"Объективте: Қазақстандағы ашаршылық"

Көрменің бірінші залында деректі суреттердің авторы – фотограф Дмитрий Поликарпович Багаевтың суреті ілінген. Ол 1884 жылы шаруа отбасында дүниеге келген. Жас шағында Вятка губерниясынан Павлодар қаласына келіп, кейін жарты ғасыр бойы осында фотограф болып жұмыс істеген. Қаншама адамның тағдыры тәлкекке түскен сол бір аласапыран жылдары оның бұл суреттерді қалай аман сақтап қалғаны таңғалдырады. Ол түсірген деректі суреттердің қазір ерекше маңызы бар.

"Ашаршылық босқындары" фотосы. Мұражай қызметкерлері бұл суреттерді баға жетпес ерекше жәдігерге жатқызады. Оларда сол ауыр жылдардағы Қазақстандағы шынайы өмір бейнеленген. Совет өкіметі 1932-1933 жылдары қазіргі Қазақстан аумағында "бай-құлақты тап ретінде жою" мен ұжымдастыру саясатын жүргізіп, орталық биліктің азық-түлік қорын жасақтау жоспарын асыра орындап, тұрғындардың қолындағы малды мемлекетке алуды (кәмпеске) іске асырған.

Мұражайға жасөспірімді ертіп келген әйел фотокөрмедегі ашаршылық азабын шеккен қазақтар бейнеленген деректі суреттерді көріп тұр. Мұражай қызметкерлерінің сөзінше, 1920-1930 жылдары фотограф Дмитрий Багаев көшеде жолықтырған адамдардың өмірінің тауқыметі мен бейнет шеккен сәттерін суретке түсіріп алып отырған.

"Ашаршылық ауыртпалығы" фотосуреті. Мұражайда осы тақырыпқа фотограф Дмитрий Багаевтың Павлодар аймағындағы Ертіс өзені бойында түсірген жеті деректі фотосурет қойылған. Алайда мұражай қызметкерлері фотокөрмені "Объективте: Қазақстандағы ашаршылық" деп атауды ұйғарған. Себебі, ашаршылық жылдары мұндай жағдай Қазақстанның барлық аймағында болған дейді олар.

- Мына суретте қаладан қуған соң кетуге мәжбүр болған қазақтардың кейін қайта оралғаны, бірақ қалада ешнәрсе өзгермегені көрсетілген. Жол-жөнекей жалғыз атын сойып жеген соң олар өздері арбаға жегіліп, сүйреген, - деп әңгімелейді Долинка кентіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының қызметкері Әйгерім Тоқтарова.

Көрмеге Қазақстандағы ашаршылық тақырыбына арналған 40-тан астам репродукция қойылған. Оларда аштыққа ұшырап босыған халық, қазақ даласындағы ұжымдастыру науаны бейнеленген. Бұл суреттердің түпнұсқалары Павлодар қаласындағы Багаевтың мұражай-үйінде және Алматы қаласындағы фото- және кинодеректер мұрағатында сақталған.

Бұл фотосуреттер Карлаг мұражайына (Карлаг – Қарағанды еңбекпен түзеу лагері – СССР тұсында, 1930-1959 жылдары ГУЛАГ жүйесінде құрылған ірі түзеу мекемелерінің бірі) кездейсоқ түскен.

- Биыл Долинка мұражайымен байланысқа шыққан Багаев мұражайының қызметкерлері осындай көрме өткізуді ұсынды. Біз, әрине, келістік, сосын олар бізге бірнеше фотосурет жіберді. Біз осыған дейін өзіміз пайдаланған суреттерді бірден таныдық. Ол суреттердің кейбірі "интернетті кезіп жүр", бірақ оларда көрсетілмегендіктен авторы кім екенін білмейтінбіз, Алайда киімі мен тұрмысына қарап, бұлар біздің жергілікті қазақтар деп шамалайтынбыз, - дейді Азаттық тілшісіне Саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының өкілі Әйгерім Тоқтарова.

Ашаршылық жылдары сүзек індеті тараған. Жоғарғы қатардағы ортадағы суретте басынан аяғына дейін тұмшаланған әйелдің сүзекке шалдыққан ер адамды арбаға салып сүйреп бара жатқан сәті бейнеленген.

Қазақстандық ғалым Манаш Қозыбаев пен демограф Мақаш Тәтімовтің мәліметтері бойынша, 1931-1933 жылдары Қазақстанда аштықтан 1,75 миллион адам қырылған. Миллионнан астам қазақ атамекенін тастап Ресей федерациясының Қазақстанмен шектесетін аймақтарына, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Түркіменстан мен Өзбекстанға, сонымен бірге СССР-ден тыс жерге – Қытай, Моңғолия, Иран мен Ауғанстанға босып кеткен.

Мұражай қызметкерлері көптеген деректі суреттердің қалай шығарылғанына таңданыс білдіреді. Дмитрий Багаевтың өз фотостудиясы болғаны кейіннен анықталып отыр.

- Маған әрбір сурет әсер етті. Мұндай суреттердің ешбірі жасанды емес. Фотоларды шыны негативке түсірген. Бір қарағанда картина тәрізді, ал анығында бұл – шынайы фотосурет, - дейді Азаттық тілшісіне экскурсовод Иван Кондрашов.

Мұражайдағы көрмеге қойылған деректі фотосуреттермен танысуға Новодолинка әскери бөлімшесінің бір топ қызметкері келді. Мына жерде олар ұжымдастыру кезінде түсірілген фотосуретті көріп тұр. Онда жергілікті тұрғындар алдында сөйлеп тұрған үгітшілер бейнеленген.

Мұражайдағы көрмеге мектеп оқушылары тобында келген жасөспірім деректі фотосуреттерді қарап, сипаттамасын оқып тұр.

Мұражай қабырғасына ілінген совет диктаторы Иосиф Сталиннің фотопортретіне тікенек сыммен оралған күзетші мұнарасы әдейі тақап қойылған. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, бұл суретке қай бұрыштан қарасаңыз да "Сталиннің кірпік қақпай сізді қадағалап тұрғанын байқайсыз".

Долинка кентіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы бұрынғы Карлаг түрмесі басқармасының ғимаратында орналасқан.

Қарағанды облысындағы Долинка кентінде орналасқан Саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайында алғаш рет "Объективте: Қазақстандағы ашаршылық" атты фотокөрме ашылды. Оған қойылған суреттерде өткен ғасырда қазақ жерінде болған ашаршылық кезіндегі адамдар бейнеленген. Мұражай қызметкерлері фотокөрмені ерекше шараға жатқызады. Мұнда қойылған деректі суреттерді павлодарлық фотограф әрі өлкетанушы Дмитрий Багаев түсірген.