"Көкталда ештеңе өзгерген жоқ". Бес қыздың қазасынан кейінгі тірлік

Бес баланы мерт қылған өрттен қалған уақытша баспананың орны. Көктал-1 ықшамауданы, Нұр-Сұлтан, 10 қазан 2019 жыл.

Азаттық тілшісі биыл қыста Ситер отбасының кәмелетке толмаған бес қызы өрттен қаза тапқан астаналық Көктал-1 ықшамауданының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Қайғылы оқиғаның соңы елде көп балалы аналар наразылығына ұласып, билік бірқатар жеңілдік жасауға мәжбүр болған еді.

"БҰРЫНҒЫДАЙ ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫЗ"

Әйтімовтердің үйі Көкталдың Шыңғыстау көшесіндегі басқа үйлермен салыстырғанда әлдеқайда қарапайым көрінеді. Ауланың түкпірінде орналасқан толықтай жанып кеткен жер үйден қара күйе шалған есік қана қалған. Өрт болғанын көрші орналасқан, қазір иесіз қалғанға ұқсайтын ғимараттың қабырғасындағы күйе ғана еске салады.

Әйтімовтер отбасы тұратын үй. Көктал-1, Нұр-Сұлтан, 10 қазан 2019 жыл.

Ақпанның 4-іне қараған түні болған өртте қаза тапқан бес қыздың үлкені - 12 жаста болған, кенжесі - бір жасқа да толмаған. Сол күні ата-анасы түнгі ауысымға жұмысқа кетіп, қыздар үйде жалғыз қалған. Бес баланың қазасы бүкіл елді дүр сілкіндірді. Қазақстанның бірнеше қаласында көп балалы аналар наразылыққа шығып, үкіметтен жағдайы төмен отбасыларға әлеуметтік қолдауды күшейтуді – жәрдемақыны көбейтіп, жеңілдіктер енгізуді, тұрғын үй мәселесін шешуді талап етті. Билік аналар наразылығын ескеріп, аз қамтылған отбасыларға мекенжайы бойынша берілетін атаулы әлеуметтік көмек көлемін өсірді, жаңа тұрғын үй бағдарламасын бастады, мыңдаған қарыз алушының тұтыну несиесін кешірді.

Әйтімовтердің ауласындағы өртенген жер үйдің орнын тазалағаны байқалады. Үй қақпасы айқара ашық тұр. Кіреберістегі шынжырға байланған ит арсылдай үрді.

Иттің даусын естіп сыртқа шыққан орта жастағы әйел өзін Гүлдем Әйтімова – өртте қаза тапқан қыздардың анасы Жанымгүл Ситердің туысымын деп таныстырды. Азаттық тілшісі келген себебін түсіндірген соң, ол:

- Қазір бірдеңе айтқаннан не пайда? Қаншама адам келді, уәде берді, бізде енді үміт қалмады, - деді әңгімелесуге құлықсыздық танытып.

Балалардың қазасынан соң үйдің құжаттарын рәсімдеп, жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмектесеміз деп уәдені үйіп-төкті. Құжат бойынша үй әлі күнге марқұм анамыздың атында. Құжаттардың көшірмесін алып кеткен, содан бері хабар жоқ.


Гүлдем қайғылы оқиғадан кейін өмірінде елеулі өзгеріс болмағанын айтты.

- Ер азаматтар жұмыс істеп жүр, мен үйде отырмын. Жанымгүл мен Евгенийге (қаза тапқан қыздардың әкесі) мешіт пәтер сатып әперген. Екеуі де жұмыс істейді. Арасында бізге келіп тұрады. Балалардың қазасынан соң бізге үйдің құжаттарын рәсімдеп, жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмектесеміз деп уәдені үйіп-төкті. Құжат бойынша үй әлі күнге марқұм анамыздың атында. Құжаттардың көшірмесін алып кеткен, содан бері хабар жоқ. Қазір біз үшін үйдің құжатын реттеу өте маңызды. Қалған мәселені өзіміз бірдеңе қып шешеміз. Дүйсенбіден бастап құжаттарды реттеуге кірісеміз. Қысқасы, бұрынғыдай өмір сүріп жатырмыз. Ештеңе өзгерген жоқ, - дейді басқа айтары жоғын білдірген Гүлдем.

