Апта бейнелері: 23 - 28 қыркүйек

23 қыркүйекте Алматы әкімшілік соты "Ашық алаң" газетінің қызметін үш айға тоқтатты. Сот газетті "шығу жиілігін бұзды" деп танып, басылымның иесі Әсем Әлмұхаметқызына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды (173 мың теңге). Редакция өкілдерінің айтуынша, газет шілденің 10-ы мен тамыздың 21-і аралығында демалысқа кетіп, ол туралы басылым бетінде оқырмандар мен әкімдікті хабардар еткен. Алайда Алматы қаласының әкімдігі сотқа жүгінген. Басылымды шығарушылар "билік шағымының саяси астары бар" деген болжам айтады.

Суретте: "Ашық алаң" газетінің тілшісі Инга Иманбай сотқа жауап беріп тұр. Алматы, 23 қыркүйек 2013 жыл.

23 қыркүйекте Кениядағы сауда орталығында содырлар кепілге алған азаматтардың көпшілігі босатылды. 21 қыркүйекте "Әл-Қаидамен" байланысы бар "Әл-Шабааб" тобының қарулы мүшелері сауда орталығына басып кіріп, біраз адамды кепілге алған еді. 23 қыркүйекте сауда үйінде 68 бейбіт тұрғынның қаза тапқаны, опат болғандардың арасында АҚШ, Франция, Канада азаматтары мен Кения президентінің туыстары бар екені хабарланды. Қарулы топ "шабуылды Сомалидегі халықаралық бітімгершілік операцияларына Кенияның қатысқаны үшін жасағанын" мәлімдеді. 24 қыркүйекте Кения әскері сауда орталығын бақылауына алды.

Суретте: Кения солдаттары сауда орталығына кіріп барады. Найроби, 24 қыркүйек 2013 жыл.

23 қыркүйекте Германияда парламент сайлауының қорытындысы шығып, канцлер Ангела Меркельдің партиясы жеңіске жеткені жарияланды. Ангела Меркель елді қатарынан үшінші мерзім басқарады.

Суретте: сайлаушыларына қол бұлғап тұрған Германия канцлері Ангела Меркель.

24 қыркүйекте Пәкістанның Аваран және Хуздар аудандарында 7,8 балдық жер сілкінісі болды. Зілзаладан аудандардағы жүздеген үйлер қирап, байланыс нысандары зақымданған. 28 қыркүйекте қаза тапқан адамдар саны 515-ке жеткені, Аваран ауданында жойқын жер сілкінісі (6,8 балл) тағы қайталанғаны хабарланды. Жүздеген адам жараланған. Әскерилер апат болған аймаққа көмек жеткізіп жатыр.

Суретте: зілзаладан аман қалған әйел қираған үйінің қасында от жағып отыр. Пәкістан, Белуджистан провинциясы, 27 қыркүйек 2013 жыл.

25 қыркүйекте "Қазғарыш" агенттігінің төраға орынбасары Еркін Шаймағамбетов "Қазақстан Ресейге Байқоңырдан "Протон-М" зымыранын ұшыруға рұқсат етуі мүмкін" деп мәлімдеді. 2 шілдеде ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышы Байқоңырда апатқа ұшыраған еді. Апат кезінде ғарыш айлағы маңы зымыран тасығыштың бірнеше жүз тонна улы отыны – гептилмен ластанған. Ресейлік «Известия» басылымы 24 қыркүйекте "Ресей Қазақстан жауабын күтпей, қыркүйектің 30-ы күні Байқоңырдан «Протон-М» зымыран тасығышын ұшыра беретіні" туралы жазды. Газеттің хабарлауынша, "Роскосмос" Қазақстан үкіметіне ескерту жіберген.

Суретте: "Протон-M" зымыран тасығышы. Байқоңыр, 14 қыркүйек 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

26 қыркүйек күні Алматы әкімшілік сотының судьясы Нұржан Пақырдинов "Правда Казахстана" газетінің қызметін үш айға тоқтатты. Судья газеттің "шығарылым деректерiн жариялау тәртiбiн бұзғанын" айтып, басылым редакторы Шәріп Құрақбайға (суретте) 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (173 мың теңге) айыппұл салды.

