айтады. Үлкен ауылы тұрғындарының пікірі екіге жарылды. Кейбірі "бейбіт атомды" қолдайтынын айтса, өзгелері қарсы болып отыр.

Your browser doesn’t support HTML5

"Тоқаев, рақмет!" немесе АЭС бойынша жария талқы қалай өтті?

"ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕДЕН ҚОРЫҚПАЙМЫЗ"

Үлкен ауылы Алматыдан 400 километр қашықта, Балқаш көлінің жағасында орналасқан. Ауыл 1980-жылдары мемлекеттік аудандық электр станциясын салу жоспарынан пайда болған. Бірақ жоба көпқабатты үйлер салумен ғана аяқталған. Совет Одағы тарап, құрылыс тоқтап қалған, ал адамдар өз бетінше тірлік кешкен.

Ресми тұрғыдан алғанда, Үлкен – ауыл, бірақ елдімекен қала типтес ауыл сияқты. Мұнда жер үй жоқ, халқы мал ұстамайды, тастақ жерге бау-бақша өспейді.

Бетін күннен көлегейлеп кетіп бара жатқан адам. Алматы облысы Үлкен ауылы. 21 тамыз, 2023 жыл.

1990-жылдары Үлкен халқы балық аулап күнелткен. Одан бері 30 жыл өтсе де, жұрттың көбі әлі күнге балық шаруашылығымен айналысады. Балықты ауылдағы үш зауыттың біріне өткізеді. Балықшылардан басқа тұрғындар вахталық жұмыс істейді, такси болып адам тасиды немесе шағын кәсіп жүргізеді. Үлкенде азық-түліктен кәдесыйға дейін түрлі зат сататын дүкен көп.

Наталья Хайрулинаның Үлкенде дәмханасы мен тұрмыста қолданатын химия заттарын сататын дүкені бар. Тапсырыс бойынша тұшпара мен вареники түйеді. Дәмханаға адам келмейді: жергілікті халық үйінен тамақтанады, ал ауылға сырттан келетін қонақ аз. Сондықтан Наталья күнкөріс үшін бірнеше кәсіп түрін қатар алып жүр.

Наталья бұл ауылға мектепте оқып жүрген шағында келген: ата-анасы мемлекеттік аудандық электр станциясын салуға осында көшкен. Отбасы Екібастұздағы үйін сатып, Үлкендегі жаңа көпқабатты үйден пәтер алған. Балқаштың жағалауында жаңа өмір бастаймыз деп үміттенген. Совет Одағы тарағанда станция құрылысы аяқталмайтыны белгілі болды. Бірақ Натальяның ата-анасының Екібастұзда баратын пәтері де, қалтасында артық ақшасы да болмаған. Ал шалғайдағы болашағы бұлыңғыр ауылдағы пәтерді сату мүмкін емес еді.

Үкімет Қазақстанда атом электр станциясын салуға қолайлы жер деп атайтын Алматы облысындағы Үлкен ауылы. 21 тамыз, 2023 жыл.

– Ол кезде ешкім пәтер сатып алмайтын. Уақыт өте келе көрші ауылдардан адамдар келіп, қоныстана бастады. Ауыл сол адамдардың арқасында сақталып қалды. Ата-анам Үлкенде құрылыс басталады деп ұзақ күтті. Ара-тұра электр станциясының құрылысы қайта қолға алынады деген жаңалық шығып тұратын, – дейді Наталья.

Наталья Хайрулина Үлкенде адам көбейгенін, ауылға көңіл бөлінгенін, қараусыз қалған үйлер қалпына келгенін қалайды. Сондықтан атом электр станциясын салуды қолдайды. "Құрылыс басталса, өркениет те жетеді", – дейді Наталья. Ауыл тұрғыны қоршаған ортаны да ойлайды, бірақ "Экологиялық мәселелерден қорықпаймыз, қазір бәрі жаңа технология ғой" дейді.

