Мақсат – 99 жүлде. Қазақстан Азиадада үздік бестікке оралуға талпынып көрмек

Велоспорттан Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы Алексей Луценко Жапонияда өтетін Азиадаға да қатысады.

19 қыркүйекте Жапонияның Нагоя және Аичи қалаларында 20-жазғы Азия ойындары басталады. Құрлық олимпиадасы саналатын додаға Қазақстаннан 550-ден аса спортшы қатысады. Спорт министрлігі Азия ойындарында медаль саны бойынша қандай мақсат қойып отыр? Азиадаға қандай танымал спортшылар қатысады? Төрт жылда бір рет өтетін дода жайлы маңызды ақпараттарды ұсынамыз.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЗИАДАДАҒЫ МАҚСАТЫ

Қазақстан үшін Азия ойындары – олимпиада ойындарынан кейінгі ең ірі жарыс. Төрт жылда бір рет өтетін Азиадаға Қазақстан 1994 жылдан бері қатысып келеді. Бұл додада Қазақстан жалпы есепте әдетте Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореядан кейін төртінші орын алып жүретін. Бірақ кейінгі екі Азиадада – 2018 және 2022 жылғы ойындарда Қазақстан бестікке ене алмады.

2018 жылы Джакартада (Индонезия) 15 алтын, 17 күміс, 44 қоламен 9-орын алса, 2022 жылғы Ханчжоудағы (Қытай) Азиадада 10 алтын, 22 күміс, 48 қоламен 11-орын иеленген. 1994-2014 жылдардағы Азия ойындарында Қазақстан 18-26 алтынның арасында алған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Пәлен-түген демейміз, болары болды, мойындаймыз". Қазақстанның Азиадада ондыққа ене алмауына не себеп?

Қазақстан биылғы Азия ойындарына 550-ден аса спортшы жіберді. Бұл – рекорд. Осыған дейін Қазақстан 2022 жылы Ханчжоуда (Қытай) өткен Азиадаға 523 спортшы апарған еді.

Министрлік Аичи-Нагоя ойындарда құрама алдына 99 медаль алу жоспарын қойған. Қазақстан Азия ойындары тарихында 99 медаль алып көрмеген (ең көп медальды 2006 жылы Дохада алған – 85 жүлде).

Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов "2022 жылғы Азия ойындарында 10 алтын медаль ғана алдық, жүлденің көбі күміс медаль болды. Бұл жолғы мақсатымыз – барынша медаль сапасына мән беру" деп, алтын медаль алуға баса назар аударылатынын меңзеді.

ҚАЗАҚСТАННАН АЗИАДАҒА КІМДЕР ҚАТЫСАДЫ?

Қазақстан жанкүйерлері Азиадада боксшылар мен балуандар жарысына ерекше назар аударады. Бокс құрамасы 2014 жылғы Азиадада 7 алтын алғанымен, 2018 және 2022 жылғы Азия ойындарында алтын медальсіз қалған еді. Бұл жолы боксшылар бұл антирекордты бұзуға талпынып көреді. Ерлер және әйелдер құрамасында да әлем чемпиондары мен олимпиада жүлдегерлері бар. Мәселен, ерлер арасында 2025 жылғы әлем чемпиондары ағайынды Махмұд Сабырхан (55 кг) мен Төрехан Сабырхан (70 кг), Айбек Оралбай (+90 кг) Азиада жүлдесіне таласады. Айбек Оралбайдың сыңары, Париж олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай да (90 кг) тізімде.

Әйелдер арасында Париж олимпиадасының қола жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай, 2025 жылғы әлем чемпиондары Алуа Балқыбекова (51 кг), Аида Әбікеева (65 кг) және Наталья Богданова (75 кг) рингіге шығады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Азия ойындарына баратын боксшылар белгілі болды

Сондай-ақ дзюдодан Париж олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов (60 кг) те Азия ойындарына қатыспақ. Сметов 2014 жылғы Азия ойындарында алтын алған еді. Дзюдодан былтырғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Абиба Әбужақынова да татамиге шығады.

Париж олимпиадасында жүлде алған Демеу Жадыраев (грек-рим күресі), Нариман Құрбанов (спорттық гимнастика), Ислам Сәтбаев пен Александра Ли (нысана көздеу) да құрамада.

Елдос Сметов Париж олимпиадасында чемпион атанған сәт. 27 шілде, 2024 жыл.

Каратэден Токио олимпиадасының қола жүлдегері София Берульцева, велоспорттан 2014 және 2018 жылғы Азия ойындарында төрт алтын алған Алексей Луценко да медальға таласады.

Жақында семсерлесудің шпага түрінен командалық сында әлем чемпионы атанған Қазақстан құрамасы да Азия ойындарына аттанды. Сондай-ақ көркем гимнастикадан Азия чемпионы Ақмарал Ерекешева да құрамаға енді.

Кениядан Қазақстанға келген жеңіл атлеттер Нора Джеруто (2022 жылы 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден әлем чемпионы) мен Дэйзи Джепкемей (10 мың метрге жүгіруден 2025 жылғы Азия чемпионы) Жапонияға аттанды.

МЕДАЛЬ АЛҒАНДАРҒА ҚАНША СЫЙАҚЫ БЕРІЛЕДІ?

Қазақстан биылғы Азия ойындарында медаль алған спортшыларға ақшалай сыйақы бермек. Спорт және туризм министрі Мырзабосынов Азиадада алтын алған спортшыларға берілетін сыйақы мөлшері өсетінін де мәлімдеді.

"Бұған дейін спортшылар алтын медаль үшін 5, 10 немесе 15 мың доллар көлемінде сыйақы алатын. Ендігі жоспарымыз – чемпиондарға 50 мың АҚШ долларынан төлеу" деді ол.

Министр Азия ойындарынағы сыйақы бюджеттен алынбайтынын айта келе, "қазір бұл бағытта тиісті жұмыстар жүріп жатыр" деп мәлімдеген.

МЕДАЛЬ ЕСЕБІНДЕ ҚАЙ ЕЛДЕР БАСТЫ ҚАРСЫЛАС БОЛМАҚ?

2018 және 2022 жылғы Азия ойындарында жалпы есепте Қазақстанды Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореядан бөлек Өзбекстан, Үндістан, Иран, Тайвань озған. Биылғы Азия ойындарында да осы елдер Қазақстанның басты бәсекелесі болмақ. Бұған қоса, Таиланд, Солтүстік Корея спортшылары да жүлдеге үмітті.

Жалпы биылғы Азиадаға құрлықтағы 45 елден 15 спортшы қатысады. Өзбекстаннан 396 спортшы, Қырғызстаннан 168 спортшы, Тәжікстаннан 107 спортшы, Түркіменстаннан 34 спорты барады.

Жапониядағы Азиаданың жабылу салтанаты 4 қазанда өтеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қысқы Азиада аяқ астынан неге Алматыда өтпек? Сауд Арабиясы неге бас тартты?