Елдімекендегі үйлердің бірінің ауласындағы әжетхана. Көктал-1, Нұр-Сұлтан, 10 қазан 2019 жыл.

- Жолды да жартылай жөндеді. Көшенің бір бөлігіне ғана жарық орнатты. Бар болғаны - сол. Үлкен бір өзгеріс көрген жоқпыз, - деген Әйтімовтердің көршісі Светлана Анисимова шаруасы көбін айтып, кетуге асықты.

Әйтімовтердің үйінен бір үй кейін тұрған, полистирол жылытқышымен қапталған жер үйдің сырты толық сыланбаған. Қақпаға: "Бөлмені жалға беремін. 35 000 теңге. Душ" деген хабарландыру ілінген. Аулада бір әйел кір жайып жүр.

Шыңғыстау көшесіндегі уақытша баспаналардың бірі. Көктал-1. Нұр-Сұлтан, 10 қазан 2019 жыл.

- Сәлеметсіз бе, бұл сіздің үйіңіз бе?

- Қайдағы?! Жалдап тұрамыз. Ойбу, қазанда етім күйіп жатыр, - деген әйел үйіне қарай жүгірді.

Көктал-1 ықшамауданындағы үйдің сыртындағы хабарландыру. Нұр-Сұлтан, 10 қазан 2019 жыл.

Бақыт - үш баланың анасы. Үлкені - 12-де, кенжесі - бес жаста. Айтуынша, отбасымен бірге үй иесінен бір бөлмені алты жылдан бері жалға алып келеді. Күйеуі және балаларымен бірге бес адам боп тұратын бір бөлме үшін ай сайын хабарландыруда көрсетілген сомада ақша төлейді (шамамен 90 АҚШ доллар). Одан бөлек, су, жарық, жылу, кәріз тазалау қызметі сияқты коммуналдық төлем шығындары және бар. Бақыт жалдайтын бөлме орналасқан үй - жатақхана. Әр бөлмеде бір отбасы тұрады. Душ пен ас үй - ортақ. Бақыт - балабақшада тәрбиеші, күйеуі - бір мекемеде жүргізуші болып жұмыс істейді.

- Жергілікті биліктен жәрдемақы мен әлеуметтік көмек сұрап көрдіңіз бе?

- Жоқ. Әлеуметтік көмек алушылар санатына кірмейміз: аз қамтылған отбасына жатпаймыз. Үй иелеріне осында тұруға рұқсат бергеніне рақмет.

Көктал-1 ықшамауданындағы орталық көшелердің бірі. Нұр-Сұлтан, 10 қазан 2019 жыл.

- Жеке үй алуға қатысты қандай жоспарыңыз бар? Балалар өсіп келе жатыр дегендей...

- Иә, оны өзіміз де түсініп отырмыз. Бірақ ақша жинауға шамамыз жетпейді. Бар тапқанымыз тамақ пен балалардың киімінен аспайды. Жақында несиеге көлік алдық. Екі жылда несиеден құтыламыз деп үміттенемін. Сосын тағы бір несие аламыз. Қазақтар сол ғой. Жер телімі бар. Сол жерге үй салсақ деп армандаймыз, - дейді Бақыт.

Ол "күйеуім ренжиді" деп толық аты-жөнін айтудан және суретке түсуден бас тартты.

Көктал-1 ықшамауданындағы су колонкасы. Нұр-Сұлтан, 10 қазан 2019 жыл.

Азаттық тілшісі басқа тұрғындар "әңгімелесуге келісер" деген ниетпен тағы бір бөлменің есігін қақты.