– Қазір Үлкен халқының атом электр станциясына қатысты пікірі 50/50 болып тұр: жартысы қолдайды, өзге жартысы қарсы. Балықшылар қарсы, өйткені Балқаш тартылып, балық құрып кетеді немесе балықшылықпен айналысуға тыйым салады деп қорқады.

Алматы облысы Үлкен ауылының маңында Балқаш көліне шомылып жүрген адам. 21 тамыз, 2023 жыл.

"БІЗДІ КӨЛ АСЫРАП ОТЫР, ҚҰРЫЛЫС СУ АЙДЫНЫН ҚҰРТАДЫ"

Балықшыларды табу қиынға соқпады. Көшеде қараусыз қалған көпқабатты үйдің алдына біреу қақталған балық іліп қойыпты. Жанында балық қақтауға арналаған қолдан жасалған темір бөшкелер тұр. Бөшкеден ыстың иісі шығып, от жанып жатыр. Балықты осының үстіне іліп, қақтайды.

Бұл мүліктің иесі Ринат есімді жас жігіт болып шықты. 34 жастағы балықшы жарты ғұмырын осы кәсіпке арнапты: күнде "теңізге" барады. Жергілікті халық Балқашты "теңіз" деп атайды. Қармаққа ілінген балықтың көбін зауытқа өткізеді, бір бөлігін тұздап, қақтауға алып қалады. Ринат атом электр станциясын салуға қарсы екенін кесіп айтты.

– Бізді көл асырап отыр, құрылыс су айдынын құртады. Биыл Балқаш қатты тартылып, балық азайып кетті. Атом электр станциясы салынса, көлден дым қалмайды, – деді Ринат.

Түтін салып қақтаған балықты кептіріп отырған адам. Алматы облысы Үлкен ауылы, 20 тамыз, 2023 жыл.

Азық-түлік дүкенінде Үлкен ауылының тағы бір тұрғыны Алексей Лосевпен таныстым. 35 жастағы Алексей Маңғыстау облысында туған, Үлкенге 6 жыл бұрын болашақ әйелінің жанына көшіп келген. Ол балықшы емес, бірақ АЭС құрылысынан жақсылық күтпейді.

– Бір жағынан, құрылысты қолдаймын, өйткені жаңа жұмыс орындары пайда болады, сырттан адамдар келіп, ауыл дамиды. Екінші жағынан, экологияның жайы. Ақтаудан 3 километр жерде Маңғыстау атом энергетика комбинаты (МАЭК) бар. Экологиялық ахуал нашар. Неге? Қалдықтар! Балық та, итбалық та қырылып жатыр. Қалдық су Қаракөлге құяды. Ол жақта үнемі өлі балықтар кезігеді. Бұл жақта да солай болады. Үлкенде атом электр станциясын салуды Совет Одағы кезінде көшіп келген құрылысшылар қолдап отыр.

Үлкен ауылының түнгі көрінісі. Алматы облысы, 20 тамыз, 2023 жыл.

Осындай құрылысшылардың бірі – 70 жастағы Владимир Браун. Ол 40 жыл бұрын Алматы қаласының іргесіндегі шағын қала – Қаскелеңнен көшіп келген. Владимирмен ескі көпқабатты үйдің жанында кездестік. Балқаш желі бос ғимаратты емін-еркін аралап, кондиционер іспетті болып тұр. Әйнегі сынған терезелердің көлеңкесіне тұра қалсаңыз, самал лебі сезіледі. Владимир балық аулап келе жатыр. Арқасына ескі рюкзагы, қармағы мен аулаған балығын асып алған.

– Мұнда 1980-жылдары келдім, ол кезде электр станциясын салып жаттық. Балаларым осында туып-өсті. Мына үйдегі пәтерлердің бәрі адамға лық толы болатын. АЭС салынғанын қалаймын, бізге, қарттарға керегі жоқ, жастарға керек. Жұмыс болады, ауыл дамиды. АЭС бүкіл Қазақстанға керек, елге электр энергиясы жетпейді! – дейді зейнеткер.

Үлкен ауылы Балқаш көліне жақын орналасқан. Алматы облысы, 20 тамыз 2023 жыл.

