"Үйіміз құлай ма деп қорқамыз". Бір жыл бұрын жарылыс болған Арыстың қазіргі өмірі қандай?

Арыстағы әскери қоймадағы жарылыстан зақымданған үйдің жанында тұрған бала. Түркістан облысы, 16 маусым 2020 жыл.

Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылғалы жыл өтсе де зақымданған баспанада тұрып жатқан тұрғындар жәрдем көрсетпеді деп билікті сөгеді. Жергілікті әкімдік "үйін жөндеуге рұқсат етпеді" деп тұрғындардың өзін кінәлайды.

Шымкенттегі әскери гарнизон соты Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери оқ-дәрі қоймасында болған жарылысқа байланысты қозғалған істі қарап жатыр.

Әскери соттың дерегінше, 445 томнан тұратын қылмыстық іс бойынша айып тағылған 16 адамның арасында Арыс қаласындағы әскери бөлім қызметкерлері, қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды офицерлері бар. Олардың үстінен Қылмыстық кодекстің "Қызметке салғырт қарау", "Қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауіп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу" бабы бойынша түрлі айыптар тағылған.

11 маусымда басталған сотқа 85 шақырым жердегі Арыстан келіп қатысқан бір топ тұрғын сот процесінің Арыста өтуін талап етті.

"ҚАБЫРҒАСЫ СӨГІЛІП, ШАТЫРЫ СЫНҒАН ҮЙДЕ ТҰРМЫЗ"

2019 жылдың 24 маусымында Арыс қаласындағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылды. Тосыннан болған жарылыстан шошыған ондаған мың адам үй-жайын тастап, бас сауғалап қашты.

Жарылыс салдарынан төрт адам мерт болып, ондаған кісі түрлі жарақат алды. Алпыс мыңға жуық адам тұратын қаладағы мыңдаған үй бүлінді. Билік жарылыстан бүлінген үйлерді толығымен жөндеп беруге уәде еткен. Бірақ арада бір жыл өтсе де, кей тұрғындар үйлері әлі жөнделмегенін айтып шағынады.

Жергілікті тұрғын Ұлбосын Садықова әскери қойма жарылған кезде бүлініп, жөнделмей қалған үйін көрсетіп тұр. Арыс, Түркістан облысы, 16 маусым 2020 жыл.

Көп балалы зейнеткер Ұлбосын Садықованың бір балама деп салған үйінің түбіне снаряд түскен. Ойылып қалған жерде тұрған үйдің іргетасы жарылып, қабырғасы әр жерден сөгілген. Едені шамамен 4-5 см жерге шөккен. Үй иесі мемлекеттен қайыр болмаған соң баспанасын жөндеуге несие алып, ұста жалдағанын айтады. Ұста бұл үйде өмір сүру қауіпті дейді.

- Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен кез болды ғой. Алғашында әкімдік үйдің түбіне снаряд түсіпті-ау деп келмеді де. Айтсақ, құлағына да ілмеді. Жанжалдасып жүріп "25 пайыз бүлінген" деген қорытынды алдық. Оны да жарытып істемеді. Бес-алты шатырын алмастырды да кетті, - дейді Ұлбосын Садықова налып.

Арыс тұрғыны Ұлбосын Садықова.

Зейнеткердің сөзінше, қазір үш отбасындағы он бір адам бір үйді паналап тұрып жатыр. Бұл үй де жарылыстан бүлінген. Шатыры ажырап, су аға бастаған.

- Жарылыс болған күні бір келінімнен басқамыз үйде едік. Құжаттарды алайық деп үйге кіргеніміз сол еді, терезелердің бәрі ашылып кетті. Үйдегі көлікке балаларды бәрін салып алып, жолсызбен қырға қарай қаштық. Қазір еске алсақ, бір құдай сақтаған екен ғой дейміз. Әйтпесе, сол снарядтың бірі адам толы жүк көлігіне тиетін болса дымымыз қалмайтын еді, - дейді ол.

Ұлбосын Садықова сияқты үйін жөндетіп жатқандар болмаса Арыс қаласының тұрмысы қалыпқа түсе бастаған. Қаланы екіге бөліп тұрған темір жолдың жиегіндегі жарылыстан бүлініп, кейін жөнделген үйлердің шатыры бір түсті металмен жабылған. Қабырғалары сыланып, көшелері де жөнделген.

Әскери қойма жарылғанда бүлініп, кейін жаппай жөнделген үйлер. Арыс, Түркістан облысы, 16 маусым 2020 жыл.

Жарылыс кезінде ең көп зақымданған үйлер осы маңда. Ал қала әкімдігі ғимаратынан бастап түрлі әлеуметтік нысандардың барлығы күрделі жөндеуден өткен не қайта салынған.

Арыстың орталық бөлігіндегі үйлердің шамамен жартысынан астамының шатыры жаңартылған. Мұнда да бүлінген үйлер байқалмайды. Кей үйлердің қоршауына "Үй сатылады" деген жазуы бар тақтайша ілінген.

Арыстағы орталық көшелердің бірінде тұрған Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті бар баннер. 16 маусым 2020 жыл.

