Алматыдағы латын қаріпті қазақша жазулар

Латын қарпіндегі жазуға мемлекеттік мекемелерге қарағанда жеке меншік құрылымдар тезірек өтіп жатқандай әсер қалдырады. Латын қарпіндегі әліпбидің алғашқы нұсқасы қоғам назарына ұсынылғаннан кейін Алматыдағы мейрамханалардың бірі атауын өзгертті. Диграфты (бір дыбысты екі әріппен белгілеу) әліпби қоғамда сынға қалған болатын. Бұл нұсқаны мінегендер мысал ретінде қазақша "сәбіз" атауын saebiz деп жазу орыс тілінде дөрекі естілетін сөзді еске салатынын айтқан. Мейрамхана иесі жұрт назарын аудару үшін бұл сөзді ұтымды пайдалануды ұйғарған сыңайлы. Латын қарпінде жазылған сөздің басқа мағынасы жоқ екенін білдіру үшін сәбіздің суретін салып қойған. Атауынан өзге жазудың барлығы орысша жазылған. Жаңа әліпби нұсқаларынан диаграф қана емес, одан кейін ұсынылған апострофтар да алынып тасталғаннан кейін де бірталай уақыт дейін мейрамхана осы атауымен қалды.

Суретте: Алматыдағы мейрамхана атауы. 5 желтоқсан 2018 жыл.

Әйткенмен кейін Saebiz мейрамханасы атауындағы жазу өзгерді. 2019 жылы 1 қарашада түсірілген суреттен мейрамхана атауы латын графикасындағы әліпбидің жаңа нұсқасына сай жазылғанын байқауға болады.

Диграфты әліпби жарияланғаннан кейін бір айдан соң (2017 жылы 26 қазанда) қазақ тіліне ғана тән кей дыбыстарды апостроф (дәйекше) арқылы белгілеуді ұсынған жаңа нұсқа ұсынылды. Кейін, 2018 жылы ақпанда одан да бас тартты. 2018 жылы 4 желтоқсанда түсірілген суреттегі сән салоны сыртына ілінген жазу сол нұсқа бойынша жазылған.

"Қазақстан" мемлекеттік телерадиокорпорациясы қазақ тіліндегі атауын латын қарпінде жазуға алғашқылардың бірі болып көшті.

Суретте: мемлекеттік телекомпания ғимаратындағы жазу. 2018 жыл.

Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі де атауын латын қаріптерімен жазуға ертерек көшкен. Алматы, қараша, 2018 жыл.

2018 жылы 28 маусымда Қазақстанда кейбір конституциялық заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң қабылданды. Мысалы, "Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері" туралы заңға өзгерістер енгізіліп, 1 қарашадан бастап Қазақстан елтаңбасындағы "Қазақстан" жазуы "Qazaqstan" деп жазылатын болды. Алайда, мемлекеттік органдар ғимаратының сыртына ілінген елтаңбаларға қарап, латын қарпіндегі жаңа жазуға көшу барлық жерде бірдей емес екенін байқауға болады. 2019 жылы 27 наурызда түсірілген фотодағы Алматы қаласы әкімдігінің сыртына ілінген елтаңбадағы мемлекет атауы кириллица әріптерімен жазылған.

Келесі жолы Алматы қаласы әкімдігіне 2019 жылы 22 сәуірде барған автор ғимараттың кіреберісіндегі елтаңба жаңартылғанын байқады. Жақын барып қараған кезде ондағы Қазақстан атауы латын графикасындағы қазақша қаріптермен жазылғанын көрді.

Алматыда қала әкімдігінің сыртындағыдай үлкен көлемдегі елтаңба сирек болғанымен, мемлекеттік мекеме атауы жазылған тақтайшалар өте көп (әкімдік бөлімдері, мектеп, балабақша, емхана, аурухана, т.б.) кездеседі. Олардың әрқайсысында елтаңба бейнеленген. Қазіргі кезде олардың көбінде QAZAQSTAN жазу бар.

2019 жылдан бастап мемлекеттік ұйымдар латын графикасындағы қазақ қаріптерін белсендірек қолдануға көшті. Мысалы, Наурыз мейрамы кезінде Орталық мемлекеттік музей алдындағы мерекелік экспозиция алғаш рет осындай жазумен жасалды.

Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі де жақында мекеме атауын кириллицадан латын қарпіндегі жазуға көшірді. Сурет 2019 жылы қыркүйекте түсірілген.

Әзірге Алматыда көше атауы латын қарпімен жазылған белгілер жоққа тән деуге болады. Тіпті жаңа үлгідегі әліпбидің алғашқы нұсқасы қабылданғаннан кейін бір айдан соң, 2017 жылы атауы өзгертілген Назарбаев даңғылындағы көрсеткіштердегі жазу да бұрынғыдай кириллицамен жазылған. Бәлкім, қала билігі әліпбидің түпкілікті нұсқасы қабылданды деуге әлі ерте екенін түсініп, көше атауын латын қарпіне көшіруге асықпағанды жөн көрген болар. Әйткенмен бір жолы көше атауы латын графикасындағы қазақ қаріптерімен жазылған көрсеткішті кездестірудің сәті түсті. 2019 жылы 2 мамырда негізінен жалғыз қабатты жеке меншік үйлер орналасқан көшеде түсірілген суретте көше атауы үш тілде жазылған. Екі қабатты өндіріс ғимараты сыртындағы бұл жазу біреудің жеке бастамасымен пайда болғанға ұқсайды.