Владимир таңертең аулаған балығын көрсетті: бүгін қармаққа торта мен 25 майшабақ ілініпті. Зейнеткер су тартылғаннан емес, көл бетінде қатты жел көтерілгендіктен кей күндері мүлде балық болмайтынын айтады.

– Балқаш бір тартылады, бір толады. АЭС көлге әсер етеді деп ойламаймын. Заңбұзушылық болмас үшін жақсы құрылысшылар алу керек. Бүкіл әлем АЭС салып жатыр, біз неге сала алмаймыз? – дейді Владимир Браун балығын сөмкесіне салып жатып.

Владимирден жергілікті мектептің акт залында өтетін "АЭС құрылысын талқылауға барасыз ба?" деп сұрадым. "Мен қартайдым ғой, жастар шешсін" деді ол күлімсіреп. Бірақ кейін біраз ойланып: "Мүмкін, баратын шығармын. Әйтпесе, салмаймыз деп айнып қалуы мүмкін ғой. Мұндай мәселеде әр дауыс маңызды" деді.

Балқаш көлі. Алматы облысы Үлкен ауылы, 21 тамыз, 2023 жыл.

"АЭС БОЛСА, ӨМІР СҮРЕТІН ЖАҒДАЙ ДА БОЛАДЫ"

Жергілікті тұрғындардың сөзіне сенсек, Үлкенде қылмыс жоқтың қасы. "Кейде тіпті үйдің есігін жабуды ұмытып кетеміз", – дейді Елена. Ол екі итін серуенге алып шыққан. Ауыл халқы текті иттерді жақсы көреді, көбі мопс, такс, спаниель сияқты иттерін алып жүреді. Түнде ауыл тыныштығын иттің үрген дауысы ғана бұзады. Тұрғындар кейінгі жылдары көшеде бұралқы ит көбейгенін, түнімен солар үріп шығатынын айтады.

– Бұралқы иттер күн бермейді, қазір оларды атуға тыйым салды ғой. Ешкім оларға стерилизация жасаумен айналыспайды. Сондықтан көбейіп жатыр, – дейді Елена. Өзі ит ұстайтын адам ретінде Елена жануарларды атуға қарсы, бірақ бұл мәселені бірдеңе қылып шешу керек деп есептейді.

Иесінің қасында отырған ит. Алматы облысы Үлкен ауылы, 20 тамыз, 2023 жыл.

Иесіз иттер – Үлкендегі шешімі табылмаған жалғыз мәселе емес. Ауылда жұмыс, жол мен аурухана жоқ. Оның орнына амбулатория мен жедел жәрдем көлігі жұмыс істейді. Бұл көлікпен еш жерге жете алмайсың, не жанармайы жоқ, не жүргізушісі демалыста болады.

– Қыста қолымды сындырып алдым. Ауруханаға бару керек болды. Жедел жәрдемнің жанармайы жоқ. Оған жанармай құйдық. Рөлге дәрігердің өзі отырды. Солай бардық, – дейді шағын дәмхананың иесі Наталья Хайрулина.

Науқастарды Қарағанды облысындағы Приозёрск қаласына апарады. Үлкеннен Приозёрскіге дейін – 120 километр. Шұрқ-тесік жол жүруге де ыңғайсыз. Жергілікті тұрғындар "әдетте" науқастар ауруханаға тірі жететінін, бастысы, дер кезінде жолға шығу керегін айтады.

Дүкеннің есігі алдында жатқан бұралқы ит. Алматы облысы Үлкен ауылы. 22 тамыз, 2023 жыл.

Үлкен ауылы әкімдігінің өз ғимараты жоқ. Әкімдік көпқабатты үйдің бірінші қабатындағы үш бөлмелі пәтерді жалдап отыр. Жергілікті учаскелік полиция қызметкері де кезекшілігін сол жерде атқарады.

