Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш конституциясы

1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Жоғары кеңесіндегі (парламент) дауыс беру барысында 312 депутаттың 309-ы Қазақстан Республикасының жаңа конституциясы жобасын қабылдау туралы ұсынысты қолдап, біреуі қалыс қалды, ал екі депутат қарсы дауыс берді.

Суретте: Алматыдағы бұрынғы Жоғары кеңес ғимараты.

Жаңа конституция 131 негізгі және 13 өтпелі баптан тұрды: Негізгі заңда кіріспе, "Конституциялық құрылыстың негіздері", "Азамат, оның құқықтары мен міндеттері", "Қоғам мен оның құрылысының негіздері", "Мемлекет, оның органдары мен институттары", "Конституцияны сақтау кепілдіктері", сондай-ақ "Өтпелі ережелер" бөлімдері болды.

Суретте: Қазақстан конституциясының үлкейтілген көшірмесінің жанында тұрған құрметті қарауыл.

Бұл Қазақстанның тәуелсіздігін жариялағаннан кейін қабылдаған алғашқы конституциясы болды. Онда заң шығарушы, атқарушы және сот биліктері мемлекеттің басқару жүйесінде өз алдына дербес әрі тәуелсіз органдар ретінде бекітілді.

Суретте: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (мінберде), вице-президент Ерік Асанбаев (жоғарыда сол жақта) және Жоғары кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин. (1990 жылдардың бас кезіндегі сурет.)

Совет билігі тұсында Қазақстан конституциясын үш рет жаңартқан. 1926 жылы 18 ақпанда алғашқы конституция қабылданған кезде Қазақстан Ресей федерациясы құрамында еді. Ал кейін, 1937 және 1978 жылдары Қазақ ССР конституциялары бекітілді.

​Суретте: "Sotsijaldь Qazaƣьstan" ("Социалды Қазақстан") газетінің 1937 жылғы санында жарияланған Қазақ ССР конституциясының жаңа редакциясы бекітілгені туралы ресми ақпарат.

Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялағаннан кейін бір жылдан астам уақыт бойы 1978 жылы қабылданған ескірген советтік конституция қолданыста болды.

Суретте: Қазақ ССР президенті сайлауында осы қызметке жалғыз кандидат Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) дауыс беріп тұр. Алматы, 1 желтоқсан 1991 жыл.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы конституциясы негізіне парламенттік республика моделі алынды. Негізгі заңда Қазақстан Республикасы - барлық азаматтарының құқықтық теңдігін қамтамасыз ететін демократиялық, зайырлы және біртұтас мемлекет деп танылды. Халық атынан билік жүргізу құқығы конституциялық өкілеттігі шегінде Жоғары кеңес пен президентке берілді. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып бекітіліп, орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі мәртебесіне ие болды. 

Суретте: ​Қазақстан конституциясы бейнеленген ескерткіш. Астана, 21 қазан 2009 жыл.

Негізгі заңда Қазақстан Республикасы - барлық азаматтарының құқықтық теңдігін қамтамасыз ететін демократиялық, зайырлы және біртұтас мемлекет деп танылды. Халық атынан билік жүргізу құқығы конституциялық өкілеттігі шегінде Жоғары Кеңес пен президентке берілді.

Суретте: Конституция баптарынан үзінділер келтірілген жазу ұстап наразылық акциясында тұрған адамдар. Астана, 28 маусым 2014 жыл.

Конституцияда Қазақстан президенті қызметіне бір адам екі мерзімнен артық сайлана алмайды деген ереже бекітілді. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы конституциясын қабылдаған Жоғары кеңес те, одан кейін осы конституция бойынша 1994 жылы сайланған келесі Жоғары кеңес те мерзімінен бұрын таратылды. Парламенттің заң шығару өкілетін уақытша өзіне алған президент жаңа конституция жобасын әзірлеп, бүкілхалықтық референдумге ұсынды.

Суретте: Қазақстан президенті болып кезекті мәрте сайланған Нұрсұлтан Назарбаев конституцияға қолын қойып, ант беріп тұр. Астана, 29 сәуір 2015 жыл.

Қазақстанның қазіргі қолданыстағы конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Осы күн мемлекеттік мереке - Конституция күні болып белгіленген. Бұл конституция бойынша президент саяси жүйенің басты тұлғасы болып табылады және билік тармақтарынан жоғары тұрады. Кейін конституцияға елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа осы қызметке шексіз мәрте сайлануына құқық беретін өзгертулер енгізілді.