Орталық көшенің бас жағындағы "Елін сүйген, елі сүйген Елбасы" деген жазуы бар баннерден ары-бері өткен жұртқа Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев күле қарап тұр. Орталық базарда ығы-жығы адам. Дүкендердің барлығы ашық. Кей жерлерде әскерилер жүр.

Базарда қоларбамен жүк тасып жүрген адам. Арыс, 16 маусым 2020 жыл.

Ал қала шетінде жарылыстан зақымданып, әлі күнге жөнделмеген, не құрылысы жүріп жатқан үйлер көзге түседі. Кей үйлердің маңында снарядтың ізі әлі бар деп көрсетеді тұрғындар.

"Қалаға кіреберістегі, орталықтағы үйлерді жөндеді де, біз жақтағы үйлерді тастап кетті. Неге біз қабырғасы сөгіліп, шатыры сынған үйде үрей астында өмір сүруіміз керек?" дейді тұрғындар қапаланып.

Арыс тұрғыны Гүлмира Шамурзаеваның әскери қоймадағы жарылыстан зақымданған үйі. Түркістан облысы, 16 маусым 2020 жыл.

"ҮЙДІ ҚАЙТА САЛДЫРУ ҮШІН СОТТАСТЫМ"

Ұлбосын Садықованың көршісі Мәди Қалқожаевтың үйінде де құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Отағасының сөзінше, үйіндегі жандар бір жылдан бері ауласындағы екі бөлмелі сарайда тұрып келген. Үй иесі Азаттық тілшісіне жарылыстан бүлінген баспанасы тұруға жарамсыз болып қалғанын дәлелдеу үшін жергілікті әкімдікпен соттасқанын айтып берді.

- Әуелде үйге күрделі жөндеу жұмысын жүргіземіз деген. Шатырын ашып, сылағын алғанда қабырғасы сөгіліп кетті. Адамның жұдырығы сиып кететін тесіктен сырт жақ көрініп тұрды. Жөндеуге келіспей қойдым. Күнде әкімдікке барып, тұруға жарамсыз үйді сүріп тастап, жаңа үй салып беруін талап еттім. Болмаған соң сотқа беріп, жеңдім, - дейді ол.

Арыс тұрғыны Мәди Қалқожаевтың әскери қоймадағы жарылыстан бүлініп, сүрілген баспанасының орнына жаңадан салынып жатқан үй. 16 маусым 2020 жыл.

Мәди Қалқожаев "енді үй бітпейінше жаным жай таппайды" дейді. Ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын уақытында орындамай созып жіберді деп жергілікті әкімдікті сөгеді. Айтуынша, жаңа үйдің құрылысын 2019 жылдың қазан айында бастаған. Жобасын аудандық құрылыс бөлімі сызып берген. Қазір сырлау жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ әкімдік үйдің жобалық-сметалық құны жазылған құжатын көрсетпей қойды дейді тұрғын.

- Бұл үйді салуға қанша қаражат бөлінді? Мысалы, есік-терезесі қанша тұрады? Білмейміз. Құрылыс бөлімінен құжатты беруді сұрадым. Бермейді. Неге мен өз үйімнің құрылысына қанша қаражат бөлінгенін біле алмай сандалуым керек? Неге әкімдік құрылысқа қанша қаражат бөлінгенін жасырады? - дейді Қалқожаев.

Арыс тұрғыны Халима Айтпаева. Түркістан облысы, 16 маусым 2020 жыл.

Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зақымданған мыңдаған ғимараттың арасында Әужан болыс көшесінда тұратын зейнеткер Халима Айтпаеваның жалғыз үйі де бар. Жарылыс салдарынан үйдің шатыры қирап, қабырғасы шалқайған, кірпіштері сөгілген. Жел тұрса сықырлап, жауын жауса су ағатын үйді қазір жеті адам паналап отыр. Басқа барып тұратын жері жоқ.

Зейнеткер үйімнің жағдайын қала әкіміне екі рет көрсеткеніммен көмек алмадым деп ренжулі.

- Жарылыстан соң бала-шағам ауырды. Кіші немеремнің тұла бойын жара басып кетті. Әлі азабын көріп жатыр. Бармаған дәрігеріміз, ішпеген дәрісі қалмады. Жеті жасар немерем әлі күнге ұйқысынан шошып оянады. Оған қоса бүлінген үйіміз құлап кете ме деп қорқамыз. Енді кеткен шығынды кім өтейді? Осылай үреймен қашанғы өмір сүреміз? Немерелеріміздің денсаулығын кім түзеп береді? - дейді зейнеткер ашынып.

Халима Айтпаева немересімен бірге. Арыс, Түркістан облысы, 16 маусым 2020 жыл.

Осы кезде Халима Айтпаеваның шамамен екі жасар немересі жара басқан қолы мен денесін көрсетіп "ауырды, ауырды" деп жылай бастады. Баланың күннің ыстығына шыдамайтынын айтқан әжесі немересін үйіне алып кірді.