– Қазір әкімдік балансында 24 көпқабатты үй бар. Біраз үйлер қаңырап бос тұр. Кейінгі жылдары ауыл халқының саны азайып кетіп еді, қазір қайта көбейіп жатыр. 20 километр жерде Шығанақ ауылы бар, онда жағдай жоқ, біресе су, біресе жылу болмайды. Сол жақтың халқы бізге көшіп жатыр. Бізде барлық жағдай бар, қала сияқты. Ресми дерек бойынша, Үлкенде 1686 адам тұрады, ал іс жүзінде 2 мыңнан асып кетеді, – дейді ауылдық округ әкімі Кенжемұрат Қасенов.

Ол бізді пәтердегі ең үлкен бөлмеге – өзінің жұмыс кабинетіне шақырды. Бөлмеде кітап қойылған шкаф, жиналыс өткізетін үстел мен төрт орындық тұр.

Әкімнің сөзінше, иесіз қалған пәтерлердің бәрі жекешелендірілген. Іздесе, бәрінің қожайыны табылады. Ауылдың орталығында қараусыз балабақша тұр. Бұл бетон ғимараттың өзі жеке меншікке өтіп кеткен. Қазір балабақшаны сатып алу мәселесі шешіліп жатыр.

Үлкен ауылындағы қаңырап тұрған бес қабатты ғимарат. Алматы облысы, 21 тамыз, 2023 жыл.

– Балабақшаны сатып алсақ, біраз мәселе шешілер еді. Ауылда балабақша, амбулатория, полиция бөлімшесі, тіпті әкімдік жоқ, пәтер жалдап отырмыз, – дейді Кенжемұрат Қасенов.

Әңгімені атом электр станциясына қарай бұрдым. Әкім өз пікірін ашып айтты:

– АЭС болса, өмір сүретін жағдай да болады. Бәрі жақсы болады, немерелеріміз осында тұрып, жұмыс істейді деп үміттенеміз. Атом энергиясы бойынша маман емеспін, сондықтан экологиялық мәселелер туралы ештеңе айта алмаймын. Балқаш көлі тартылып жатқаны рас, биыл су азайып кетті, бірақ ол туралы сарапшылар айтуы керек. Жақында қоғамдық тыңдау болады, көп адам күтіп отырмыз, талқылаймыз. Адамдар Балқаш, экология туралы сұрақтарын қоя алады, – деді әкім.

Алматы облысы Үлкен ауылындағы қаңырап тұрған көпқабатты тұрғын үй. 21 тамыз, 2023 жыл.

"АТОМ ЭНЕРГИЯСЫ ЗИЯН!"

АЭС құрылысы талқыланған 22 тамызда Үлкендегі орта мектептің ауласына көп адам жиналды: журналистер, Алматы облыстық әкімдігі мен энергетика министрлігінен келген шенеуніктер жүрді. Мектепке кіреберіске экобелсенділердің плакаты ілініпті. Олар АЭС құрылысына қарсылық білдіру үшін Алматыдан Үлкенге арнайы келген.

– Шетелдік азаматтар Қазақстанға визамен кіруі керек! Қазақстан – кім көрінген жүре беретін жер емес, мұнда барлық игілік пен жеңілдіктер қазақстандықтарға берілуі керек. Өзі азбыз, 20 миллион ғанамыз! Азамат Тоқаев, экологияға қауіпті нысандар салып, ақшаны қалтасына басып, жөніне кететін шетелдіктерді емес, халықтың демографиясын ойлаңыз! – деді заңгер әрі белсенді Мадина Көкетаева.

Үлкен ауылындағы мектептің ауласына жиналып, АЭС салуға қарсылық білдіріп тұрған белсенділер. Алматы облысы, 22 тамыз, 2023 жыл.

Бірнеше күн бұрын экобелсенділер Алматыда баспасөз жиынын өткізіп, қазақстандықтарды биліктің дегеніне сеніп қалмай, АЭС құрылысына қарсылық білдіруге үндеген.

