"Фермерді тыныштандыратын төтенше шара". Киік санын жануарды өлтірмей реттеуге бола ма?

Ен далада жайылып жүрген киік.

Қазақстанда қасқыр, шибөрі, қарғамен қатар санын реттеуді қажет ететін аң-құс тізіміне киік те енді. Оған ақбөкендердің тым көбейіп кетуі мен олар егістікті құртып жатыр деген фермерлердің шағымы себеп болған. Жалпы, киік санын реттеу керек пе? Не үшін? Осы және өзге де сұрақтарды Қазақстанның биоалуандығын сақтау қауымдастығының (ҚБСҚ) ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренкоға қойдық.

Қазақстанда кейінгі жылдары киік саны 1,9 млн басқа дейін көбейіп кеткен. Ең көп киік – Орал популяциясы – 1,1 миллионнан астам. Саны жағынан екінші орында – Бетпақдала киігі – 745 мың бас, ең азы – Үстірт популяциясы – шамамен 40 мың бас.

"МҮЙІЗ ЖИНАУ МЕХАНИЗМІН ІСКЕ ҚОСУ КЕРЕК"

– Саны реттеуді қажет ететін жануарлар қатарына киікті қосу туралы шешім қаншалықты тиімді?

– Қазір киік екі тізімде тұр. Біріншісі түр ретінде ауланатын жануарлар тізімі болса, екіншісі – санын реттеуді қажет ететін хайуанаттар тізімі. Санын реттеуді қажет ететін жануарлар тізіміне киікті қосу, меніңше, әзірге техникалық шешім. Өйткені Экология министрлігінде түрді пайдалану мәселесін бір ұйымның қолына шоғырландырудың басқа нормативтік әдісі әзірше жоқ.

Сергей Скляренко – Қазақстанның биоалуандығын сақтау қауымдастығының ғылым жөніндегі директоры.

Киіктің басқа түрлерден айырмасы неде? Қытайда тұрақты сұранысқа ие мүйізінде. Мүйізі болмаса, киік кәдімгі елік, таутеке, қабан сияқты аулауға рұқсат етілген түз жануарының бір түрі болып қалар еді. Бірақ мүйіз – қып-қызыл ақша және аз ақша да емес.

Сондықтан оларды қолданыстағы қарапайым тетіктермен, мәселен, аулауға болатын хайуанаттар үшін, басқа да тұяқтылар үшін қолданылатын әдістермен аулауға рұқсат етсе, жер жүзінде киік қалдырмас еді. Ал оларға арнайы бақылау механизмі керек, бірақ бізде әзірге ештеңе дайын емес.

– "Арнайы бақылау механизмі" деген не?

– Мәселен, америкалықтарда қалай? Олжаға арналған лицензиямен бірге берілетін бір реттік арнайы таңбалар шығарылады. Бір реттік таңбаны екінші рет қолданбау үшін дереу жануарға жабыстырады. Яғни, кесіп алуға болады, бірақ екінші рет жабыстырылмайды.

Киікке келгенде, оған қоса мүйіз жинау механизмін де жасау керек. Мүйізді тек қана бір орталықтан кәдеге жарату қажет, әйтпесе оны ешкім аңдып отыра алмайды.

Шетел азаматы Қазақстаннан заңсыз шығармақ болғанда тәркіленген киік мүйізі.

Әрбір мүйізге арнайы таңба салынуға немесе қандай да бір жолмен қапталуға тиіс. Сонда заңды жолмен алынған мүйіз бен заңсыз жолмен алынған мүйізді оңай ажыратуға болады. Оның бәрі мәліметтер базасы арқылы бақыланса, кеденшілерге, полицейлерге сол базаны пайдалануға рұқсат берілсе, шекарадан өтетін кез келген мүйізді тексере алар еді. Қандай рұқсатпен, қай жерден ауланған киіктің мүйізі екенін анықтайды.

Міне, осындай техникалық жағы әлі реттелмеген. Нормативтік күші бар, министрлік немесе үкімет деңгейіндегі тиісті құрылымдар бекіткен арнайы құжаттар болуы керек. Содан кейін ғана жүйені толық іске қосуға болады. Ал қазір тек фермерлерді тыныштандыру үшін ғана төтенше шаралар қабылданып жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бәрін жеп, тып-типыл қылды". Киіктен зиян шеккен шаруалар өтемақы сұрайды

"ҚАЗАҚСТАНДА МАЛ БАСЫ СОВЕТ КЕЗІНДЕГІДЕН АЗ"

– Қазір киік көп деп есептейсіз бе?

