Коронавирустың Қазақстанға келгеніне 1 жыл. Негізгі оқиғалар Азаттық көзімен

Бір жыл бұрын, 13 наурызда Қазақстанда алғашқы коронавирус науқастары тіркелді. Әлем елдеріне тарай бастағанына үш айға жуықтаған жұқпалы індет осылайша Қазақстанға да жетті. Он екі айдың ішінде барлығы 270 мыңнан астам науқас, 3,5 мың өлім тіркелді. Бұл көптеген сұрақ тудырған даулы ресми дерек қана. Індет кезінде баспасөз құралдары үшін ақпарат алу да қиындай түсті. Азаттық осы қиындықтарға қарамастан, індеттің шынайы ауқымын анықтауға бар күшін салды. Қазақстанға Covid індетінің бір жылдығына орай, назарларыңызға Азаттық жариялаған есте қаларлық оқиғалар мен хикаяларды тағы бір ұсынып отырмыз.

Азаттық тарихындағы ең ұзақ Live блог

"13 наурызда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Нұр-Сұлтандағы брифингте "Германиядан келген екі қазақстандықтан (бір әйел, бір ер адам) коронавирус табылып, олар ауруханаға жатқызылғанын" мәлімдеді. Министрдің сөзінше, бірі 9 наурызда, екіншісі 12 наурызда ұшып келген, қазір жағдайлары жақсы".

Азаттық бастаған Live блогының алғашқы жазбасы осылай басталды. Содан бері көп нәрсе өзгерді. Ол өзгерістер осы жазбада аты аталған Біртановтың өзін де қамтыды. Індет өршіген маусым айында қызметінен алынған Біртанов қарашаның басында мемлекет ақшасын талан-таражға салу күдігімен үйқамаққа алынды.

Блогта коронавирус жөніндегі жедел үздіксіз жарық көріп тұрды. Бір жыл ішінде барлығы 2008 жазба жарияланды.

2020 жылғы 13 наурыз күні сағат 15:28 уақытында басталған блог тура бір жылдан соң 13:02 уақытында жарық көрген соңғы жазбасымен аяқталды.

Вирус құрбандары ресми деректе – 10 адам. Ал коронавирус зиратында 32 марқұм жерленген

Алматы облысы Қараой ауылының маңындағы коронавирустан қайтыс болғандарды жерлейтін арнайы зиратқа 32 адам жерленген. Ресми дерек бойынша, Алматы қаласында COVID-19 жұғып, көз жұмғандар саны 10 адам. Ал Алматы облысы аумағында өлім тіркелмеген. Қабір саны мен билік таратқан ақпараттағы дерек сәйкеспейді. Азаттық тілшісі Алматыдан 50 шақырым қашықтықта орналасқан зиратқа барып, жерлеу рәсіміне куә болып қайтты. Мақалаға өтіңіз.

Your browser doesn’t support HTML5

Алматыда вирустан қайтыс болғандар - 10 адам. Қалған 22 қабір қайдан келді?

Пандемияда кімнен айырылдық?

"Демалысы толық аяқталмай тұрып жұмысқа шығып кетті. Жұмыс деп соңғы кездері отбасына да жеткілікті көңіл бөлмей кетіп еді. Анашым ақылшым еді. Бәріне ақылын айтып отыратын, ұрысқа жақын адам емес еді, жұмысына адал еді. Бұрымы мен көк көзіне бәрінің көзі түсетін". Бұл коронавирус пневмониясын қайтыс болған 58 жастағы дәрігер Ағзипа Тәжденова туралы қызының естелігі.

Былтыр мамыр айында, Covid індеті күш ала бастаған шақта Азаттық коронавирустан қайтыс болғандардың тізімін жариялай бастады. Бұл тізімді біз марқұмдардың жақындары ұсынған ақпараттары негізінде дайындадық. Коронавирустан қайтыс болғандар арасында Мәскеу олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, театр және кино актері Дархан Дайырбек, жазушы әрі журналист Қуандық Шамахай секілді саласының танымал мамандары бар.

Соңғы рет 2020 жылғы 20 қарашада жаңартылған тізімге барлығы 236 адам кірді. Азаттықтың арнайы парағына кіріп, марқұмдардың туыстары айтқан естеліктермен танысқыңыз келсе, сілтемені басыңыз.

Your browser doesn’t support HTML5

"28 жастағы жарымды жоғалттым". Туысынан айырылғандар мен ауырған жандардың әңгімесі

"Балаларын сұрай берді". Індет әкеткен жүкті әйелдер

Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Ақжар ауылында тұратын Нұрболат Баймұратовтың кенжесі Ерсарының туғанына 30 қыркүйекте тура үш ай толды. Ай-күні толмай дүниеге келген нәрестеге қазір әжесі қарап отыр. Ерсарының екі ағасы мектепте оқып жүр. Сәбидің анасы Мейрамгүл Баймұратова үшінші ұлын дүниеге әкелген соң бір аптадан кейін қайтыс болған.

Қазақстанда індет кезінде Covid-19 пен пневмониядан кемінде қырық жүкті әйел көз жұмған. Кейбірінің туысы тиісті жәрдем көрсете алмады деп медицина мекемесін сынайды. Дәрігерлер науқасты хаттамаға сай емдегенін айтады. Азаттық індет өмірін қиған үш ананың хикаясымен танысты. Мақаланың толық нұсқасын мына жерден таба аласыз.

Азаттық пандемия кезіндегі жүктіліктің қиындығына да мақала арнады. Індет өршіген тұста қатардағы азаматтардың көбі ауыр дәрілер ішті. Дәрігерлердің сөзінше, аяғы ауыр әйелдің ағзасы онсызда әлсіз келеді, сол себепті вирусты жұқтыруы оңай, ал емделуі қиын. Жүкті әйелдер жұрт сияқты вирус пен бактерияға қарсы күшті дәрілерді де іше алмайды – құрсақтағы балаға зиян. Азаттық жүктілігі коронавирус пандемиясымен тұспа-тұс келген әйелдермен сөйлесіп, олардың бастан өткен оқиғаларын баяндады.

"Өлім көбейді". Мәйітхана алдында кезек көп, дәріханада дәрі жоқ

Қазақстанда өлім-жітім жиіледі. Әлеуметтік желіде маусымның соңында көңіл айту, қаралы хабар күрт көбейді. Алматыдағы мәйітхана күзетшісі де қайтыс болғандар санының артқанын айтады. Ірі дәріханалар мен коронавирусты анықтайтын тест орталықтары алдында ұзын-сонар кезек. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вирусқа қарсы күреске 10 шара мен қайта карантин енгізуді ұсынды.

Your browser doesn’t support HTML5

"Өлім көбейді". Мәйітхана алдында кезек көп, дәріханада дәрі жоқ

"Бітті, шешең жоқ". Пандемия кезінде жақынын жоғалтқандар

Қазақстанда COVID-19 індеті өршіп, ондаған мың адам коронавирус жұқтырды. Бірқатар қалада лық толық ауруханалардан бос орын таба алмай сабылған халі ауыр науқастардың кейбірі бірнеше сағаттың ішінде бақилық болып жатыр. Әлеуметтік желідегі жазбалар құдды майданнан түсіп жатқандай: дерттен қайтыс болғандар туралы суық хабарлар толассыз жарияланады. Азаттық коронавирус пен пневмонияға шалдыққан туысыма "дер кезінде көмек көрсетілмеді" дейтін тұрғындармен сөйлесті. Мақалаға өтіңіз.

"Тозақтың нақ өзі". Инфекциялық ауруханада істейтін студенттің хикаясы

Балалар үйінің 22 жастағы түлегі, болашақ хореограф Серік Мұқашев Оралдағы инфекциялық ауруханаға жұмыс күші жетпей жатқанын естіп, санитар болып орналасты. Ол Азаттыққа COVID-19 вирусы жұққан адамдар жататын "қызыл аймақта" жұмыс істеп, оттегі толтырылған ауыр баллондарды көтеріп, жаны күйзелген науқастарға қалай көмектесіп жүргені туралы айтып берді. Мақаланы оқи отырыңыз.

Серік Мұқашев (сол жақта) коронавирустан жазылып шыққан адаммен бірге. Жеке архивтегі сурет.

"Мемлекет бізді ұмытты". Наурыздан бері жабық тұрған кәсіпорындар банкрот болуға жақын

Коронавирус пандемиясына байланысты екі рет карантин жариялаған Қазақстанда көп кәсіпорынның жұмысы 13 наурыздан бері тоқтап тұр. Азаттық сегіз айдан бері табыссыз отырған кәсіпкерлердің жағдайымен танысып, мұңын тыңдап көрді.

Your browser doesn’t support HTML5

"Жағдай өте қиын". Коронавирус пен карантин кинотеатрларға қалай әсер етті?

Студенттің қашықтан оқуы. Пошта арқылы дәріс пен жылдамдығы баяу интернет

20 жастағы Бақберген Сапаш Сүлеймен Демирел атындағы университеттің үшінші курсында журналистика мамандығы бойынша білім алып жүр. Оқуына жыл сайын 800 мың теңге төлейді. Бақберген онлайн оқу кезінде университет бағдарламасынан қалып қоймау үшін несиеге ноутбук алған. Алматыда өмір сүру қымбат болғандықтан Түркістаннан 40 километр жердегі туған жері – Үлгілі ауылына оралған.

Түркістан облысы Үлгілі ауылында тұратын студент Бақберген Сапаш коронавирус індетіне байланысты онлайн режимде білім алады. Ол ауылда интернет сапасының нашарлығы оқуына бөгет екенін айтады. Бақберген Сапаш жіберген сурет.

Бақберген 130 үйден тұратын ауылына интернет келгенін Алматыда жүргенде естіген. Бірақ іс жүзінде ауылдағы интернеттің жылдамдығы жарытып білім алуға мүмкіндік бермейтінін түсінген.

– [Онлайн] сабақ кезінде интернет жиі кідіретіндіктен оқу бағдарламасынан қалып бара жатырмын. Интернет жылдамдығы тіпті алдын-ала жазылған сабақты көруге де жетпейді. Кейде [жылдамдық] секундына бір мегабит болады. Интернет дұрыс істемегендіктен, [оқу жылы] басынан бері төрт рет тариф ауыстырдым. Бұған он мың теңгеге жуық ақшам кетті, – дейді студент.

Қазақстандағы жоғары оқу орындары мен колледж студенттері наурыздан бастап коронавирус пандемиясына байланысты қашықтан білім алуға көшкен. Бұл әсіресе шалғай ауылда тұратындарға қиын. Азаттық тілшісі онлайн оқуға тырысып жүрген студенттермен сөйлесіп көрді. Мақалаға өтіңіз.

Қазис Тоғызбаев. Мәңгі есте қалатын полковник еді

Қазис Тоғызбаев.

Қыстың соңғы күні сайтымыздың ең үздік авторларының бірі Қазис Тоғызбаев өмірден өтті. Таныстары оны нағыз полковник дейтін, себебі ол журналистикаға Қорғаныс министрлігінен кеткен соң келген еді. Әріптесіміз өз ісінің маманы болды, келелі мәселелер мен қиын тақырыптарды қозғады. Әріптестері мен таныстары Қазис Тоғызбаевты қағілез және парасатты адам ретінде білетін.