Орта мектептің шағын акт залында орын болмады: 300 адамға арналған залға жиналған жұрт әзер сыйды. Экобелсенділер тағы да плакаттарын жайып, АЭС құрылысына жол бермеуді талап етті. Үлкен тұрғындары "Бейбіт атомды қолдаймыз!" деп ұрандады.

АЭС құрылысы туралы талқылау басталғанда конструктивті әңгіме шықпайтыны түсінікті болды. Жиналғандардың эмоциясы басым еді.

– Атом электр станциясына қарсымыз, бұл Балқашты жояды! – деп айқайлады белсенділер.

– Сендер атом саласының маманы емессіңдер, зиян екенін қайдан білесіңдер? Өздерің Үлкенде тұрмайсыңдар! – деді кей тұрғындар.

– Үлкеннің ғана мәселесі емес, бұл тақырыпты бүкіл Қазақстан талқылауы керек! – деген уәж айтты белсенділер.

АЭС салу мәселесі талқыға түскен жиында дауласып тұрған адам. Алматы облысы Үлкен ауылы, 20 тамыз, 2023 жыл.

Микрофонның дауысы нашар шығып, спикерлердің сөзін залдағы айғай-шу басып кетті. У-шу басылған кездің өзінде сахнадан сөйлегендердің не айтып жатқанын түсіну қиын болды. Бір кезде жас шамасы 30-дардағы, шашы қара жігіт ортаға шықты. Өзін Руслан Кураковпын деп таныстырды.

– Үлкенде 3 жылдан бері тұрамын, үйлер бос тұр, инфрақұрылым дамып жатқан жоқ. Атом станциясы серпін береді, жаңа жұмыс орындары құрылады, Үлкендегі өмір реттеледі. Мұнда шулаған адамдар провокация жасап жатыр, тұрғындарды олардың айқайына ермеуге шақырамын. Олар жай сіздермен сөз таластырып, провокация жасау үшін келген! – деді Руслан дауысы бәріне естілсін деген ниетпен айқайлай сөйлеп.

Кейін энергетика саласында жұмыс істеймін деген жергілікті тұрғынға сөз берілді. Оның аты-жөнін ести алмадық.

– Біз, тұрғындар осы құрылысты күтіп жүргенімізге 40 жыл болды. Электр станциясының құрылысынан бастадық, жылусыз, жарықсыз күн кештік, бірге неше түрлі оқиғаны басымыздан өткердік. Үлкенге бұл энергия аса қажет, бұл – Қазақстанның орталығы. Біздің аймақ сейсмология жағынан тұрақты! Ай сайын жер сілкінісі болатын Жапонияның өзінде 15 атом станциясы бар. Елде энергия тапшы, өте қымбат. Бәрімізге электр энергиясы керек. Бейбіт атомды қолдаймыз! – деді ол.

Залдағы жұрт оның сөзін қолдап, қол соға жөнелді. Біреудің "Күн энергиясы ше?" деген сұрағын ешкім естіген де жоқ. Халық "Бейбіт атом! Бейбіт атом!" деп ұрандады.

Алматы облысы Үлкен ауылында атом электр станциясын салу мәселесін талқылауға жиналған адамдар. 20 тамыз, 2023 жыл.

Осыдан соң сахнаға эколог Светлана Могилюк көтерілді. Ол АЭС құрылысы туралы талқылауға қатысу үшін Үлкенге арнайы келген.

– Құрметті тұрғындар! Біз бәрін мұқият тыңдап шықтық. Сіздерге базалық, шынайы ақпарат бермеген. Атом энергиясының денсаулыққа зардабы жоқ деген сөздерден бөлек, оның шынымен зиян екенін дәлелдейтін кәсіби зерттеулер бар! Көп зерттеу атом электр станциясының жанында тұратын балаларда лейкемия жиі анықталатынын, ал онкологиялық аурулардан болатын өлім 24 пайыз артатынын көрсетеді.

Осы жерде микрофон өшіп қалды. Светлана сөзін микрофонсыз жалғастырды.

