Наразылық акциясы, зейнеткерлер, сылбыр сайлау. Алматылықтар қалай дауыс берді?

"Oyan, Qazaqstan!" қозғалысы белсендісі Дархан Шәріпов полиция көлігінде отыр. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

Азаттық тілшісінің Алматыдағы сайлау күнгі маңызды оқиғалардан репортажы.

Жексенбі, 20 қарашада таңсәріде Алматының орталығындағы ұлттық кітапханада ашылған ең ірі сайлау учаскесіне бардым.

Кітапхананың жарық әрі кең фойесінде дауыс беретін орындар мен бюллетень салатын жәшік орналасыпты. Дауыс беретін орындардың оң жағында сайлау комиссиясы мүшелері отыр, олар дауыс берушілердің жеке дерегін жазып алып, сайлау бюллетенін таратуға жауапты.

Сол жаққа ұйқысын аша алмай отырған бақылаушылар жайғасыпты. Оларға залда не болып жатқанынан гөрі қолындағы смартфон қызығырақ сияқты. Бақылаушылар журналистермен сөйлесуге құлық танытпады. Оларды да түсінуге болады, жексенбінің таңы, дауыс беруге асығып келіп жатқан сайлаушы жоқ, жәшік түбінде бірен-саран бюллетень ғана жатыр. Мұндай ақпаратпен журналистерге не айтсын?!

Қазақстан президентін сайлау күні. Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

Іші пысқан бақылаушыларға жақсы кадр мен сөйлесетін кандидат күтіп отырған журналистер мен фотографтар қосылды. Біраз уақыттан кейін сайлау учаскесіне қарт әйел кірді. Фотографтар әжейді қаумалап, жақсы ракурс іздей бастады. Өзіне бірден осынша адамның назар аударғанына абдырап қалған әйел сәл шегінгендей болды.

– Әлі ерте ғой, сәл күтейік, халық келетін шығар, – деді журналистердің бірі.

Оның айтқаны келді. Таңертеңгі 9-дан кейін сайлау учаскесінде адам қарасы көбейе бастады.

Дауыс беруге немересін ерте келген сайлаушы. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

Дауыс беруге келгендердің көбі – зейнеткерлер. Орта жастағы адамдар некен-саяқ. 40 жасқа дейінгі сайлаушыларды саусақпен санап шығуға болады.

Кей адамдар сайлау комиссиясынан алған бюллетенді толтырып, сайлау жәшігінің жанында тұрып суретке түсті. Кезек болмағандықтан, оларға асықпай фотосессия жасауға ешкім кедергі жасаған жоқ.

Сайлауға дауыс берген сәтін суретке түсіріп тұрған жастар. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

– Сайлауға дауыс беремін деп ұйғаруыңызға не себеп болды? – деп сұрадым осында келген 20 жастағы жігіттен.

– Елде бірнәрсе шешетін уақыт келді ғой, сол мүмкіндікті пайдаланып жатырмын. Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жеті жылда лайықты президент болады деп үміттенемін.

Қазақстан президентін сайлауға дауыс беруге келген сайлаушы. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

Бір сағат өтті. Фотографтар тағы жұмыссыз қалды. Біреулер спорт, кино, эстрада жұлдыздары дауыс беретін басқа сайлау учаскелеріне кетті. Кей әріптесім кітапханада қалды. Мен де адам қарасы көп, қарбалас болып жатқан сайлау учаскесін іздеуге шықтым.

Қаныш Сәтбаев атындағы мектепте ашылған 353-сайлау учаскесі қаланың қақ ортасындағы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бойында орналасқан. Журналистер арасында орталықта митинг болады екен деген сыбыс тараған. Сондықтан алысқа ұзамай, осы маңда жүргенім дұрыс болар деп ойладым.

Қазақстан президентін сайлау күні Алматының орталығындағы көшелердің бірінде төңіректі бақылап тұрған полиция қызметкерлері. 20 қараша 2022 жыл.

Әлгі ақпарат полицияның да құлағына жеткен болу керек, қалада форма киген адамдар жиі ұшырасты.

Көшеде өзі таңдаған кандидатқа дауыс беруге шыққандар аз болды. Жолай сөйлескен адамдар сайлауға емес, басқа шаруасына асығып бара жатты.

– Дауыс беруге барамын, бірақ кейінірек. Қазір шаруаларым бар, – деді полиция автобусына үрке қарап, асығыса басып өтіп бара жатқан жас жігіт.

Қазақстан президентін сайлау күні Алматыдағы сайлау учаскелерінің бірінде отырған адам. 20 қараша 2022 жыл.

Мен суретке түсіріп алмақ болып кірген 373-сайлау учаскесі кітапханаға қарағанда белсендірек болып шықты. Мұнда дауыс беруге келгендердің арасында да зейнеткерлер мен қарттар көп.

Сайлау учаскесінің ішінде президенттікке кандидаттар туралы ақпарат ілінген бұрыштың қасынан өтіп бара жатқан сайлаушы. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

– Дауыс бергендерге шұжық бар ма? – деді дауыс беруге келген кісі сайлау комиссиясындағы әйелдерге қалжыңдап.

– Қандай шұжық? – деді әйелдер күле жауап қатып.

– Баяғыда, Совет одағы кезінде дауыс беруге барғандарға шұжық, кәмпит беретін. Ол уақытта дүкенде шұжық болмайтын, сондықтан жұрт қат тауар үшін сайлауға ағылатын еді ғой.