– Көп, бірақ айтарлықтай емес. Мәселен, Үстірт популяциясы әлі де аз, жалпы ықтимал көрсеткіштен он есе төмен. Бетпақдала түрінің саны едәуір болғанымен, керемет көп демес едім. Ал Орал популяциясының саны шынымен көп, бірақ шамадан тыс көп емес.

Бұл жерде шамадан тыс көп деген не? Жалпы, киік саны қанша болуы керек екенін ешкім білмейді. Ол үшін популяцияны басқаруға арналған арнайы шаралар қабылдау керек. Ал популяцияны басқару дегеніміз – күзет, фермерлермен жұмыс, яғни адам мен киік бір-біріне кедергі жасамай өмір сүретіндей жағдай тудыру.

Әзірге мемлекет киік пен адам бір-біріне кедергі келтірмеуі үшін ақбөкен санын азайту керек деп қана ойлап отыр. Одан басқа да жолдарын іздеу керек қой.

– Мысалы, қандай?

– Жалпы алғанда – күзет, мониторинг, жергілікті халықпен, фермерлермен, ақбөкенді күзетуге және пайдалануға мүдделі барлық тараппен, соның ішінде аңшы бірлестіктерімен міндетті өзара іс-қимыл жасау. Киіктің мекен ауыстыруына жағдай жасау, оларды пайдалануды, бәлкім мүйізін сатуды міндетті бақылау жүйесімен реттеу. Осының бәрі кешенді түрде жүзеге асса ғана жұмыс жүреді.

Суға келген киік.

– Биыл жазда фермерлер "киік көп" деп шағымданатын аймақтарға барып қайттым. Ол жақта наразы адамдар көп екен. Оның үстіне, жұрт киіктің табиғи жауы – қасқыр мүлде жоқ деп отыр.

– Иә, Батыс Қазақстан өңірінде қасқырды қырып тастады.

– Демек, табиғат өзін-өзі реттемейтін болғаны ма?

– Реттейді, бірақ қасқыр көп киік жей алмайды. Ақбөкен көбейсе, қасқыр оның аз ғана бөлігін аулауы мүмкін. Сондықтан оны реттеу мүмкін емес. Бұл жерде мәселе басқада: киік тым көбейіп кетсе оны [етін] пайдалануға болады. Бір кездері дала қазағының бәрі киіктің етін жейтін. Жергілікті халық та, геологтар да. Оған қоса заң жүзінде аулайтын. Сонда да бәріне жететін. Мұның бәрі киік мүйізіне бола жаппай браконьерлік басталғанға дейін болған жағдай.

Киікті заң аясында пайдалансын, бірақ оның санын азайту туралы әңгіме болмауы керек. Біз жануарлардың белгілі-бір бөлігін санын тым азайтып жібермей, саналы түрде пайдаланып, одан мейлінше пайдаға кенелуіміз керек.

Қазақстан қанша киікті асырай алады? Бес миллион ба? Бәрі де мүмкін. Қазақстанда қазір мал басы совет тұсында ең көп болған кездегімен салыстырғанда әлі де аз. Ал мал сол киік жейтін шөппен қоректенеді. Тек киік мал жемейтін шөптерді де жейді, сондықтан олардың көп болуы заңды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Киікке қасқырдан гөрі адам қауіптірек"

"АҚШАНЫ КИІКТІ ҚҰРТУҒА ЖҰМСАУ – ЕҢ ОҢАЙ ЖОЛ"

– Фермерлердің шағымы киік саны көбейіп, тіршілік ету аясы тарылып кеткенімен байланысты ма?

– Батыс Қазақстан өңірінде киік дәл қазіргідей көп болмағаны шындық. Бірақ олар көшіп-қонған кезде түрлі кедергіге тап болады, ол да әсер етеді. Алайда мемлекет фермерлерге "киік санын азайтамыз" деп уәде бермей, басқа бір амалын табуға тиіс. Ақшаны киікті құртуға жұмсау – ең оңай жол.

Оның үстіне, белгілі бір ауқымдағы жерге зақым келді деген нақты мәлімет жоқ. Киік қыруар ақшаның егінін жеп кетті деп айтып жатады. Бірақ ондай ақша расталмаған әрі ешкім бірде-бір рет дұрыс есеп берген емес. Олар "бір киік шартты түрде бәленше грамм шөп жесе, оны әр бастың санына көбейтеміз, содан соң пішенді санаймыз, оһо, мынау деген сұмдық көрсеткіш қой!" дейді. Бірақ ол қате, ешкім бұлай есептемейді. Ақбөкен қай кезде де сол шөпті жейді, бірақ олар оны малдың аузынан тартып алған жоқ қой.

– Сонда ақбөкенді аулауға, етін сатуға немесе одан консерві жасауға болады деп есептейсіз бе? Мұны қалай реттейміз?

– Әрине, өндірістік мақсатта аулауға болады. Өйткені киіктің басқа аулауға болатын хайуанат түрлерінен ешқандай айырмасы жоқ. Қазір ақбөкен саны Қазақстандағы барлық басқа тұяқтылардан көп. Тіпті бірнеше есеге.

Киік аулауға болатын хайуанат түрі, бірақ өте бірегей жануар. Біріншіден, ол мекен ауыстырады, бұл мәселе оларды күзетуді қиындатады. Екіншіден, бағалы мүйізі бар. Үшіншіден, киік – жаппай қырылып қалуға бейім, яғни бұл қауіпсіздік мақсатында олардың саны көп болуын үнемі қамтамасыз етіп отыруға тиіспіз деген сөз.

Жаппай қырылғанның өзінде киіктің 80 пайызы өліп, 20 пайызы аман қалса, бес жылда олар қайтадан қалпына келіп алады. Сондықтан олардың көп болғаны түз жануарының түрі ретінде құрып кетпеуіне де, адам қажетіне жарату үшін де тиімді.

Киік саны азайып кетсе, жағдайды бақылай алмай қаламыз. Өйткені кез келген сәтте жаппай ауруға шалдығып, тағы да қырылып қалуы мүмкін.

Киіктің жаралы лағы.

ҚБСҚ киік басын "реттеу" мәселесін бақылай ма?

– Біз олардың мониторингіне, жиындарға қатысып жүрміз. Халықаралық ұйымдармен үнемі байланыстамыз. Нормативтік құжаттарды талқылауға қатысамыз, киікті, олардың көшіп-қонуын зерттейміз.

Оның қалай жүріп жатқанын көріп отыру – өте маңызды, бірақ мұндай іске асығыстық жараспайды. Алдымен бәрін әзірлеп, жұмысты ақырын бастау қажет. Мен, мәселен, бақылау механизмін, аулау механизмін пысықтау үшін 200 мың бастан емес, 20 мыңнан бастар едім. Соңғы рет киікті жаппай аулау 30 жыл бұрын жүргізіліпті. Яғни, тәжірибе ұмыт болған, себебі онымен айналысқан адамдардан ешкім жоқ. Оның қалай болғанын есіне түсіріп қана қоймай, өткеннен алған тәжірибесін жаңа процесті ұйымдастыруға қолдана алатын адам өте аз.

Ол оңай шаруа емес. Киікті бір жерге қуып әкеліп, атып тастаудан ғана тұрмайды. Жүздеген адам қатысатын күрделі, реттеуді қажет ететін механизм. Оның үстіне, ә дегеннен бәрі ойдағыдай болады деу қате. Жоспар орындалмай қалса, киікті тұрақты пайдалану идеясына нұсқан келтіруі мүмкін. Тіпті популяцияны бұзып алуы мүмкін. Ол да жақсы нәрсе емес.

Совет заманында да бақылау механизмі болған жоқ. Бірақ ол кезде киіктің мүйізіне ешкім қызықпайтын. Оның үстіне, әуесқой киік аулаушыларға тыйым салынды. Киік тек өндірістік мақсатта ауланатын. Әуесқой аңшыларға 1970 жылы, бір жылға ғана рұқсат етті. Содан кейін киік саны екі есе азайып кетті. Одан соң дереу тыйым салды. Өйткені олар үлкен аумақтарда киік аулай бастады, инспекциялық жасақтар аңшыларды қолға түсіруге тырысқанымен, одан ештеңе шықпады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Жайылым жерді киік атып құтқару мүмкін емес". Үкімет шешімі асығыс қабылданды ма?"Салығын біз төлейміз, шөбін киік жейді". Батыс Қазақстанда киік көбейді, бұған не себеп?Киік тағдыры: жол ма, жазық па?