26 қыркүйекте "Каспийдің Қазақстанға тиесілі бөлігіндегі Қашаған кенішінен (суретте) мұнай өндіру апатқа байланысты бірнеше күнге тоқтағаны" хабарланды. 24 қыркүйекте Қашағандағы жасанды "Д" аралынан зауытқа баратын газдың сыртқа шығып жатқаны анықталған. Бұдан соң "Д" аралындағы барлық скважиналардан мұнай өндіру уақытша тоқтатылған. Қашаған кен орнында North Caspian Operating Company B.V. консорциумы алғашқы мұнайды биыл 11 қыркүйекте өндіре бастаған еді.

26 қыркүйек күні таңертең Алматыда Желтоқсан мен Сәтбаев көшелерінің қиылысында атыс болып, бір адам қаза тапты. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің мәліметі бойынша, оқиға таңғы сағат 9.30-да болған. Travel Express қызметкерлеріне қарақшылық шабуыл жасалған. Travel Express компаниясының бір қызметкері оқиға орнында қаза тауып (суретте), бір адам жараланды.

26 қыркүйекте Қазақстан мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин (суретте) "қазан айында Қазақстанда бензин бағасы 5-7 пайызға қымбаттауы мүмкін" деп мәлімдеді. Министр "Қазан айында Омбы, Уфа мұнай өңдеу зауыттары шамамен бір ай мерзімге жөндеу жұмыстарына жабылуы мүмкін. Осыған байланысты Ресейден келетін мұнай өнімдерінің көлемі азаюы ықтимал. Бұл уақытша болғанымен, Қазақстандағы бағаға біршама әсер етуі мүмкін" деді. Өткен аптаның соңында Қазақстанның отын қауымдастығы «қазан айында жағдай ушығып кетеді» деп ескерткен еді. Қазақстан өзіндегі мұнай өңдеу зауыттарының қуаты ішкі сұранысты толық өтей алмайтындықтан мұнай өнімдерін Ресейден импорттайды.

28 қыркүйекте БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Сирияның химиялық қаруын жою туралы қарар қабылдады. Онда "Сирия талаптарды (химиялық қаруды жою - ред.) орындамаған жағдайда келесі қарар әзірленетіні" айтылған. АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри қарардың қабылдануын "дипломатия жеңісі" деп бағалап, "Ұлттар ұйымы ретінде біз қорғансыз, өміріне қауіп төнген адамдарды қорғайтынымызды көрсеттік" деді. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров "Қауіпсіздік кеңесі Сирия немесе басқа тараптар келісімді бұзған жағдайда шара қолдануға дайын болуы тиіс" деді. БҰҰ-дағы Сирия елшісі Башар Джафари "Түркия, Сауд Арабиясы, Франция, Катар және АҚШ көтерілісшілерге көмек көрсетсе, жауапкершілікке тартылсын" деп мәлімдеді.
Суретте: Сирия астанасы Дамаск маңында әкесін жерлеп жатқан бала жылап отыр.

27 қыркүйекте АҚШ президенті Барак Обама "Иран президенті Хассан Роуханимен телефон арқылы сөйлескенін" хабарлады. 34 жыл бұрын Иран мен АҚШ арасындағы дипломатиялық байланыстар тоқтатылған еді. Бұл - 1979 жылдан кейінгі екі ел басшылары арасындағы тұңғыш байланыс. Обама "Телефон арқылы сөйлесуіміз бұл тарихи тығырықтан шыға бастағанымызды білдіреді" деді. АҚШ президентінің сөзіне қарағанда, "Иран президенті Роухани Иранның ешқашан ядролық қару жасамайтынын", ал өзі "Иранның ядролық энергияны тек бейбіт мақсаттарға пайдалануға құқығы бар екенін" айтқан. Осы күні Ақ үй АҚШ президенті Барак Обаманың Иран президенті Хассан Роуханимен телефон арқылы сөйлесіп отырған суретін жариялады.

28 қыркүйек күні Нью-Йорктен Тегеранға оралған Иран президенті Хассан Роуханидің көлігіне қарсыластары аяқ киім және басқа да заттар лақтырды. БҰҰ Бас ассамблеясы сессиясына қатысу үшін Нью-Йоркке барған сапарында Барак Обамамен телефон арқылы 15 минут сөйлескен Роуханиді әуежайда қарсы алу үшін қолдаушыларымен (суретте) қатар қарсыластары да жиналған. Роуханидың қарсыластары «Америка жойылсын!», «Израиль жойылсын!» деп ұрандаса, қолдаушылары оған алғыс білдіріп құрбандыққа қой шалған.