- Альбина, шық, мына кісімен сөйлес, - бізге пікір бергісі келмеген жас әйел бөлмеде бірге тұратын басқа адамды шақырды.

- Айтатын несі бар, әйтеуір, тұрып жатырмыз, - дейді қолына үш жасар қызын көтерген Альбина есімді жас келіншек.

- Осында болған қайғылы жағдайдан кейін әкімдіктен біреу келді ме? "Мұнда қалай өмір сүріп жатырсыздар?" деп сұраған шығар? Мүмкін, көмек ұсынған болар? Сіздер тұрып жатқан ықшамауданда бір өзгеріс бар ма? - деп Альбинаны әңгімеге тарттық.

- Қыздарды жерледі, болды. Қандай өзгеріс болуы мүмкін? Ешқандай өзгеріс болмайды. Өзіңіз де білесіз ғой, - дейді ол.

- Мысалы, көп балалы аналардың жәрдемақысы өсті.

- Екі кішкентай балам бар. Әзірге жұмыс істей алмаймын. Мекенжай бойынша әлеуметтік көмек сұрадым. "Тұрғылықты мекенжай мен тағы бір құжаттар керек" деді. Бізде тұрғылықты мекенжай қайдан болсын? Бүгін мұнда, ертең басқа жерде тұрамыз. Мен бір жерге, күйеуім мен балам басқа жерге тіркелген. Бір балам мүлде тіркеуде жоқ. Бізді кім үйіне тіркейді? Маған ондай шарттар керек емес. Оның үстіне ешқандай санатқа жатпаймыз. Одан да өз алдымызға осылай өмір сүргеніміз жақсы, - деген Альбина жалдап тұрып жатқан пәтерінің есігін жапты.

"БӘРІ ӨРКЕНИЕТТІ БОЛСА ДЕЙМІЗ"

Көктал-1 ықшамауданының қарт тұрғыны Биқан Мақанова.

90 жастағы Биқан Мақанова - Шыңғыстау көшесіндегі ең жасы үлкен тұрғын. Ол өрттен бүлінген Ситерлердің үйіне қарсы беттегі үйде тұрады. Биқан әжейдің көзі нашар көреді, құлағы да жақсы естімейді. Жүннен тоқылған жемпірінің кеудесінде үш медаль бар: Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің мерейтойына орай тағылған екі медаль және көп балалы аналарға берілетін бір күміс медаль. Кейуана жеті баланы тәрбиелеп өсірген. Құлағының түбінен қаттырақ сөйлеуді сұраған ол мемлекеттің көңіл бөлмей отырғанына наразылық білдірді.

- Мемлекет маған мүлде көмектеспейді. Марқұм күйеуім ардагер болатын. Өмір бойы темір жолда жұмыс істедік. 77 мың теңге зейнетақыдан басқа ештеңе алмаймын. Совет одағы тұсында берілген осы үйде әлі күнге балам, келінім және немереммен бірге тұрамын, - дейді Биқан Мақанова.

- Бұрын бірнеше рет көшемізге асфальт төсеу мәселесін көтердім. Маған "2018 жылы асфальт жол салынады" деді. Бірақ жолды биыл бес қыздың қазасынан кейін ғана қолға алды. Оның өзінде көшенің бас жағына ғана құр асфальт төсеп кетті, тіпті тегістеген де жоқ. Өзім көлік жүргіземін, сондықтан жолдың жайын жақсы білемін. Сапалы болғанын қалаймыз, - дейді әңгімеге араласқан Биқан әженің келіні Айнагүл Белгібаева.

90 жастағы Биқан Мақанова.

Айнагүл астаналық мектептердің бірінде мұғалім болып істейді.

- Сол қайғылы оқиғадан кейін сәл қозғала бастады, онда да бастаған істерін аяқтаған жоқ. Көшені жарықтандыруды, жол жөндеу жұмыстарын аяқтап, орталық кәріз жүйесіне қосуы керек. Біздің аудан Нұр-Сұлтан қаласына кіретін болса, қаладағыдай бәрі өркениетті болса дейміз, - дейді ол.