Қазақстан президентін сайлауға дауыс беріп жатқан сайлаушы мен оны сыртынан бақылап тұрған учаскелік комиссия мүшелері. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

Әлгі адам бекер қалжыңдамапты, сайлау комиссиясының мүшелері дауыс беруге келген зейнеткерлерге сыртында Қазақстан туының суреті бар шоколад таратты.

Қазақстан президентін сайлау күні сайлау учаскесіне ілінген кандидаттардың өмірбаяны жайлы ақпаратты оқып тұрған сайолаушы. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

– Неғып состиып тұрсың? Жүрсейші тезірек, – қарт әйел президенттікке кандидаттардың өмірбаяны жазылған парақтан көзін алмай тұрған күйеуін асықтыра сөйледі.

– Қоя тұршы, Тоқаевтан басқа кім барын білейік те,– деді ол.

Қазақстан президентін сайлау күні өзінің дауыс берген сәтін суретке түсіріп алған сайлаушы аз болған жоқ. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

– Дауыс беріп жатқанымды түсіріп алыңызшы, жұмыстан есеп сұрап жатыр, – деді сайлау комиссиясының мүшесіне телефонын ұсынған әйел.

– Осындай маңызды күннен естелік те керек қой, – деді комиссия мүшесі әйелдің сөзін жуып-шайып.

Сайлау учаскесіндегі күзетші. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

Сайлауға келушілер аз деп ойлаған жалғыз мен емес.

– Өзім барған учаскеде 17:21-ге дейін 1951 адамның 452-сі (22 пайызы) ғана дауыс берді. Көбіне зейнеткерлер, орта жастағы адамдар келді. Келушілердің шамамен он пайызы ғана жастар, – деді Masa.media журналисі Диана Матвеева.

Диана сайлау күні Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыка мектебінде орналасқан 56-сайлау учаскесінде тәуелсіз бақылаушы болған.

Қазақстан президентін сайлау күні Алматының орталық бөлігіндегі көшеде тұрған, іш жағынан терезесіне газет жапсырып, көлегейлеп тастаған жолаушы автобусы. 20 қараша 2022 жыл.

Сайлау учаскесінен шығып, "Oyan Qazaqstan" қозғалысы белсенділері митинг өтеді деп хабарлаған Республика алаңына бет алдым. Полиция бұған дейін Абай ескерткішінің алдына жиналып, "таңдаусыз сайлау" өткізуге қарсылық білдірген тіркелмеген Демократиялық партия белсенділерін ұстап әкеткен.

Көшеде полиция қаптап кеткендей көрінді. Кей жерде күш құрылымдары қызметкерлері отырған жолаушы автобусы тұр. Ішінде отырған адамдар көрінбесін деген болу керек, автобустың іш жағынан терезесіне тұтас газет жапсырып тастапты.

Республика алаңыңдағы Тәуелсіздік монументі. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

Біраздан соң ауа райы бұзылайын деді. Аспанды бұлт торлап, сіркіреп жаңбыр жауды. Республика алаңына жеткенше полиция қызметкерлері бірнеше рет тоқтатып, "Кімсіз?", "Фотоаппаратпен не істеп жүрсіз?", "Тәуелсіздік монументінің маңында бір шара бола ма?" деп сұрады.

Қызмет құжаттарымды көрсетіп, акция өтеді деп естігенімді, басқа ештеңе білмейтінімді айттым.

Қазақстан президентін сайлау күні Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументі алдында сайлауға қарсылық білдіріп тұрған белсенділер. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

Түскі сағат бірдің шамасында Тәуелсіздік монументі алдына "Oyan Qazaqstan" қозғалысының бес белсендісі (кейін тағы екі адам келді) жиналып, "Әділ сайлауға жететін күн бар ма?" деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.

Акцияға шыққандар аузына "Ұрма, атпа", "Ұрпақ үшін", "Қанды қаңтар" деген жазуы бар қағаздар жапсырып алды. Осылайша олар тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі қантөгіс болған Қаңтар оқиғасы кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қаңтар ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін еске салды.

"Oyan, Qazaqstan!" қозғалысы белсендісі Дархан Шәріпов полиция көлігінде отыр. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

Бірнеше минуттан кейін белсенділердің жанына келген полиция плакаттарын тартып алып, қыздарды көлікке қарай сүйрелей жөнелді.

Полиция қызметкерлері Тәуелсіздік ескерткіші алдына бейбіт акцияға шыққан "Oyan, Qazaqstan!" қозғалысы белсенділерін күштеп әкетіп барады. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

Акцияға қатысқан жеті адам ұсталғаннан кейін монумент алдына "Oyan Qazaqstan" қозғалысының тағы үш белсендісі келді. Оларды да бірден ұстап әкетті.

Полиция Тәуелсіздік ескертіші алдынан "Oyan, Qazaqstan!" белсенділерін ұстап, көлікке қарай әкетіп барады. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

Бақылаушылар дерегінше, бұл күні Алматыда "заңсыз сайлауға" наразылық білдірген отызға жуық адам ұсталған.

Полиция қызметкері Республика алаңындағы Тәуелсіздік ескерткіші алдынан ұстаған "Oyan, Qazaqstan!" қозғалысы белсендісін көлікке күштеп отырғызып жатыр. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

Қазақстанның барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру заңда көрсетілген уақытта аяқталды. Ресми дерек бойынша, сайлауға дауыс беру құқына ие азаматтардың 69,43 пайызы қатысқан. Сайлау күні сөйлескен адамдардың көбі (негізінен жасы 70-тен асқан қарттар) қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс бергенін айтты.

"Басқа кандидаттар туралы естіген де жоқпыз" деді 50 жас шамасындағы әйел бюллетенін сайлау жәшігіне салып жатып.