Ресейде сотталған қазақстандық Виктор Филинковтың түрмедегі жағдайы қандай?

Виктор Филинков сот үкімі шыққан сәтте. Санкт-Петербург, 22 маусмым 2020 ж.

2020 жылғы маусымда Ресей соты "Желі" ісі бойынша айып тағылған қазақстандық Виктор Филинковты лаңкестік қауымдастыққа қатысы бар деп тауып, жеті жылға бостандығынан айырған. Сот Филинков жазасын жалпы режимдегі колонияда өтесін деп үкім шығарған, бірақ ол қатаң режимдегі түрмеде жатыр. Мұның сыры неде?

ИЗОЛЯТОРДАН ТҮРМЕГЕ ДЕЙІН

Қазақстанның Петропавл қаласының тумасы Виктор Филинков Ресейде "Желі" ісі бойынша жауапқа тартылған. 2020 жылғы 22 маусымда Санкт-Петербург соты "террор қауымдастыққа қатысы бар" деген айыппен жеті жылға бостандығынан айырған. Үкім шыққан соң бір жыл Санкт-Петербургтің тергеу абақтысында қамауда болған Филинковты биыл 28 маусымда колонияға жөнелткен.

Тамыз айында оны этаппен Орынбордағы ИК-1 түрмесіне жеткізген. Филинков әуелде жалғыз кісілік камерада екі апта "карантинде" жатқан. (Мұның пандемияға қатысы жоқ. Түрмеге түскендегі алғашқы уақытты осылай атайды – ред. )

Кейін оны "киімге қойылған талапты бұзғаны үшін", "түрме қызметкерімен амандаспағаны үшін" деген желеумен айып камерасынан шығармай, сондағы уақытын соза берген. Осылайша ол түрмеге түскен уақыттан 6 қазанға дейін айып камерасында 38 күн отырған.

Адвокат Эльдар Шарафутдиновтың сөзінше, қазанның басында оны "ішкі тәртіпті жүйелі түрде бұзуға бейім" адам ретінде есепке алған. Содан кейін камераға ауыстырып, комиссия оны "режимді бұзушы" деп таныған. Бұл оны жалпы режимдегі түрмеге ауыстырмайтынын білдіреді деп жазады "Медиазона".

15 қарашада оны "режимді бұзушы" ретінде Новотроицкідегі ИК-5 түрмесіне ауыстыратыны белгілі болды. Бұл түрмедегі тұтқындар биыл жазда жаппай аштық жариялап, тамырын кескен еді. Олар туыстарына қызметкерлер электрошокермен азаптап, ұрып-соғып, адвокатпен кездесуге рұқсат бермейтініне шағымданған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресейде "терроризм" айыбымен ұсталған қазақстандықтың ісі

АЗАПТАУ ЖАЙЛЫ ШАҒЫМ

Виктор Филинков тағылған айыпты жоққа шығарып, істің қолдан жасалғанын айтқан. Сондай-ақ алғашқылардың бірі болып Ресейдің күштік құрылымдары азаптады деп шағымданған. Өзінің сөзінше, оны сол кезде ФСБ қызметкерлері әуежайдан ұстап алып, орманға апарып, электрошокермен ұзақ уақыт қинаған.

Ал қоғамдық бақылау комиссиясы этаппен алып жүру кезінде жартылай аяқ-қолы істемей қалған Филинковке Петербургтегі абақтыда қажетті дәрі-дәрмек бермей отырғанын хабарлаған.

Виктор Филинков Ресейдің тергеу комитетіне шағым түсірген. Адвокаттың айтуынша, оны азаптау туралы шағымынан бас тартқызу үшін ФСБ қызметкерлері тағы да қинап азаптаған. Электрошокер қолданған. Олар сонымен бірге оның жолдасына да күш қолданамыз деп қоқан-лоқы жасаған.

Ресейлік "Медиазона" сайтының жазуынша, Филинковты ұстау кезінде азаптау іздері қалуы мүмкін киім табылмаған. Оны тергеу кезінде азап белгілері көрінуі мүмкін видеожазбалар жойылған. Бұған қоса, қоғамдық бақылау комиссия өкілдерінің Филинковты қарағаны туралы видео да табылмаған.

Алайда, Ресей Тергеу комитеті мен прокуратурасы азаптау туралы қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан, ал сот азаптауды заңды деп таныған. Ал Виктор Филинков Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотына өзін электр тогымен азаптады деп Ресейге қарсы шағым түсіріп, Еуропа конвенциясының бұзылғанын мәлімдеді.

Виктор Филинков әскери сот залында. Санкт-Петербург, Ресей, 25 ақпан 2020 ж.

30 қазанда Виктор Филинков ИК-1 түрмесінде аштық жариялаған. Ресейде бұл күні "Саяси тұтқындар күні" атап өтіледі. Құқық қорғаушы әлеуметтік желідегі парақшасында Филинков "барлық саяси тұтқындарға бостандықты талап етеді" және егер өзін жалғызадамдық камерада ұстай берсе, аштықты жалғастыруы мүмкін екенін айтқан.

"ЖЕЛІ" ІСІ

Қылмыстық істі Ресей федералды қауіпсіздік қызметі 2017 жылдың қазанында қозғаған. 2017 жылы күзде Пензада фашизмге қарсы алты адам, 2018 жылдың басында Санкт-Петербургте тағы екі адам қамалған.

Ресей билігі Виктор Филинков құрамына кірді деп айыпталған "Желі" ұйымын белсенділер астыртын құрып, президент сайлауы және әлем чемпионаты кезінде "жарылыс жасап, елдегі саяси жағдайды шайқалтпақ" болған деген. Кремльдің пікірінше, анархиялық сипаттағы террорлық қауымдастық "билікті құлатуды" көздеген.

Ресей президенті Владимир Путин Адам құқығы жөніндегі кеңес жиынында "Желі" және "Новая величия" істері туралы өзіне айтпағанын, енді сонымен айналысатынын мәлімдеген.

(Настоящее время материалынан орысшадан ықшамдалып аударылды.)

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Қазақстандық" делінген белсендінің шағымыРесейде айыпталған қазақстандық Еуропа сотына шағымдандыСот 77 жастағы құқыққорғаушыға 25 тәулік кесті