– Атом электр станциялары зиян екенін, одан радиоактивті қалдықтар бөлінетінін айтқым келеді. Азаматтар! Сіздерге жалған ақпарат беріп жатыр! Қоғамдық тыңдауда базалық ақпарат берілуі керек! Атом электр станциясынан бөлек, энергияның басқа түрлерін дамытуға мүмкіндік барын түсініңіздер. Олар да қуатты, тиімді, бастысы, әлдеқайда қауіпсіз болады!

Аулада доп теуіп ойнап жүрген балалар. Алматы облысы Үлкен ауылы, 21 тамыз, 2023 жыл.

Светлана Могилюктің сөзін аяғына дейін ешкім тыңдамады. Басында белсенділер шапалақ соғып, онсыз да ақырын шығып жатқан дауысты мүлде естіртпеді. Кейін олар жергілікті халықпен дауласып қалды. Үлкен тұрғындарының бірі Светланаға сұрақ қойғысы келіп, қол көтерді. Бірақ қалың шудың арасында елеусіз қалды.

Екі сағатқа созылған талқылау басталмай жатып аяқталды. Тараптар ортақ шешімге келе алмады.

"ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІНІН БІЛМЕЙДІ"

Ядролық технологиялар қауіпсіздігі ғылыми-техникалық орталығы директорының орынбасары Александр Клепиков та қоғамдық талқыға қатысты. Ол АЭС салуға қарсы емес, тек ескеретін мәселелер барын айтады.

Ядролық технологиялар қауіпсіздігі ғылыми-техникалық орталығы атқарушы директорының орынбасары Александр Хайдарович Клепиков. Алматы облысы Үлкен ауылы, 22 тамыз, 2023 жыл.

– Атом станциясын салу қымбат тұрады, нысан өзін ақтауы үшін көп уақыт керек. Осы уақыт өткенде, электр энергиясы арзан болады. Атом станциясы – электр қуатының негізгі көзі, оны әдетте өнеркәсіп негізінде салады. Жапондар Қазақстанда АЭС салу ықтималдығы туралы зерттеу жүргізгенде "Өнеркәсіпті дамыту жоспары қайда?" деп сұрады. Бұл атом станциясы тиімді жұмыс істеуі үшін бізде энергия көзі ғана емес, оны тұтынушылар да барын көрсетер еді. Қазақстан бұл сұраққа жауап бере алмады. Өзіме қандай аргументтер керек? Біріншіден, өнеркәсіп дамуы керек. Екіншіден, Қазақстан АЭС-пен бірге технологияға қол жеткізгенін қалаймын. Мысалы, реакторға арналған отынды өзіміз шығарайық. Бұл АЭС шығынын азайтады әрі тәжірибе береді. Бұл отын бізде ғана емес, басқа елдерде де сұранысқа ие болуы тиіс, сонда оны экспортқа шығаруға болады. Қазақстанға шығыннан басқа ештеңе бермейтін кезекті мегажоба болса, АЭС салынғанын қаламаймын, – дейді сарапшы.

Үлкенде қоғамдық талқы өткен күннің ертеңіне қазақстандық экологтар Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, тыныш жерде Қазақстанға неге АЭС салуға болмайтынын түсіндірді. Жиында Светлана Могилюк, энергетика саласы бойынша сарапшы Әсет Наурызбаев пен биолог Ма Поух сөйледі.

Алматы облысы Үлкен ауылындағы электр желісі мен түнгі аспандағы жаңа туған ай. 20 тамыз, 2023 жыл.

– Үлкендегі қоғамдық талқыда атом энергиясының зияны жоқ, құрылыс өңірге пайдалы болады деген бос мәлімдемелер ғана естідік. Кәсіби эколог ретінде атом станциясының қаупі жоғары екенін айтқым келеді. Біріншіден, апат ықтималдығы. Олар жеті деңгейге бөлінеді. Жетінші деңгейдегі апатқа Чернобыль (1986), Фукусима (2011) жатады. Қалған деңгейдегі апаттарды көпшілік біле бермейді. Бұл мәселені зерттеп қарасаңыз, қауіпті апаттар көп болғанын көресіз. Атом энергиясы бойынша халықаралық агенттік радиоактивті қалдықтардың бөлінуіне әкеліп соққан жағдайлар жиі кездесетінін мойындайды, – дейді Светлана Могилюк.