Айнагүлдің сөзінше, Көкталда балаларға арналған дамыту орталықтары, спорттық-музыкалық мекемелер, балабақша, банкомат пен терминал тапшы.

- Көкталда өте қарапайым халық тұрады. Негізінен зорға күнелтіп жүргендер шоғырланған. Жағдайы жақсы адамдар аз. Бәрінің несиесі бар. Өлместің күнін кешіп жүрміз, - дейді ол.

Мектепке бара жатқан балалар. Көктал-1 ықшамауданы. Нұр-Сұлтан, 10 қазан 2019 жыл.

Ситер отбасы қайғылы жағдайдан кейін Көктал-1 ықшамауданынан көшіп кеткен. Қазір олар «Агроқалашық» деп аталатын ықшамауданда тұрады. Ол қалаға басқа өңірден келген қонақтарды архитектурасымен таңдай қақтыратын тұрғын үйлерге жақын орналасқан. Ситер отбасы жергілікті мешіт берген бес қабатты тұрғын үй кешеніндегі пәтерде тұрып жатыр.

Қаза тапқан қыздардың ата-анасымен сөйлесу мүмкін болмады.

- Әкімдік сұхбат беруге тыйым салды. Бір жыл өтпей сұхбат беруге болмайды ғой деймін. Осында тұрып жатырмыз. Евгений жұмыста. Бізде бәрі жақсы, - деді Азаттық тілшісіне есік ашқан Жанымгүл Ситер.

КӨМІРМЕН ЖЫЛИТЫН АСТАНА

Сарыарқа аудандық әкімдігінің дерегінше, қазір Көктал-1 ықшамауданында 48 көппәтерлі және төрт мыңнан астам жекеменшік үйде 18 мың адам тұрады.

Азаттықтың ықшамауданда жүргізілген жұмыстар туралы сұраған хатына жауап ретінде әкімдіктің баспасөз қызметі көшелердің есебін жіберді.

Велосипед мінген адам. Шыңғыстау көшесі, Көктал-1 ықшамауданы, Нұр-Сұлтан, 10 қазан 2019 жыл.

Есепте Шыңғыстау көшесі мен тағы үш көшеге "инертті материал төселгені" жазылған.

Жергілікті биліктің айтуынша, "полиция жалға берілген жер үйлерді есепке алып, уақытша мекенжай анықтамасы бар адамдарды тіркеп отырады". Баспасөз қызметі жер үйде тұратын қанша адам есепке алынғанын айтпады.

Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы жылыту маусымының басталуына байланысты қызметкерлер жеке сектордағы үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін хабарлады. Ситер отбасындағы бес қыздың өмірін қиған қайғылы оқиғадан кейін төтенше жағдайлар қызметі өрт себебін пештегі ақаудан көріп, "мұржа жасау кезінде өрт қауіпсіздігі ережесі бұзылған" деп мәлімдеген. 22 жыл бұрын ел астанасы атанған қалада тұрғындар әлі күнге көмір жағады.

Көктал-1 ықшамауданындағы автобус аялдамасы. Нұр-Сұлтан, 10 қазан 2019 жыл.

Өткен аптада ел билігі Нұр-Cұлтан қаласына магистральді газ құбыры жеткенін, ендігі кезекте газ тарату желісін салу керегін айтқан. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі газ бірінші кезекте қалалық жылу электр станциялары, Көктал мен тағы бірнеше ықшамауданға, одан соң басқа аудандарға берілетінін мәлімдеді. Бұл жоспар келесі жылыту маусымында жүзеге асуы мүмкін.

Әзірге Көктал тұрғындары қысқа отын қамдап жатыр. Жағдайы барлар көмірді тонналап түсіруге тапсырыс беріп қойған. Бірақ тұрғындардың көбі көмірді қаппен сатып алады.