Халиманың көршісі Жақсылық Айтөреев мүгедек әйелімен бірге жарылыстан қатты зақымданған екі бөлмелі үйде тұрып жатыр. Үйінің төбесіне шығып, Азаттық тілшісіне тіреу ағаштарының қалай қисайғанын көрсеткен тұрғын үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқатынын айтты.

Арыс тұрғыны Жақсылық Айтөреев әскери қоймадағы жарылыстан зақымданған үйінің шатыры құлап қала ма деп қорқатынын айтады. Түркістан облысы, 16 маусым 2020 жыл.

Жарылыс әсерінен жарылып, кейін жөнделген қабырғаны көрсеткен Жақсылық "осы қабырғаны ғана жамап берді" дейді. Сарайындағы қуықтай бөлмеге кіргізіп, "жарылыстан соң қара күзге дейін осында тұруға мәжбүр болғанын" айтады.

Мұнан соң Жақсылық Айтөреев өздігінен қозғала алмайтын, төсекке таңылған бірінші топтағы мүгедек әйелі жатқан бөлмеге журналисті ертіп апарып, үйінің төбесін көрсетті.

- Жарылыстан соң шамамен 10 см төмен түсті. Сенбесе келіп тексерсін. Үй апатты жағдайда тұр. Біз хан сарайындай үй соғып бер деген жоқпыз, осы екі бөлмемізді салып берсін дедік. Әйелім мүгедек болған соң үйден шыға алмаймын. Қарайтын адам жоқ. Біз бара алмаймыз, олар мұнда адам бар-ау деп келмейді. Сөйтіп уақыт өтіп жатыр - дейді Жақсылық Айтөреев мұңайып.

Жақсылық Айтөреев әскери қоймадағы жарылыстан зақымданған үйін көрсетіп тұр. Арыс, 16 маусым 2020 жыл.

ӘКІМНІҢ УӘЖІ

Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек жарылыстан кейін үйлері жөнделмеген, не бұзып қайта салуды талап еткен тұрғындардың шағымынан хабардар. Оның сөзінше, қалада сегіз мыңнан астам ғимараттың жеті жарым мыңына, алпыстан аса әлеуметтік нысанға түрлі деңгейде жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бес жүзге жуық үй сүріліп, жаңадан қайта салынған.

Әскери қоймадағы жарылыстан бүлінген үйлер кейін жөнделіп, кейбірі қайта салынған. Арыс, Түркістан облысы, 16 маусым 2020 жыл.

- Жөнделмеген 18 үй тұр. Иелері "үйімізді бұзып, қайта салып бер" деп негізсіз талап қойған. Бұл үйлердің ақшасын үкіметке қайтарып бердік. Олар енді тек сот арқылы ақшасын ала алады, - дейді Мұрат Қадырбек.

Әкім жөндеуден өткен үйлердің өзінде ақаулар пайда болуы мүмкін екенін айтады. Оның сөзінше, қазірге дейін жүз шақты үйден ақау шыққан, ондай үйлерді үш жылға дейін мердігер компания қайта жөндейді.

Арыс қаласындағы орталық көшелердің бірі. Түркістан облысы, 16 маусым 2020 жыл.

Арыс әкімі жарылыстан соң жұрт жаппай көшкен жоқ, қала халқының саны 75 мыңнан азайған емес дейді.

Қорғаныс министрлігі қазір Арыс маңындағы әскери оқ-қару қоймасын көшіріп жатыр. Әкім оқ-дәрі қоймасы көшірілгенімен, әскери гарнизон қалуы мүмкін дейді. Оқ-дәрі қоймасының көшірілген соң жұмыс орны қысқарады. Бұл Арыс қаласының экономикасына кері әсер етеді. Мысалы, қалада мыңға жуық адам жұмыссыз қалады. Оларды жұмысқа орналастыру жағы қарастырылып жатыр деп сендіреді әкім.

Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек. Түркістан облысы, 16 маусым 2020 жыл.

- "Қауіпті аймақ" және "тыйым салынған аудан" деген түсінік бар. "Қауіпті аймақ" деп оқ-дәрі қоймасынан 400 метрге дейінгі аумақты айтады. Онда ешқандай зат болмауы керек. Бізде ол жоқ. Ал "тыйым салынған ауданның" айналасындағы үш шақырым жерде тыйым салынған өндіріс орындары болмауы керек. Мысалы, отшашу заттарын шығаратын зауыт салуға рұқсат жоқ. Бірақ үй салуға рұқсат етілген. Әкімдік ғимараты оқ-дәрі қоймасынан 1700 метр қашықта тұр, - дейді Мұрат Қадырбек.

2019 жылдың 24 маусымында Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, салдарынан төрт адам (екеуі - әскери, біреуі - бейбіт тұрғын, бір бала эвакуациялау кезінде жол апатынан мерт болды) қазаға ұшырады. Алпыс мыңнан астам адам үй-жайын тастап көшуге мәжбүр болды. Ресми мәлімет бойынша, жарылыс салдарынан қаладағы 7527 үй мен 103 көпқабатты тұрғын үй зақымданған. Оның ішінде пайдалануға жарамсыз болып қалған 420 үй мен 3 көпқабатты тұрғын үй құлатылған.