Могилюк атом станциясы штаттық режимде жұмыс істеп тұрған күннің өзінде қауіпті нуклид, атомның бір түрі тритий ауаға бөлінеді дейді.

"Оны ешқандай сүзгі ұстап қала алмайды. Тритий біртіндеп қоршаған ортада: суда, топырақта, басқа да жерлерде жинақталып, тірі ағзаларға әсер етеді", – дейді сарапшы.

Құлаған ескі ғимараттың орны мен түнгі аспан. Алматы облысы Үлкен ауылы, 20 тамыз, 2023 жыл.

– Радионуклидтер – тритий мен радиокөмірсу ауаға бөлініп, өсімдіктер мен жануарлардан бастап тірі адамдарға дейін ағзасында жиналады. Мұны айтқан кезде Неміс ғалымдарының зерттеулеріне сүйеніп отырмын. Олар Германияның атом электр станциясы орналасқан аудандарында зерттеу жүргізіп, 5-9 жас аралығындағы балалардың жартысынан көбінде лейкемия мен басқа да қатерлі ісік аурулары барын анықтаған. АЭС-ті елдімекенге жақын салғалы жатса, қандай пайда туралы айтуға болады? – деді биолог Марина Поух.

Алматы облысы Үлкен ауылының іргесіндегі электр қуатын тарататын станция. 20 тамыз, 2023 жыл.

Энергетика саласы бойынша сарапшы Әсет Наурызбаевтың пікірінше, билік әділ тыңдау ұйымдастырмай, санаулы адамға ғана пайдалы жобаны қабылдап жіберуге тырысып жатыр. Сарапшы "Жобаға бүкіл Қазақстан болып ақша төлейміз" дейді.

– Энергетика министрлігі жаңартылатын энергия көздері қалай жұмыс істейтінін білмейді. Бірнеше рет есеп жүргізіп көрдім. Қазақстан территориясына балама энергия көздерін дұрыс орнатса, олар атом станциясынан да сенімді болады. Үкімет оның орнына советтік әдіске жүгініп отыр, – дейді Наурызбаев.

Желдің күшімен электр қуатын өндіретін станция. Алматы облысы, 12 тамыз, 2023 жыл.

Үлкен халқы АЭС құрылысының пайдасы мен зиянын талқылап жатқанда, астаналық журналистер энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағамбетовтен пікір алды. Ол атом станциясын салмас бұрын, техникалық-экономикалық негіздемесін жасап, қоршаған ортаға әсерін бағалап, мүдделі тараптардың бәрінің пікірін жинаймыз деді.

Объективті қарағанда, вице-министр нақты ештеңе айтпады. Қазақстандықтардың көбі мемлекет АЭС мәселесін өзінше шешіп қойған, ал Үлкендегі тартыс бұл мәселені конструктивті талқылау мүмкіндігінен айырды деп есептейді. Кей азаматтар бұл шешім Балқаш көлінің жағалауындағы халыққа ғана емес, бүкіл Қазақстанға әсер ететінін айтады.

Қазақстандық экономист Меруерт Махмұтова әлеуметтік желіде "Жақында [ресейлік саясаттанушы] Пастуховтың "Бабий Ярға апара жатқанда адамдар неге қарсылық көрсетпеген? Құрбандар саны күзетшілерден көп болғаны анық қой?" деген пікірін естідім. Біз де 20 миллион болып, биліктің АЭС туралы апатты шешімді аудандық мәслихаттың дауыс беруімен шешіп жатқанына үнсіз қарап отырмыз. Бұл шешімнің салдары ауыр болады: мемлекет миллиардтаған қарызға батады, Балқаш көлінің суы тартылып кетеді" деп жазды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қысым көрсету құралы". Тоқаев Ресей ұсынған АЭС-ті салуға неге асықты?