Қазір қолданыста жүрген кириллица әліпбиінде орысшадан көшкен ь, э, я әріптері бар. Мысалы, Баян деген сөзде я әрпі кездеседі. Суреттегі "Гыньяз" дүкенінің сыртындағы жазуда жіңішкелік белгісі [ь] мүлде жоқ. Ы және я дыбыстарының әрқайсысы қос таңбамен берілген – yi және ya. Ал соңғы әріп тіпті доллар белгісімен таңбаланыпты. Бұл дыбыстардың кейбірі қазақ тілінде кездеспесе де, лингвист мамандарға э, ю, я, ь, щ дыбыстары бар сөздерді жазу ережесін ойлап табу үшін тер төгуге тура келеді. Мысалы, фонетика теориясынан ғылыми мақалаларда академик Щербаның аты-жөнін, немесе қазақ тіліндегі БАҚ-та Щербаков деген фамилияны жазуға тура келген кезде бұл мәселе алдан шығары даусыз.

Кей жердегі жазулардағы қате бірден көзге түседі. Мысалы, қазақ тілінде Ішік салоны деп айтылып, жазылады. Латын графикасындағы қазақ қаріптерінің үшінші (әзірге соңғы) нұсқасында [ы] дыбысы y таңбасымен берілген. Ал мына жазудағы соңғы әріп [і] басқа дыбысты білдіреді.

Латын қаріптерімен қазақша атау жазғанда жиі кездесетін тағы бір қателік - [ү] дыбысын таңбалау. Қазіргі бекітілген нұсқа бойынша Gúlder болып жазылуы керек. Ал суреттегі жазуда екінші әріп бұл сөзде жоқ дыбыспен [ы] таңбаланған.

Алматыда полиция көлігінің сыртында кириллицаның орнына латын әріптерімен қазақша жазу пайда болғанына біраз уақыт өтті. 2019 жылы қарашаның басында түсірілген сурет.

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру әлеуметтік желіде әлі күнге қызу талқыланады. Оны қолдайтындар да, үзілді-кесілді қабылдамайтындар да бар. Әйткенмен көбіне латынша әліпбиді тұтас емес, кей тұсын ғана сынайтындар жиі кездеседі. Мысалы, кейбіреу латын қарпімен жазылған аshana сөзін немесе Ashat деген адам есімін асхана, Асхат деп емес, [ашана], [ашат] деп оқуы мүмкін деген уәж айтады. Себебі, латынша әліпбиде қазақша ш дыбысын sh диграфымен таңбалау ұсынылған, ал ағылшын тілінде бұл қос әріп қатар келгенде [ш] болып оқылады. Суреттегі латын әріптерімен жазылған Duken сөзі де 2017 жылғы қыркүйектен бері ұсынылған латын графикасындағы қазақ әліпбиінің үш нұсқасының бір де біреуінің ережесіне сай келмейді. Қазіргі нұсқа бойынша екінші әріп таңбасымен берілуі тиіс.

Қазақстанның басқа аймақтарындағы сияқты Алматыда да латынша қаріптерге тұрғындардың көзі үйрене бастаған. Бірақ бұрын батыс брендтерінің, шет тілінде жазылған мекеме, ұйым атауларында кездесетін. Кей сөздерді кириллицадағы жазуды латын әріптеріне транслитерация арқылы аударып берген. Мысалы, мына сән салонының атауы Гүлжан деген қазақша адам есімінің орысша айтылуынан солай аударылған.

Әлеуметтік желі қолданушылар кейде орысша сөздердің латын қаріптерімен жазылғанын көріп таңданыс білдіріп жатады. Бәлкім бұл тұтынушы назарын аударудың бір амалы болар. Алайда, Қазақстанда тек қазақ тілі ғана латын графикасына ресми түрде көшетінін коммерсанттардың кейбірі білмеуі де мүмкін. Мына суреттегі сауда орнындағы сатушы өзі сатып тұрған тауардың орысша атауларының латын әріптерімен жазу себебін қазір елде жаңа әліпбиге көшіп жатқандықтан деп түсіндірді.

Алматыдағы емханалардың бірінің сыртындағы жазудың қазақшасы қазіргі кириллицада, ал орыс тілінде – латын қаріптерімен жазылған. Бұл жазу бұдан бірталай уақыт бұрын, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы шешім қабылданбай тұрып пайда болған. Қазақстанның тіл туралы заңы бойынша, мекеме, ұйым атауының қазақ және орыс тіліндегі нұсқасы бір көлемде жазылуы шарт.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл институты директорының орынбасары Сәрсенбай Құлмановтың пікірінше, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі нұсқасындағы sh және ch диграфтары бір таңбалы әріпке алмастырылуы мүмкін. Ал [і] және [и], [й] әріптері екі бөлек әріппен белгіленуі ықтимал. Қазіргі нұсқада бұл екеуі I әрпімен берілген. Сонымен бірге төбесінде қос нүкте бар әріптер (ä, ö, ü) енгізілуі мүмкін.

Сәрсенбай Құлмановтың айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл институтында қазір қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің жаңа нұсқасы әзірленіп жатыр. Оның әр беті екі бөліктен тұратын болады. Онда қазақша кириллицада жазылған сөздің латын графикасындағы нұсқасы қоса берілетін болады. Бұл сөздік жаңа әліпби нұсқасы түпкілікті бекітілген соң баспадан жарық көрмек.