9 - 13 қыркүйек

Алматыда қыркүйектің 9-ы күні алғашқы «үйсіздер құрылтайы» өтуі тиіс еді. Онда Алматыдағы үйсіз азаматтардың тізімін жасап, әкімдікке тапсыру жоспарланған. Ұйымдастырушылар шара болмай жатып қуғынға ұшырады. Құрылтай өтетін күні олар сотқа тартылды. «Үйсіздер құрылтайы» атты шараны ұйымдастырмақ болғандарды қолдап, қала ортасына жиналған 100-ге тарта адамды 9 қыркүйек күні полиция таратып жіберді. Белсенді Дильнар Инсенованың айтуынша, «Желтоқсан ақиқаты» мен «Бірге» қозғалысының мүшелері «Қазақстан үйсіздері комитетін» құрған. Комитетке баспанасы жоқ кез-келген азамат кіре алады.
 
Суретте: "Үйсіздер құрылтайын" ұйымдастырушылардың бірі Дильнар Инсенова. Алматы, 9 қыркүйек 2013 жыл.

9 қыркүйек күні Астана соты «Благодать» протестант шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаевтың қамау мерзімін бір айға созды. Оған шіркеуге келушілердің кем дегенде біреуінің денсаулығына «гипноз» арқылы «қасақана ауыр зардап келтірген» деген айып тағылған.  

Пасторды қолдайтындар «істің саяси астары бар» дейді. 2013 жылы шілде айында АҚШ Қазақстан билігін пасторды қамаудан босатуға шақырды. Тамыз айында Бақытжан Қашқымбаевтың туыстары Рим папасы Франциск атына пасторға тағылған айыптың жала екенін жазып, шағым-хат жіберді. Олар Рим папасынан пасторды босатуға ықпал етуді сұрады. 

Оппозициялық саясаткер Алексей Навальный 9 қыркүйек күні Мәскеу мэрінің сайлау нәтижесіне байланысты Болотный алаңында шеру өткізді. 8 қыркүйекте өткен сайлауда Мәскеу мэрінің міндетін атқарушы Сергей Собянинге сайлаушылардың 51,37 пайызы қолдау білдірді. Оның негізгі қарсыласы Алексей Навальный ("РПР-ПАРНАС") — 27,24 пайыз дауыс алды. Навальный ресми нәтижемен келіспей, өз штабының мәліметтері бойынша Собяниннің 50 пайыздан кем дауыс алғанын мәлімдеп, билікті сайлаудың екінші турын өткізуге шақырды. 

9 қыркүйек күні Тәжікстанның оппозициялық топтары қараша айында өтетін президент сайлауына ортақ үміткер - құқыққорғаушы Ойнихол Бобоназарованы ұсынды. "Перспектива+" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ойнихол Бобоназарова 1990 жылдан бері Тәжікстан демократиялық күштері қатарындағы іс-әрекетімен танымал. 1993 жылы елде азаматтық соғыс жүріп жатқан тұста ол қоғамдық қызметі үшін бірнеше ай бойы қамауда болған.

10 қыркүйек күні АҚШ президенті Барак Обама Ресейдің Сириядағы химиялық қаруды халықаралық бақылауға алу ұсынысын қабылдады. Бірақ ол "Америка әскері кез-келген уақытта Сирияға шабуылдауға дайын екенін" де мәлімдеді.

Мәскеу АҚШ-тың Сирияға шабуылын болдырмау үшін бұл елдегі химиялық қаруды халықаралық бақылауға алуды ұсынған.  

10 қыркүйекте Түркияның оңтүстік-шығыс бөлігінде жүздеген азаматтар мен полиция қақтығысты. Қақтығыс шеру кезінде белгісіз жағдайда қаза тапқан жергілікті белсендіні жерлегеннен кейін басталған. 22 жастағы Ахмет Атакан 10 қыркүйек күні Антакиядағы шеру кезінде мерт болған. Белсендінің қалай өлгенін көрген куәлер "басынан алған соққыдан қайтыс болды" десе, полиция "белсенді төбеден құлады" дейді. Полиция шерушілерді тарату үшін көз ашытатын газ қолданған.  

11 қыркүйек күні Каспийдің Қазақстанға тиесілі бөлігіндегі Қашаған кен орнында North Caspian Operating Company B.V. консорциумы алғашқы мұнайды өндірді. «ҚазМұнайГаз» компаниясының мәлімдеуінше, мұнай бір айдың ішінде толық қарқынмен өндіріле бастайды.

Қашағаннан мұнай өндіруді бастау ісі бұдан бұрын бірнеше рет кейінге қалдырылған еді. Бұл жобада қазақстандық "Қазмұнайгаз", италиялық Agip, америкалық ExxonMobil, ағылшын-голландиялық Shell, франциялық Total (әрқайсысында 16,81 пайыздан), жапониялық U.S. Inpex North Caspian Sea (7,56 пайыз) компанияларының да үлесі бар. Қашағандағы ConocoPhillips-тің 8,4 пайыз акциясын жуықта Қытайдың China National Petroleum Corporations (CNPC) компаниясы алды.

АҚШ-та 11 қыркүйекте 2001 жылы жасалған теракті құрбандарын еске алу шаралары өтті.

2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йоркте, Вашингтонда, Пенсильвания штатының Шанксвиль ауданында жасалған терактілерден үш мыңға жуық адам қаза тапқан еді. Бұл терактілерді «Әл-Қаида» мойнына алған.

12 қыркүйек күні Көкшетау тұрғыны Қазына Махмедова Астанада «Нұр Отан» партиясына қарсы жалғыз өзі акция өткізді. Көзі көрмейтін мүгедек әйелдің айтуынша, оған үш қызымен 2006 жылдан бері тұрып келген Көкшетаудағы жатақхана бөлмесінен (11 шаршы метр) айрылып қалу қаупі төнген. Ол "жергілікті билік орындары табалдырығын тоздырып, шарасыздықтан Астанадағы «Нұр Отан» кеңсесінің алдында аштық жариялауға бекініп келгенін" айтты. «Нұр Отан» өкілдері оны кеңселеріне алып кетті. Қазына Махмедова Азаттық тілшісіне "Зағипа Балиеваға жолыққанын, депутат Көкшетау қаласы әкіміне осы мәселе бойынша хат жазғанын" хабарлады. 

13 қыркүйекте түстен кейін Алматыда жергілікті тұрғындар арасында «Барахолка» деп аталатын бірнеше ірі сауда-кешені жапсарласа орналасқан жердегі «Олжа» базарында шыққан өрт аз уақыттан соң көрші тұрған «Аян», «Керемет» базарларына, сондай-ақ «Алатау» базарының бір бөлігіне өткен. 

Төтенше жағдайлар қызметінің деректері бойынша, өрт аумағы 5,4 мың шаршы метрді құраған. Бұл көлемі жағынан осы кезге дейін Алматы базарларында болған ең үлкен өрт болып отыр.

 

13 қыркүйекте Қырғызстан астанасы Бішкекте ШЫҰ саммиті өтті. Жиын қорытындысы бойынша бірлескен декларация қабылданды. 

ШЫҰ Сирияның химиялық қару-жарағын халықаралық қауымдастықтың бақылауына беру, сондай-ақ бұл елдің химиялық қаруды әзірлеуге, өндіруге, жинауға және қолдануға тыйым салу конвенциясына қосылуы туралы бастамаға қолдау танытқан. 

Суретте: Қытай басшысы Си Цзиньпин (оң жақта), Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада).